Биыл Баянауыл ауданына қарасты Майқайың кентінде ауыз толтырып айтарлықтай игі істер қолға алынды. Атап айтқанда, әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, жол инфрақұрылымын дамыту және басқа да бағытта бірқатар ірі жобалар сәтті жүзеге асқан.
Бұл туралы аудан әкімі Ардақ Кісентаев майқайыңдықтармен болған есептік кездесуінде мәлім етті. Оның айтуынша, ағымдағы жылы алдымен кентке қарасты ауылдарға қатынайтын жолдарды жөндеуге басымдық берілген. Мәселен, Майкөбе ауылына апаратын 2,64 шақырым, Шөптікөлге баратын 5,262 шақырым және Сұлужон елді мекеніндегі 15,7 шақырым жол асфальтталып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар, Майқайың кентінде 2,3 шақырым тротуар салынып, 74,8 млн теңгеге екі аула аумағы абаттандырылған. Бұдан бөлек, Майқайың №2 мектебі мен емханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенгенін атап өткен жөн. Десе де, әлі де тұрғындарды толғандырған мәселелер жоқ емес. Әкіммен кездесу барысында кент халқы санитарлық тазалық сақтау, дәрігер тапшылығын шешу, тұрғын үй аулаларын абаттандыру және басқа да мәселелерін ортаға салып, тиісті жауап алды.
Н.ШОДЫР.
Баянауыл ауданына.
