Гүл сатудың сыры бар…

Қар 6, 2025

Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай жыл басынан бері өндіріс орнында, құрылыс алаңында еңбек ететін қызметкерлер жайлы  жиі жазылып, айтылып жүр. Мұндай жұмысшы мамандардың қатарында флорист-дизайнер де бар. Бұл сала биыл сәуірде тізімге қосылған еді.

Алена Харитонованың гүл биз-несімен айналысқанына 10 жылдан асты. Кішкентайынан әдемілікке ерекше назар аударып, түрлі бұйым жасауды ұнататын. Оқушы кезінде болашақ мамандығын еш күмәнсіз таңдап, инженер-эколог саласына бет бұрады. Университет қабырғасында оқып жүрген уақытта өнерден қол үзбей, түрлі шеберлік сабақтарына қатысты. Мамандығы бойынша дипломын алып, кәсіпорынға қызметке орналасты. Бірнеше жыл еңбек етіп, демалыс күндері шаралардағы безендірумен де қатар айналыса бастайды. Бұл бағыттағы жұмысынан ойдағыдай кіріс көрген соң, көңіліне жақын саланы таңдағанды жөн көреді. Бүгінде Аленаның Павлодар қаласы бойынша 3 гүл салоны бар. Жуырда өзгелерден ерекше үшінші салонын – гүл тапсырысымен қатар кофехана бірлескен орынды ашты.

– Адам баласы алдымен мамандық таңдауда қателеспеу керек деп ойлаймын. Себебі, істеген ісіңе махаббатпен қарап, күннен-күнге қызығушылығың артып, әрі қарай жаңа нәрсеге үйреніп, дамытқың келеді. Осыдан бес жыл бұрын шетелдіктердің гүл нарығын зерттеп, өзімізге жаңа безендіруді енгізу керек деп шештім. Бүгінде лотос тәріздес дөңгелек байлам трендке енді. Гүл бизнесі оңай болмағанымен, адамдарға әсемдік пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлау жанды жадыратады, – дейді ол.

Флорист-дизайнер – бұл ерекше гүл композицияларын жасайтын маман. Флорист кез келген дизайнер сияқты стильді сезініп, күнделікті өмірде әдемілікті байқай білуі керек. Осы салаға келген адамның бойында сұлулықты сезіну, шығармашылық, композиция үйлестіре білу сияқты қасиеттер болса, оның флорист болуы керек.

Бүгінгі таңда гүл дизайны үй мен кеңсе интерьерін безендіру, той-думан мен мерекелік шараларды ұйымдастыру, жарнамалық және коммерциялық жобаларда қолданылады. Кәсіби флорист-дизайнер гүлдерді таңдап қана қоймай, олардың түс үйлесімін, символдық мағынасын ескере отырып, композиция құрады.

Қазіргі таңда адамдар сұлулыққа, ерекше эмоцияға және әсемдікке көбірек мән береді. Тапсырыс берушілердің көңіл-күйін көтеріп, мерекелік атмосфера қалыптастыруда да маңызды рөл атқарады.

– Декреттік демалыста бос уақытым көп болғандықтан, шетелдік шеберлік оқытулардан қосымша білім алып, шаралардағы баннерлерді безендірулермен айналыса бастадым. Алғашқы тапсырыс жасаған кезде алаяқтарға тап болып, қомақты қаржыдан айырылдым. Жолдасым қолдап, бастаған істі жалғастырып, мәселенің шешімін таптық. Ал гүл бизнесінде тоңазытқыш бөлмесіндегі жарық пен температура, желдеткішті дұрыс күйге келтіру қажет. Әйтпегенде гүлдер солып, оларды қайта қалпына келтіруге мүмкін болмайды. Кәсіпкерлікті енді бастаған кезде 500 мың көлемінде сатып алған гүлдерді қоқысқа лақтыруға тура келді. Желдеткішті жөндеген маман құрылғының температурасын тым асырып, гүлдеріміз бір түнде мұзға айналған. Сонда да қиындыққа мойымай, сүйікті ісіммен айналысып келемін. Бүгінде гүл салонына қызмет етуге келетін мамандарды 1-1,5 ай уақытында үйретемін. Олардың алатын еңбекақылары да жақсы, – дейді Алена Харитонова.

Флористиканы жән-тәнімен сүйетін маман сатылған гүлдің әрқайсысына дұрыс күтім жасайтын ескертпе салып, 100 шақырым жерге жол жүретін гүл болса, аква боксқа салып, оның солмауына аса жауапкершілікпен қарайтынын айтады. Әсіресе гортензия гүлі осындай күтімді қажет етеді.

Өңіріміздің гүл бизнесіне тренд енгізіп, еңбегі көпшіліктің көңілін баураған флорист-дизайнер – аяулы жар, төрт қыздың анасы. Ол әрі қарай білімін шыңдап, өңірімізге жаңашылдық әкелуді көздеуде. Сондай-ақ, болашақта өзге қалаларда бизнесін дамытуды жоспарлауда.

Салтанат ҒАББАС.