Автокөлік жолдары – ел дамуының күретамыры. Ал сол жолдың сапасы мен қауіпсіздігі, олардың әр шақырымының артында мыңдаған адамның қол еңбегі, маңдай тері жатыр. Сол жандардың бірі – 4-разрядты жол жұмысшысы, өз ісінің нағыз шебері Валентина Әділханова. Ол 11 жылдан бері ауыр да жауапты еңбек жолында ерлермен қатар иық тіресіп еңбек етіп келеді.
Май ауданының Кеңтүбек ауылында дүниеге келген Валентина Анатольевна бала күнінен еңбекқор, жауапкершілігі жоғары болып өсті. 2003 жылы Еркін Мұқашев атындағы орта мектепті тәмамдаған соң, еңбекке ерте араласты. Облыстағы ДЭУ-85 «Қажсервис» ЖШС мекемесіне жол жұмысшысы болып орналасады. Алғашында жас қыз үшін ауыр техника, ыстық асфальт, күннің ыстығы мен суығында еңбек ету оңай болған жоқ. Бірақ уақыт өте келе бұл мамандық оның өмірлік жолына айналды. Алайда Валентина Май аудандық пошта бөлімшесіне ауысып, 2005-2008 жылдары пошташы болып қызмет атқарды. Дегенмен, жол саласындағы еңбек оған ерекше шабыт беретінін түсінеді. Сөйтіп, 2009 жылы ол қайтадан ДЭУ-85 кәсіпорнына оралып, содан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Жолды жөндеу, оны күтіп ұстау, сапаны бақылау, жол бойын абаттандыру – бәрі де оның күнделікті атқаратын жұмыстарына айналды.
– Біздің жұмысымыз көбіне байқалмай қалады. Бірақ әрбір тегіс жол, әрбір қауіпсіз қозғалыс – біздің қолтаңбамыз. Қыста боран соқса да, жазда аптап ыстық болса да жұмысымызды тоқтатпаймыз. Себебі, әр жол – адамдардың амандығы мен елдің тыныштығы. Жұмыс барысында кейде қиындықтар туындары анық. Мәселен, техникалар істемей қалып жатады. Алайда жол бойынан бір адамның аман-есен өтіп бара жатқанын көргенде, жүрегіме ерекше қуаныш ұялайды. Сол сәтте барлық қиындық пен шаршау ұмыт болады. Міне, мен үшін нағыз марапат – адамдардың амандығы мен сенімі, – дейді ол.
Қазіргі уақытта Валентина Анатольевна тек тәжірибемен шек-теліп қалмай, кәсіби біліктілігін де арттыруда. Ол Павлодар қаласындағы Инновациялық Еуразия университетінің Жоғары колледжінде «Жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандығы бойынша білімін жетілдіруде.
– Қазіргі уақытта кәсіби түрде өсу үшін тек тәжірибе жеткіліксіз. Теориялық білім де қажет. Сол себепті, оқу мен еңбекті ұштастырып жүрмін, – дейді ол.
Валентина көп жылғы адал еңбегі мен кәсібилігі үшін аудандық және облыстық деңгейде бірнеше мәрте Алғыс хатпен және грамоталармен марапатталды. Бірақ оның айтуынша, үлкен марапат – халықтың сенімі мен әріптестерінің құрметі.
Валентина Әділханова ісіне ғана емес, отбасына да сүйіспеншілік пен құрмет көрсететін қазақтың келіні. Ол жұмыс күнінің ұзақтығына қарамастан, үйге келгенде балаларымен уақыт өткізіп, жолдасының еңбегін бағалайды. Қазақы дәстүр мен отбасы құндылықтарын да барынша дәріптеп келеді. Оның айтуынша, отбасының қолдауы мен жылулығы – еңбекке деген адалдығын арттыратын үлкен демеу.
— Үйдегі тыныштық пен отбасының махаббаты мен үшін аса маңызды. Жұмыс ауыр болса да, балаларымның күлкісі мен жолдасымның қолдауы барлық шаршауды ұмытуға көмекте-седі, — дейді кейіпкеріміз.
Қарапайым еңбектің қадірін білген, ерлермен қатар табандылықпен еңбек етіп жүрген Валентина Әділханова – бүгінгі күннің нағыз еңбекқор жұмысшысы. Ол — кәсібіне адал, өз ісінің шебері әрі қазақтың келіні деген атқа лайық жан.
Айдана БОРАНБАЕВА.
