Күшігім болса деп армандап жүргеніме көп болған. Бір күні әкем кішкентай, қап-қара, көздері мөлдіреген күшік әкеліп берді. Оны қолыма алып, бауырыма басқан сәтте-ақ екеуіміздің арамызда көрінбейтін бір жылылық орнағандай болды.
Кейін күшігіме «Ақтөс» деп ат қойдым. Негізі өзі қара түсті болғанмен, төсінде аппақ дағы бар. Сондықтан солай атадым. Ақтөс тез өсіп кетті. Алғашқы күндері әр дыбыстан қорқып, үйдің бұрышына тығыла беретін. Бірақ уақыт өте келе менің жанымнан бір елі қалмайтын серікке айналды.
Таңертең ерте оянсам, есік алдында мені күтіп отырады. Мектепке кетіп бара жатқанда соңымнан біраз жерге дейін жүгіріп шығарып салады. Кешке үйге қайтқанда алыстан мені танып, қуана үреді. Кейде мұңайсам үнсіз қасыма келіп, басын тіземе қояды. Сол сәтте оның көзінен «Бәрі жақсы болады» деген мейірім мен адалдықты көремін. Кейде адамдар да дәл осылай түсініп, қолдау көрсетсе ғой деймін.
Ит – адамның досы ғана емес, адалдықтың айнасы. Олар ешқашан сені сатпайды, ұмытпайды. Мысалы, Ақтөс арқылы шынайы достықтың не екенін, қамқорлықтың құнын түсіндім. Кейде аулада екеуміз ойнап жүргенде оның арсалаңдап жүгірген бейнесіне қарап, өмірдің қандай әдемі екенін сеземін. Міне, қарапайым қуаныш. Ақтөс менің өміріме мейірім, жылылық, шынайылық сыйлаған кішкентай ғана тіршілік иесі болып қала береді.
Даяна АМАНГЕЛДІ, №24 орта мектептің 9-сынып оқушысы, Павлодар қаласы.
