Жаңа нысан салынуда

Жел 18, 2025

Баянауыл ауданындағы Қызылтау ауылдық округіне қарасты Лекер ауылында мал сою және бордақылау алаңы салынуда. Жаңа нысанның құрылысы көп кешікпей аяқталады деп күтілуде.

Ауыл тұрғындары үшін аталған жобаның маңызы зор. Аудан әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, бұл алаңның аумағы кең көрінеді. Сонымен қатар, бір мезетте 30 бас малдың етін сақтайтын тоңазытқыш қойылмақ.

– Мұнда тәулігіне 200-250 ұсақ мал, 30-35 ірі қараны союға мүмкіндік бар. Осынау 500 бас ірі қара немесе 4000 ұсақ малға арналған бордақылау алаңының құрылысын биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Ауылдың дамуы осындай нақты, жүйелі істерден басталады. Жаңадан ашылып жатқан нысан ауылдың келешегіне жасалған сенімді қадам, тұрғындарға көрсетілетін қамқорлықтың көрінісі, – дейді аудан басшысы.

Жаңа құрылыс алаңының ашылуын тұрғындар да асыға күтуде. Бұл игі іс олар үшін де тиімді болмақ.

Н.ШОДЫР.

Баянауыл ауданы.