Бүгінде өңір жастары түрлі салада табысты еңбек етуде. Олардың қатарында өндіріс саласында жұмыс істейтін қатарластарымыз баршылық. Осы ретте, ер адамдармен қатар қызмет етіп, нәзік жандылар сирек атқаратын мамандықты игерген «Павлодарэнерго» АҚ 4-ші разрядты электромонтері Іңкәр Кәрібайдың еңбек жолын ерекше атап өтуге болады.
Іңкәр мектепті тәмамдаған соң болашағын медицина саласымен байланыстыруды көздеген. Оған қоса, өнерге жақын, би саласында да
10 жылдық тәжірибесі бар. Бірақ ата-анасының ақылын тыңдап, мүлде басқа бағытты таңдаған.
– Ата-анамның ақылына құлақ асып, қазіргі таңда елімізде сұранысқа ие мәртебелі мамандық иесі атандым. Анам – дәрігер, әкем – техникалық мамандық иесі. Болашақ өмірлік кәсібімді таңдауда ортақ шешімге келіп, әкем екеуіміз оқу ордасына электромонтер мамандығы бойынша тиісті құжаттарды тапсырдық. Иә, шынымен, биыл қоғамда мамандығыма деген қызығушылық арта түсті. Жан-жақты өткізіліп жатқан байқауларда бағымды сынап та көрдім. Өндіріс пен өңірдің қоғамдық өміріне белсене атсалысуға тырысамын. Жастар ұйымдарының мүшелерімен бірге өзекті тақырыптарды талқылаймыз. Олардың ішінде кәсіпорында қызметкерлерге арналған тұрғын үйге қол жеткізуі, жастардың техникалық қызметке қызығушылықтарын арттырып, жұмысқа тарту шараларын ойластыру сынды тақырыптарды алға тартамыз, – дейді электромонтері Іңкәр Кәрібай.
Иә, жұмысшы мамандықтың өз қиындықтары бар. Дегенмен, жаңа жобаларды қолға алып, өндіріс орнындағы барлық ережені қадағалап, қауіпсіздікті бұлжытпай сақтаса, уақыт өте келе өз кәсібінің белді маманына айналатыны сөзсіз.
«Павлодарэнерго» АҚ электромонтері Іңкәр Кәрібай ұжымдағы әріптестерімен бірден тіл табысып, осы уақытқа дейін бір-біріне қолдау көрсететінін айтты. Жұмыс барысында ауыр заттарды тасумен қатар биіктікке көтеріліп, көзге көрінбейтін ауқымды токтың арасында қызмет етеді. Өңір тұрғындарын жарық, жылумен қамтамасыз ету аса жауапкершілікті қажет етеді. Бұл қызметін мақтан тұтады.
Сондай-ақ, жас маман бос уақытында психологиялық кітаптарды оқып, ой-санасын дамытып, көкжиегін кеңейтеді. Электр энергетикасы саласының ыстығы мен суығын бойға сіңірген жас маманның алға қойған мақсаты нық. Алдағы уақытта шетелде тәжірибе жинап, 10 жылдан кейін елімізде ашылатын жаңа өндірісте жылдар бойы жинаған сапалы білімін пайдаланып, туған жеріне адал еңбек етуді қалайды.
Салтанат ҒАББАС.
