Биыл қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, қылқалам шебері Қарасай Нұркеновтің туғанына 75 жыл толып отыр. Суретші өмірден өтсе де, оның қылқаламынан туған туындылар көрерменмен үнсіз тілдесіп, уақыт пен кеңістіктен тыс өмір сүріп келеді. Оның шығармаларынан туған жерге деген сағыныш, адам жанының тереңі мен ұлттық рухтың бояуы айқын сезіледі. Қарасай Нұркенов артында бай шығармашылық мұра қалдырып, қазақ өнерінің рухани кеңістігінде өшпес із қалдырды.
Қарасай Нұркенов 1950 жылдың 1 қаңтарында Тереңкөл ауданының Байқоныс ауылында дүниеге келді. Ол 1975–1979 жылдар аралығында Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде білім алып, М.Калимов пен В.Поляков сынды білікті ұстаздардан тәлім алды. Өз шығармашылығында пейзаж, абстрактілі композиция және графика жанрларына басымдық беріп, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды.
1979 жылдан бастап облыстық Суретшілер одағының мүшесі ретінде көп жыл бойы республикалық және облыстық көрмелер мен пленэрлік жобаларға белсенді түрде қатысып отырды. 1983 жылдан бастап республикалық деңгейдегі топтық көрмелердің тұрақты қатысушысы атанды. 1983–1990 жылдары өткен республикалық XI, XII, XIII «Жігер» көрмелерінде суретшінің танымал бағдарламалық туындылары – «Ымырт», «Гүлдер» натюрморты, «Екібастұз ГРЭС-1» (1983–1985) көрермен назарына ұсынылды.

1986–1990 жылдардағы республикалық көрмелерде «Қоштасу», «Алты оба жайлауында», «Ертіс жайылмасында», «Әйел портреті», «Таң», «Жайлауда», «Ата мен бала» атты кескіндемелік еңбектері көрсетілді. Бұл шығармаларда Баянауыл, Ертіс өңірі мен Бурабай табиғатының көркем сұлулығы романтикалық леппен бейнеленген. Суретші Қарағанды қаласында және Қазақстанның өзге өңірлерінде өткен аймақтық көрмелерге де тұрақты қатысқан болатын. Оның «Жазда», «Қаракөл өзенінің жағасында» атты еңбектері осы жобалар аясында таныстырылды.

Қарасай Қабдырашұлы 1983–2024 жылдар аралығында Астана, Алматы және Павлодар қалаларында өткен барлық облыстық және қалалық көрмелердің қатысушысы болды. Бұл ретте оның «Баянауыл маңында» (1999) және «Кеш» (2000) атты шығармалары кеңінен танымал болды.
2019 және 2022 жылдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен пленэрлер суретшінің шығармашылығында туған жер табиғатын бейнелеу басты көркемдік бағытқа айналғанын айқындады. Суретші күн ашық әрі бұлтты күндері этюдтер жазып, жарық пен көлеңкенің өзара байланысын дәл жеткізуге тынымсыз ұмтылды. Қала пейзаждарында биік ғимараттарды кең панорамалық тұрғыда қамту арқылы заманауи қаланың болмысын ашады.

Қарасай Нұркенов, сондай-ақ ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың және ақын Павел Васильевтің 100 жылдығына арналған логотиптерді әзірлеу бойынша мемлекеттік гранттардың иегері болды. Ал 2004 жылдан бастап Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында көркемдік цехтың меңгерушісі қызметін атқарды.

Суретшінің облыстық Н.Нұрмұхаммедов атындағы көркемсурет музейінің қорында 30-дан астам театрлық костюм эскизі мен сахналық безендіру элементтерінің графикалық нобайлары сақталған. Атап айтқанда, Ш.Артықбаевтың «Малайсары тархан» (2008), «Севан серенадасы» (2010) спектакльдеріне, сондай-ақ Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі» (2012) қойылымына арналған сахна эскиздері бар. Бұл жұмыстар айқын графикалық нақтылығымен ерекшеленеді. Қылқалам шеберінің монументалды еңбектерінің бірі – 1989 жылы Қамзин атындағы совхоздың асхана залында салынған қабырға росписі.

Облыстық Н.Нұрмұхаммедов атындағы көркемсурет музейінің қорында Қарасай Нұркеновтің «Ертіс жайылмасында» (кенеп, майлы бояу, 61×76), «Соңғы жорық» (2015, кенеп, майлы бояу, 61×101), «Эквилибрист» (2016, кенеп, майлы бояу, 91×65) атты кескіндемелік туындылары сақталып, экспозицияда жиі көрсетіліп келеді.

Өмірде салмақты, ал өнерде өз ұстанымына адал ол ешқашан айтқанынан қайтпайтын қайсар жан еді. Сабырлылық пен табандылық оның тек адамдық қасиеті емес, кәсіби биігіне айналды. Оның суретшілік тұлғасы мен шығармашылық жетістігінің сыры да осы бір берік болмысында жатыр. Суретшінің өмірі кенеп бетінде жалғасады.
Қарасай Қабдрашұлының әр бояуы – жан дауысы, әр туындысы – мақтаныш көзі. Шебердің өзі үнсіз қалғанымен, оның сарқылмас өнері бізбен мәңгілік тілдесе бермек.
Елена ДУБОВАЯ,
облыстық Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы көркемсурет
музейінің бас қор сақтаушысы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, өнертанушы.
Аружан МҰХАМЕТЖАН,
облыстық Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы көркемсурет музейінің қызметкері.
