Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылуда. Жуырда осы жоба арқылы «Уйгурка» кафесі ашылды.
Аталмыш бағдарлама кәсіпкерлікке енді аяқ басқан кәсіпкерлерге және тәжірибелі бизнесмендерге бастаған ісін кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Ұйғыр асханасы» ЖК басшысы Әбетжан Исламбакиев жұбайы екеуі көптен күткен арманына қол жеткізді. Бұған дейін олар жергілікті асхананың аспаздары ретінде қызмет етіп, ауыл тұрғындарына дәмді әрі сапалы тағамдар ұсынып келген еді.
Биыл сәуір айында кәсіпкер ғимаратты сатып алып, оны қайта жөндеу жұмысына кірісті. Ал таяуда «Уйгурка» атты жайлы кафенің есігін айқара ашты.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында жаңа жабдық, асүй техникасы мен ыдыс-аяқ сатып алды. Кафе 40 келушіге арналған, мұнда қосымша 4 жұмыс орны ашылды.
С.ҒАББАС.
Успен ауданы
