Аудан орталығында той-жиын өткізетін 4 мейрамхана бар. Ертіс ауылының тұрғыны Альмира Егімбаева «Нұр» мейрамханасын жалға алып, аудан тұрғындарының қуанышын бірге бөлісуде.
Альмира Қанақайқызы екі жоғары білімді меңгерген. 12 жыл көлемінде балабақшада тәрбиеші болып еңбек еткен. Қолы босаған уақытта ауыл тұрғындарының тапсырысын орындап, бауырсақ, тоқаш, шелпек сынды қажетті тағамдарды ұсынған.
— Бала тәрбиесімен айналыссам да ас үйде жүргенді жаным сүйеді. Түрлі тағам әзірлегенді ұнатамын. Тұтынушыларымнан тапсырыс күнде түседі. Сөйтіп өткен жылы аспаздық кәсіпті қолға алдым. Ауылдағы «Нұр» мейрамханасын жалға алып, халықтың қызық-қуанышын жоғары деңгейде өткізуге атсалысып келемін. Жұмысқа адамдар қабылдадым. Өзім бас аспазбын. Қызым мейрамхананың әкімшілігін басқарады. 14 жастағы ұлым да сабақтан босаған уақытта көмектеседі. Қазіргі уақытта мейрамханада екі аспаз, 2 ыдыс жуушы, бір еден жуушы және 6 даяшы еңбек етеді, — дейді ол.
Альмира Егімбаева мейрамханада әзірленетін барлық тағам түрін жасай алады. Қазір аспаздық саласында шеберлік сағаттарына қатысып, қабілетін одан әрі шыңдауда. Бастысы, оның қолынан дайындалған астың дәмі тіл үйіреді.
— Қазақ — тойшыл халық екенін білесіздер. Аптасына кем дегенде 2-3 тапсырыс қабылдаймыз. Жаз айында күн сайын өткізген кездер болды. Қызметкерлеріммен бәріне үлгереміз. Той жасауға келген адамдар ас мәзірінен ұнатқан тамағын таңдай алады. Жанымдағы аспаз екеуіміз кез келген асты жылдам әрі дәмді етіп ұсына аламыз, — дейді А.Егімбаева.
Альмира Қанақайқызы педагог мамандығын меңгерсе де, жүрек қалауынан алыстай алмағанын айтады. Бірақ бала тәрбиесімен айналысқанына да еш өкінбейтінін жеткізді.
— Мұғалім — қастерлі мамандық екенін білеміз. Кез келген саланың өз қиындығы бар. Тәрбиешіден аспаздыққа ауысқаныма еш өкінбеймін. Керісінше, қуанамын. Күнделікті тіршілікте ас әзірлеушіні маман ретінде танығанмен, оның қоғамдағы орны мен еңбегі көбіне назардан тыс қалып жатады. Биыл жұмысшы мамандарға ерекше көңіл бөлініп жатқанына қуанамын. Бұл санатқа аспаздар да кіреді. Біле білгенге ас пісіру — өнер. Аспаз – тек тамақ дайындайтын адам емес. Аспаз суретші іспетті, тағамдардан небір туындылар жасайды. Қарамағымдағы қызметкерлерді де осы салаға баулудамын. Бастысы, жұртшылықтың көңілінен шығып жүргенімізге қуанамын. Еңбегің үшін алғыс арқалаудың өзі — бақыт, – дейді ол.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
Ертіс ауданы.
