Әр балаға тең мүмкіндік

Қар 20, 2025

Май ауданы Көктөбе ауылындағы Ерсін Мұқашев атындағы орта мектепте инклюзия кабинеті ашылды. Шағын орталықтың мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балаларға толыққанды білім алу мен дамуға жағдай жасау.

Инклюзия кабинеті толықтай зама-науи жабдықтармен, дидактикалық материалдармен және дамытушы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл жағдайлар балалармен түзету-дамыту жұмыстарының тиімді жүргізілуіне мүмкіндік береді.

Бүгінде мектепте 2 педагог-психолог, 1 логопед және 1 педагог-ассистент қызмет атқарады. Мамандар оқушылармен жеке және топтық сабақтар өткізіп, олардың сөйлеу тілін, ойлау қабілетін, назарын, ұсақ моторикасын және қарым-қатынас дағдыларын дамытады. Инклюзияны қолдау кабинетінің ашылуы әр балаға қолайлы, қолжетімді және қамқор білім беру ортасын қалыптастырудағы маңызды қадам болды.

Мектеп әкімшілігінің айтуынша, мұндай бастамалар ерекше балаларға ғана емес,  мектеп ұжымына да  пайдалы. Олар оқушыларды толеранттылыққа, түсіністікке және әр баланың даралығын құрметтеуге тәрбиелейді.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.

Май ауданы.