Кім мықты?

Қар 13, 2025

(қазіргі заман ертегісі)

Ес білмес ескі заманда емес, осы бертін Кітап пен Ғаламтор атты екі мықты өмір сүріпті. Анығында Кітаптың нақты туған жылы белгісіз, өткен ғасырлардан келе жатқан абыз ақсақал екен. Ал Ғаламтор болса оң мен солын әлі дұрыс тани қоймаған жалындаған жас көрінеді.

Бір күні ашық тұрған терезеден сыртқа қарап ойға шомып тұрған Кітапты біреудің ысқырығы селт еткізді. Жалт қараса шыттай киініп алған, көзінде қара көзілдірігі бар тар көшеге сыймай келе жатқан Ғаламтор екен.

– Қалайсың? – деді Ғаламтор жұпыны киінген киіз кітапқа жоғарыдан төмен сығырая сынай қарап.

– Жаман емес, — деді кітап биязы үнмен.

– Сенімен сөйлесетін бір әңгіме бар еді.

– Иә, құлағым сізде!

– Осы сен адамдарға мені жамандайтын көрінесің! Өткенде бір оқырманға Ғаламтор дегенің ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін нағыз айлакер, есерсоқтың өзі депсің?!

– Оны кім айтып жүр сізге?

– Кім айтқанын қайтесің! Неге айтқаныңды айт!

– Мен ешкімге ештеңе деген жоқпын. Мына өмірде әркімнің өз орны бар деп ойлаймын. Бірақ біз ақыл иесі – адамзатты тек жақсылыққа бастауымыз керек. Сізге арқа сүйеген жандардың жалқау, марғау, қаскүнем, қиындық көрсе амалын тауып айналып өтіп кетуге бейім тұратыны несі? Мен мұны бұрын-соңды ешкімге айтқан емеспін. Өзіңіз сұраған соң ақтарылғаным ғой, — деді Кітап.

– Әй, сен… Не көкіп тұрсың өзің? Әр нәрсе өз уақытымен. Сенің жұлдызды сәтің анау он тоғызыншы ғасырдың соңында өтіп кеткен. Мынау – менің дәуірім. Менімен жағаласқанша әр үйде шаң басып, шашылып жатқан парақтарыңды жинап ал! — деді Ғаламтор екіленіп.

– Жоқ, — деді Кітап. — Менің дәуірім — мәңгілік дәуір. Ол дәурен басымнан көшпейді де, өшпейді. Себебі, мен – адамзаттың адал досымын!

– Жоқ, сенің сарғайған парақтарыңды ақтарып, бит іздегендей бетіңе бедірейіп отыратын адамдардың уақыты жоқ қазір. Сен менің жылдамдығыма ілесе алмай далада қалғаныңды мойындайтын кезің жетті ғой!, – деді ғаламтор да кеудесін қағып. Кітап, ашуланбады. Тек сабырлы үнмен: «Босқа уақыт жоғалтып қайтеміз? Жүріңіз, одан да қазыға барайық. Төрелігін сол айтсын», — деді дауысын салмақтап.

– Барсақ, барайық. Сол қазыңның өзі менсіз күн көре алмайды қазір, — деп Ғаламтор ғаламды басына көтере қарқылдай күлді.

Екеуі қазыға келіп, мән-жайды жайып салды. Қазы сәл ойланып отырды да: «Екеуіңдікі де жөн. Қазір сендерге ештеңе дей алмаймын. Бекерге ұрысып, жүйкелеріңе жүк түсірдіңдер. Мен сендерді адам аяғы баспаған аралға апарып тынықтырайын. Әбден демалып болған соң маған келіңдер. Даудың төрелігін сол кезде айтамын, — деді. Сөйтті де екеуін қайыққа отырғызып, адам аяғы баспайтын аралға апарып тастады. Қоштасарда: «Әбден тыныққан соң өздерің келесіңдер. Ол үшін алдымен ағаштан
қайық жасап алыңдар!», — деді де қазы жөніне кетті.

Кітап сол күні-ақ кетудің қамын ойлас-тырды. Ол жерде жатқан қу ағашты аршып оны одан әрі күн көзіне кептіре түсті. Әбден кепкен ағаштан жеп-жеңіл етіп қайық жасап, сол түні-ақ судан аман-есен өтті. Ғаламтор шаңқай түсте оянса, Кітап ұшты-күйлі жоқ. Аралда жападан-жалғыз жатыр. Енді үйге қалай қайту керек? Қазының ағаштан қайық жаса дегені есінде. Бірақ оны қалай жасамақ? Ол туралы бұл ештеңе де білмейді. Миында түк те жоқ. Күндегідей емес, басы бір түрлі солқылдай ауырып, ой-санасы ештеңені қорытпай, көзінің алды тұманданып тұр. Достарынан ақыл сұрамақ болып «Яндекс», «Googlle» секілді сыбайластарына шығып көрді. Айдаладағы аралда қайдан байланыс болсын? «Қап! Тым болмаса «Facebook», «Instagram», «WhatsApp» секілді бала-шағадан да қайыр болмады-ау!» — деп
қапаланды Ғаламтор.

Тағаты таусылған ол орманға кірді де ,жас талды бірінен соң бірін кесіп, қайық жасауға кірісті. Әрең
дегенде шаруасын аяқтаған соң қайықты суға салды. Үстіне отырып есіп келе жатқаны сол еді, аздан соң жас талдан істелген шойындай ауыр қайық су түбіне батып бара жатты. Ол қанша айқайлағанымен, алып аралда оны еститін ешкім де жоқ еді. Кенет біреу оның қолынан шап беріп ұстады. Жалт қараса — Кітап. Үсті-басы малмандай су Ғаламторды ол көтеріп алып, өзінің қайығына отырғызды. Киімін ауыстырып, жылы орап, қауіптен аман-есен алып шықты.

Жағалауға жеткен Ғаламтор Кітапқа бұрылып алғыс та айтпастан қайықтан секіріп түсіп, өз жөніне кетті. Ілтипат көрсетіп, кешірім сұрауға бойындағы жалған намысы жібермесе керек. Бірақ ол іштей Кітаптың ақылды әрі мейірбан екенін еріксіз мойындады. Кетіп бара жатқан Ғаламторға көз тіккен Кітап: «Таспен атқанды аспен ату» – менің ұстанымым! Қалғанын сенің сана-сезіміңе қалдырдым…» — деді де, кітапханаға қарай беттеді.

Алпысбай ХОНЖ, ақын.