Әлеуметтік лифттің әлеуеті қандай?

Қар 6, 2025

Елімізде мемлекет дамуына елеулі үлес қосамын деген жігерлі әрі білімді жастарға мансаптық өсуге өте тиімді жол бар. Ол – Президенттік жастар резерві. Бұл үшін сан сатылы кезеңнен тұратын іріктеуден өтсе болғаны. Білімі мен білігі мол, ойлауы озық жастарды алға жетелейді. Бүгінде Президенттік жастар резерві тиімді әлеуметтік лифтке айналды. Биыл төртінші жыл ұйымдастырылып отырған жобаға қызығушылықтың артқаны аңғарылады.

Қызығушылық артқан

Резервке еніп, ел үшін қызмет етуге ниетті 31 859 азамат 2025 жылғы іріктеуге құжат тапсырып, тіркелген. Яғни, жас мамандар тарапынан қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Естеріңізге сала кетейік, кез келген салада қызмет ететін азамат әлеуметтік литфпен көтерілуіне мүмкіндік бар. Әрине, іріктеуге қатысушыларға қойылатын талап та жоқ емес. Үміткердің жасы 35-тен аспауы әрі ҚР азаматы болуы шарт. Жоғары білімді әрі еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауына да мән беріледі.Сонымен қатар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінде білуі керек.

Резервке кіру үшін бірнеше сатылы іріктеуге құжаттар биыл маусым айында басталды. Тіркелгендердің ішінен
7 436 азамат іріктеуге қатысуға жолдама алған. Тамыз айында ситуациялық тапсырмаларды шешіп, сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттері бағаланды. Одан кейін мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттері сарапқа түсті. Қыркүйек айында құзыреттіліктері бағаланды. Мұнда бұл қабілет онлайн түрде сұхбаттасу арқылы тексерілді. Ал ассесмент-орталықта кездесу арқылы да құзыреттіліктері тағы бір мәрте сүзгіден өткен. Қазан айында қатысушылар сараптау комиссиясы мүшелерімен Астана қаласында сұхбаттасып, бар білгендерін ортаға салған. Осылайша, алты кезеңнен тұратын іріктеуден сүрінбей өткен 50 азамат ҚР Президенті жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссиясының шешімімен резервке қабылданды.

Бұл жоба елімізде Президенттің бастамасымен қолға алынғанын айта кетейік. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, бүгінге дейін резервке 400 үміткер қабылданып, оның 300-ден астамы мемлекеттік қызметте түрлі лауазымда еңбек етуде. Жобаның сәтті әрі мемлекеттік басқару жүйесіне елеулі өзгеріс әкелуі үшін сарапшылар әрдайым заманға сай талаптар енгізіп отырады. Мәселен, биылғы төртінші іріктеудің басты жаңашылдығына келсек, мемлекеттік аппарат үшін аса сұранысқа ие салалық бағыттар бойынша резервті қалыптастыруға мән беріліп отыр. Яғни, кандидаттар әр бағытқа белгіленген квоталарға сәйкес қабылданды. Сонымен, инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты бағытына 8 адам алса, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау бағытына
9 үміткер қабылданды. Сыртқы саясат және инвестициялар  бағытымен 8 азамат резервке енсе, экономикалық және қаржылық саясат бағыты бойынша 7 адам кірді. Цифрландыру саласына үлес қосатын 9 кандидат резервшілер қатарына алынса, 9 адам әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам бағыты бойынша қабылданыпты.

Өңірімізден өткен кім?

Резервке қабылданған 50 азаматтың ішінде өңіріміздің атынан қатысқан Самал Камитова да бар. Ол барлық кезеңнен сүрінбей өтіп, үздіктер қатарына кірді. Тәжірибелік тапсырмаларды тиянақты орындап, жеке құзыретін бағалау сәтінде де барын салған. Самал Еркенқызының айтуынша, әрбір кезеңде барынша ой жинақтап, кәсіби білімді дәлелдеумен қатар, көшбасшылық қасиетті көрсету қажет болған. Кейіпкеріміз қазіргі таңда цифрландыру саласында қызмет етуде. Нақтысы, облыстық цифрлық технологиялар басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарады. Бұл орында облыстың жобалық кеңсесі мен ахуалдық-талдау орталығының да жұмысына жауапты.

– Президенттік жастар резервіне іріктеу жоғары деңгейде өтті. Бәрі объективті әрі ашық түрде болды. Мен цифрландыру бағытында өтініш білдірдім. Бұл бағыт жаныма жақын. Оған қоса, еліміздің дамуы көп жағдайда дәл осы цифрлық технологиялармен тікелей байланысты. IT-саладағы бар білімім мен цифрлық шешімдерді көрсетуге мүмкіндік берілді. 9 азамат іріктеліп, резервке ендік, – дейді павлодарлық маман.

Самал Камитова Президенттік кадрлық жастар резерві өзі сияқты жас мамандарға кәсіби әрі жеке тұлғалық тұрғыдан өсуіне жол ашатынына сенімді.

–  Резервке іріктеуге қатысудың өзі көп дүниені үйретеді. Еліміздің әр түкпірінен келген белсенді әрі талантты адамдармен тәжірибе алмасу және мемлекеттік маңызды жобаларды жүзеге асыруға атсалысу мүмкіндігі бар. Бұл байқау әрдайым дамуға және құзыреттілік деңгейін арттыруға жетелеп, ынталандырады, – дейді Самал Еркенқызы.

Өңіріміздің өкілі іріктеу тапсырмалары оңай болмағанын айтады. Алайда, қызықты өткенін алға тартты. Мұнда теориялық білім ғана сарапқа түспеген. Қатысушылардан белгілі бір жағдайды жылдам талдау, шұғыл шешім қабылдау дағдылары талап етілген. Сонымен қатар, бастамашылдығын байқатып, командамен жұмыс істеу қабілетін көрсету де маңызды болған.

– Бәрінен бұрын практикалық кейстердің түйінін тарқату кезеңі қатты ұнады. Креативтілікті көрсетуге және нақты мысалдар негізінде білімімді қолдануға мүмкіндік берді. Мұндай тапсырмалар адамға шабыт береді әрі ел дамуының маңызды үдерістеріне қатыстылығыңды сезіндіреді, – деген пікірде ол.

Президенттік кадрлық резервке іріктеуге қатысу арқылы аймағымыздың өкілі өзін-өзі тани түскен. Кәсіби тұрғыдан өсе алғанын айтады. Ең бастысы шектеулі уақыт, жоғары бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуді үйренген. Сонымен қатар, өзінің мықты жағын жақсырақ түсіне алған көрінеді. Жаңа тәжірибе бойындағы күшіне сенімділікті нықтай түскен әрі цифрландыру саласында одан әрі дамуға ынтасын еселей түсіпті.

Айта кетейік, резервке алынған сәттен бастап үздік 50 азамат үш жыл ішінде саяси мемлекеттік лауазымдарға, «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына, сондай-ақ «Б» корпусының басшылық лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.