Құрылыс қарқынды жүріп жатыр

Қар 27, 2025

Екібастұз қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды түрде дамып келеді. Қаңырап қалған көпқабатты баспаналар қайта қалпына келтіріліп, жаңа тұрғын үйлер бой көтеруде.

Таяуда шаһар басшысы Аян Бейсекин құрылыс алаңдарына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Жоспар бойынша, 4-інші шағын ауданда
160 пәтері бар 4 тұрғын үй салынбақ. Бүгінде бес қабатты баспананың екеуінің құрылысы аяқталуға таяу. Үйлерге барлық инженерлік коммуникациялар тартылған. Ал мердігерлер алдында аумақты абаттандыруға қатысты ауқымды іс тұр.

— Сонымен қатар, көп жылдан бері қаңырап тұрған Энергетиктер көшесіндегі 36 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысымен таныстым. Қазір ғимараттың қасбетін ретке келтіріп, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жылу желілеріне қосылу жұмыстарын жеделдетуді тапсырдым. Осы құрылыс компаниясы Энергетиктер көшесіндегі тағы бір бос тұрған ғимаратта 36 пәтерлі тұрғын үйді қайта жаңартуда, — деді шаһар басшысы.

Бұдан бөлек, биыл қаладағы 2-нші шағын ауданда 180 пәтерге арналған бес қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Сол сияқты 9-ыншы шағын ауданда 120 пәтерге шақталған бес қабатты екі тұрғын үйдің құрылысын бастауға дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Қала әкімінің айтуынша, шаһарда жыл сайын бюджеттік және инвестициялық қаржы есебінен 100-120 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салу мақсаты тұр.

Өз тілшіміз.

Екібастұз қаласы.