Малайсары ауылдық округіне қарасты Жаңасарай ауылының белді азаматы, «Мұхаммед» шаруа қожалығының жетекшісі Мейрамбек Сағындықов мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауын пайдаланып, жаңа кәсіпкерлік бағытты қолға алды.
Соның нәтижесінде аудан орталығы Көктөбе ауылында «Жаңасарай» әлеуметтік дүкені ресми түрде ашылды.
Мейрамбек Сағындықовтың айтуынша, әлеуметтік дүкен ашу идеясы ауылдағы сұраныс пен тұрғындардың өтінішіне негізделген.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы берілген мүмкіндік жаңа кәсіп бастауға серпін берді. Ендігі мақсат – тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп, отандық өнімдердің қолжетімді болуына үлес қосу, – дейді кәсіпкер.
Дүкен сөрелерінде күнделікті тұтынатын негізгі азық-түлік өнімдері, тұрмыстық тауарлар, жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өнімі ұсынылмақ. Әлеуметтік дүкен форматы бағаны тұрақты ұстап тұруға және делдалсыз сауда жүргізуге бағытталған.
Жобаның іске қосылуы аудандағы кәсіпкерліктің белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жергілікті билік өкілдері мұндай бастамалардың ауыл экономикасының дамуына ықпал ететінін атап өтті.
А.БОРАНБАЕВА.
Май ауданы.
