Сақтансаң, сақ боласың!

Қар 6, 2025

Баянауыл аудандық прокуратура, төтенше жағдайлар және полиция бөлімдерінің өкілдері жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыруда.

Бұл жолы мамандар өңірдегі шаруа қожалықтарын аралап, түсіндіру жұмыстарын  жүргізді. Олардың айтуынша, әр шаруашылықта өрт қауіпсіздігі бұрышы жасақталып, тілсіз жауды ауыздықтауға арналған құралдар сақадай сай дайын тұруы қажет. Сонымен қатар, мал қоралары мен тұрғын үйлердің арасы алыстау болуы тиіс. Шөп, сабан, басқа да жанғыш материалдар үй-жайлардан кемінде 15 метр қашықта сақталған жөн. Электр сымдары үнемі тексеріліп, пеш пен мұржаларды жыл сайын тазартып тұру керек.

Шараны ұйымдастырушылар осы айтылған ережелерді қатаң сақтау арқылы ғана өрттің алдын алуға болатынын жеткізді. Сондай-ақ, олар тұрғындарға аяқ астынан төтенше жағдай орын алса, алдымен не істеу керектігін де түсіндірді.

Н.ШОДЫР. Баянауыл ауданы.