Торайғыров университетінде Қазақстан Республикасы Шекара қызметі Павлодар облысы бойынша департаментінің 25 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға әскери қызметшілер, ардагерлер, академия мамандары, университет ғалымдары мен қала колледждерінің студенттері қатысып, шекаралық қауіпсіздік жөніндегі маңызды мәселелерді талқылады.
Конференцияның мақсаты – шекаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқылау, патриоттық тәрбиені дамыту және қауіпсіздік саласында білім беру мекемелерімен ынтымақтастықты нығайту.
Қазақстан Республикасы Шекара қызметі Павлодар облысы бойынша департаментінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі бөлімнің аға офицері, майор Олжас Баяубаев шекара қызметінің 25 жылдық жолына тоқталып, солтүстік шекараның ел қауіпсіздігіндегі маңызын атап өтті. Ол жас буынның патриоттық тәрбиесін күшейту және білім беру ұйымдарымен бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты.
Алғаш болып Торайғыров университетінің ректоры Нұрлан Медетов сөз сөйлеп, тарихи сананы сақтау мен мемлекеттік қауіпсіздікті нығайтудың маңызды екенін айтты. Облыс бойынша Шекара қызметі департаментінің басшысы Мадияр Жұмаділов шекарашылардың тұрақтылық пен білім беру мекемелерімен ынтымақтастықтағы рөлін атап өтті.
Сонымен қатар, онлайн форматта Шекара академиясының спикерлері мен «Қазақстан тарихы» кафедрасының оқытушылары патриоттық тәрбие, жасөспірімдердің психикалық денсаулығы және тарихи мұраның маңызы туралы өз зерттеулерімен бөлісті.
Жиынға қатысқан ИнЕУ жоғары колледжінің 3-курс студенті Байсал Елжас конференцияның өте түсінікті әрі мазмұнды өткенін, бұл шара өңір үшін маңызды, нақты пайдасы бар оқиға болғанын жеткізіп, шекарашыларға құрметін білдірді.
Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Қадиша Беготаева өкіл ретінде қатысып, әкімшілік атынан шекара қызметіне алғыс сөзін жеткізді. Конференция соңында қатысушыларға арнайы алғыс хаттар табысталып, мерекелік марапаттау өтті.
Аружан ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ.
