Жұмысшыларды тасымалдайды

Жел 4, 2025

Екібастұз қаласындағы «МАИС» ЖШС ширек ғасырдан астам уақыт аралығында жолаушыларды, оның ішінде қала құраушы кәсіпорындардың қызметкерлерін тасымалдаумен айналысады. Жақын уақытта кәсіпорынның қызмет аясы кеңейе түсуі мүмкін.

Жақында шаһар басшысы Аян Бейсекин аталмыш қызмет көрсету компаниясының жұмыс барысымен танысты. Кәсіпорын директоры Сергей Войцицкийдің айтуынша, автопарк меншігінде 100-ден астам жайлы автобус бар, оның жартысына жуығы үнемі жолаушыларды діттеген жерге жеткізеді.  Жыл сайын материалдық-техникалық база жақсарып, жаңа қоғамдық көліктер сатып алынуда. Жүргізушілерді жұмысқа дайындайтын база да қалыптасқан.

— Аталмыш кәсіпорында 80-нен астам адам еңбек етеді. Олардың орташа жалақысы 300 мың теңгеден асады. Бұл ретте кәсіпорын басшылығымен бірге алдағы даму жоспарын талқыладық, — деді А.Бейсекин.

Екібастұз қаласында жаңа өндіріс орындарының ашылып жатқанын ескерсек, жолаушылар тасымалына деген сұраныс арта түсуі мүмкін. Сондай кезде қызмет көрсету сапасын арттыра білу де маңызды.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

Екібастұз қаласы.