Нан иісі сіңген мамандық

Қаз 30, 2025

Дастарханымыздың сәнін келтіріп тұратын тәтті күлше пісірумен табыс табатындар қаншама. Күнделікті өмірде жұмысы көп біліне бермейтін тынымсыз еңбек батырларының тіршілігімен танысуды мақсат еттік. Сонымен…

Қаламызда бірнеше жоғары сапалы өнімдер шығаратын наубайханалар бар. Солардың бірі — көпшіліктің сұранысына ие болған «Инмарт» наубайханасы. Кейіпкеріміз Гүлжан Мәжитова бұл жерде 7 жыл бойы еңбек етіп келеді.

— Наубайханада жұмыс істеп келе жатқаныма 18 жылдай уақыт болды. Негізгі мамандығым медицина саласы еді. Алайда, маған қамырмен жұмыс істеу, сол арқылы дәмді бөлкелер даярлау қаттырақ ұнады. Сол үшін арнайы курс оқыдым. Бастапқыда наубайханашы болып жұмысқа тұрдым. Қазіргі таңда осы жерде технолог болып жұмыс істеймін. Басты міндетім —
нан өнімдерін өндіру кезеңін бақылауда ұстау. Ұнды қандай мөлшерде салу керек, оны пісіру температурасы, сақтау шарттарын белгілеу — менің міндетім, — деді ол.

Біреу білсе, біреу білмес, «Инмарт» наубайханаларында дәмді, әртүрлі нан өнімдері әзірленеді. Қазіргі таңда әлеуметтік бағадағы бөлкелерді де осы жерден таба аласыздар.

— Біз супермаркетте орналасқандықтан, бұл жерге адамдар өте көп келеді. Тұтынушылардың көбі жаңа піскен нанды тез сатып алады. Ал біз сағат 11.00-ге дейін барлық күлшелерді сатылымға қоюымыз керек. Ең бірінші әлеуметтік бөлкелер дайындалады. Мұндайда наубайханашыдан бірінші жылдамдық талап етіледі. Алайда, сапаны да ұмытпаған жөн. Нан өнімдерін жасағанда ең бірінші дәміне, сапасына және сыртқы келбетіне мән берген дұрыс, — дейді Гүлжан Сергеевна.

Бұл мамандыққа қызығушылығы бар жандарға Гүлжан ең бастысы қамырды шын ниетімен илеп, оны сүйіспеншілікпен дайындауға кеңес береді.  Әрбір нан — ол бір отбасының басын қосатын берекелі тағам. Сол себепті, кейде
жәй ғана өз ісіңнің маманы болғаның аздық етеді. Осы уақытқа дейін Гүлжан Мәжитова көптеген нәзік жандылармен өз тәжірибесін бөліскен. Айтуынша, екі-үш күннен кейін шәкірттері жақсы нәтижелерге жететін көрінеді.

Таңсәріден тұрып, елдің ризық-несібесін дайындайтын  наубайханашылар — адалдық пен еңбекқорлықтың үлгісі. Нанға құрмет көрсетейік. Оны дайындайтын наубайхана-шылардың еңбегін құрметтейік.

Сара АВДОЛ.