Ақсуға көбірек көңіл бөлінеді

Жел 25, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Ақсу қаласы мен ауылдық аймағының тұрғындарымен есептік кездесуде облыс әкімі Асайын Байханов осылай деді. Аймақ басшысы бұған дейін өңірімізде Павлодар қаласына, кейін бірнеше жыл Екібастұзға ерекше көңіл бөлінгенін, ендігі кезекте Ақсу қаласына айрықша назар аударылатынын атап өтті.

Бассейні бар кешен салынуда

Кездесуге дейін металлургтер қаласына сапарында облыс әкімі бірқатар нысанды аралап, жай-жапсарымен танысты. Алдымен Ақсу ферроқорытпа зауыты жанынан ERG компаниясы ашқан кәсіби біліктілікті мойындау орталығына барды. Мұнда жұмысшы мамандар біліктілігін растау немесе жаңа біліктілік алу мүмкіндігіне ие. Оны растау үшін шынайы өндірістік процеске жақындатылған арнайы тренажер құралдарымен жұмыс істейді, шеберлігін шыңдайды. Орталықтың басшысы Анастасия Киселеваның айтуынша, қазіргі таңда алты мамандық бойынша қабылданады. Алдағы уақытта бұл тізімді көбейту көзделген. Теорияны оқытқаннан кейін мамандар тәжірибелік полигонда білімін растап, көрсетуі тиіс. Мәселен, дәнекерлеу ісінің қыр-сырын ешбір материал шығындамай виртуалды түрде меңгере алады. Өрт дабылының автоматты жүйесінің де заманауи макеті әзірленген. Мұндағы тәсілдер — біліктілігін арттыру үшін тап-тырмас тәжірибе. Алып кәсіпорындарда қандай биіктікте арқанның қанша түрін қолданып, сақтықпен жұмыс істеу керектігі де тәжірибе түрінде түсіндіріліп, көрсетіледі. Аталмыш орталыққа еліміздің кез келген кәсіпорнынан қызметкерлер келіп разрядын, біліктілігін растай алады.

Ақсулықтар үшін тағы бір қуанышты жаңалық бар. Жуырда аумағы 25х15 метрді құрайтын бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Іргетасы салынып, қабырғасы көтерілуде. Нысан келесі жылы қыркүйекте аяқталмақ. Мердігер жобалық құжаттары түзетуден кейін қолына тисе, еш кедергісіз жұмыстарды жалғастыра бермек. Айтуынша, қажетті құрылыс материалдары жеткізілген.

Құрылыс алаңында нысанның төлқұжатын көрген облыс әкімі Асайын Байханов ғимараттың қасбетіне назар аударуды тапсырды. Сүреңсіз келбетін барынша түрлендіре түсу керектігін айтты. Алты жолақты бассейннің бір жолағы мүмкіндігі шектеулі жандарға лайықталып жабдықталмақ. Яғни, суға түсіріп, шығару құрылғысы қарастырылады. Сонымен қатар, мердігер екі қабатты нысанға сырттан кірер тұста да мүгедектігі бар адамдарға электрмен көтергіш құрылғы барын айтты. Облыс әкімі электрлі құрылғы бірде істеп, бірде істемей, қолайсыздық туғызуы мүмкін екенін ескеріп, оны жайлы пандусқа алмастыру қажет, деді.

Ал қалалық емханаға барған облыс әкімі мұнда балалар мен ересектер ғимараттарын байланыстыратын галлереяның ішін аралады. Ақсу қалалық ауруханасының бас дәрігері Қайырлы Қабулов бұл жапсарлас ғимарат қос нысанды байланыстырып, көпшіліктің қыста, жаңбырлы күндері екі ортаға сыртпен айналып жүрмеуіне мүмкіндік бергенін мәлім етті. Емхананың бұл жаңа бөлігіне психолог, жеке консультация, әлеуметтік қызметкер, дәрігерге дейінгі тексеру әйелдерді тексеру, ерлерді тексеру кабинеттері орналасқан. Нысан толық аяқталған, енді құжаттық рәсімдеу, қабылдау шаралары жүргізілуде. Осы ретте, облыс әкімі галлереяның ішін жылыту жүйесіне назар аударды. Яғни, кабинеттерде жылы болғанымен, дәлізінде салқындық сезілетінін байқады. Бірден құзырлы органға мердігермен бірлесіп, қосымша батареялар орнату жағын қарастыруды тапсырды.

Сапар барысында қала ішінде қатынайтын жаңадан жеткізілген 6 қоғамдық автобус таныстырылды. Олар қаңтар айының ортасында қала көшелеріне шығады. Ақсуда бүгінде екі бағытпен 10 қоғамдық автобус жүреді. Осылайша, қалада қоғамдық көлік толық жаңарды. Ал ескілері енді шаһардың екі ірі кәсіпорнына беріледі.

Жаңғырту жалғасады

Ақсуда бұдан өзге де жаңашылдықтар болатыны туралы облыс әкімінің тұрғындармен кездесуінде белгілі болды. Аймақ басшысы қала мен ауылдық аймақта атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, бірқатар мәселені де бірден атап өтті.

– Ақсу қаласының инфрақұрылымына көп көңіл бөлінбеді. Бірақ бұл ештеңе атқарылмады дегенді білдірмейді. Тек жеткіліксіз көлемде екенін көріп отырмыз. Әсіресе, инженерлік желілер тозды. Биыл болған дауылда біраз мәселелер туындады, – деді А.Байханов.

Желілерді жаңарту кезең-кезеңімен іске асатынын жеткізді. Биылдың өзінде 3 млрд теңге бөлініп, 4 шақырым жылу желісі жаңартылған. Нәтижесінде, жылу беруде кідірістер азайып, желілердің апатсыз жұмысы қамтамасыз етілді. Қаланың 40 көпқабатты үйінің жылумен қамтылуы жақсартылған. Келесі жылы Ленин және Астана көшелерінде жылу желілерін жаңғырту басталады. Облыс қазынасынан оған 870 млн теңге бөлінбек. Сондай-ақ, облыс әкімі жаңа қазандықты 2026 жылы тамызда іске қосу жоспарланғанын мәлімдеді. Ол үшін Энергетика министрлігімен бірлесіп, нысандағы олқылықтарды жою бойынша Жол картасы әзірленген.

Биыл сумен жабдықтау бағытында 15 шақырымдық желіні жаңғырту аяқталған. Екі жылдық жоба нәтижесінде тораптардың тозу деңгейі 14 пайызға төмендеген. 2026 жылы облыстық бюджеттен суды тарту нысандарын жаңғыртуға 3 млрд теңге қарастырылып отыр. Яғни, коллекторларды қалпына келтіру жұмыстары жалғаспақ. Электр желілерінің 70 пайызы тозған. Осыны ескерген аймақ басшысы келесі жылы Үштерек, Достық ауылдарында электр желілері жаңартылып, Жолқұдық ауылында трансформаторлық қосалқы станция орнатылады, деді.  Ал жарықтандыру бойынша көрсеткіш көрім, көшелер 98 пайызы жарықтандырылған. Қала әкіміне 100 пайызға жеткізуге жоспарлы жұмыс атқаруды жүктеді. Ауылдық елді мекендер де назардан тыс қалмаған. Үштеректе сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылса, Сарышығанақ ауы-лында көшенің жарықтандыру желісі жөнделген, Қалқаманда жаңа қазандық, кешенді су модулі орнатылған. Алғабасқа дизельді электр станция сатып алыныпты.

– Қаланы дамыту үшін инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру – маңызды міндет. Ақсудың екі ірі қала құрушы кәсіпорнының облыстың өнеркәсіптік өндірісінің жалпы көлеміндегі үлесі – 18 пайыз шамасында. Бұл кәсіпорындардың халықты жұмыспен қамтуда алатын орны зор. Дегенмен, одан әрі дамыту үшін инвестициялық әлеуетті арттыру қажет. Бүгінде қала аумағында 2 ірі инвестициялық жоба іске асуда, оларда 800 жұмыс орны құрылады, – деді Асайын Байханов.

Аймақ басшысы 2026 жылға жос-парланған істерді тізді. Қала бюджеті 2 есеге артып, 20,5 млрд теңгені құрады. Қалалық саябақ, С.Дөнентаев атындағы мәдениет үйінің саябағы жаңартылмақ. Шаһарда 15 көшенің жолдары жөнделеді. 9 білім беру мекемесі мен 11 әлеуметтік нысанның кіреберіс жолдары асфальтталады. 37 ойын және футбол алаңы орнатылады. №24 балабақшадағы бассейн жөнделіп, М.Омаров атындағы ауылда дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады.

Тұрғындар нені тілейді?

Бұдан кейін көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға аймақ басшысы жан-жақты жауап берді. Айнакөл ауылының тұрғыны байланыс сапасының нашарлығына, ауылдық ФАП-та тұрақты терапевтің жоқтығына және №38 автобустың күніне екі рет қана кіретініне шағымданды. Байланыс сапасына жауапты орган өкілдері биыл Билайн байланысының базалық станциясы орнатылғанын, қазіргі таңда диапазонын реттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Байланысқа қатысты Ақсу қаласының жеке үйлер секторының тұрғындары да өтініш білдірді. Облыс әкімі мамандарға жағдайды зерделеуді тапсырды. Ал терапевтің жоқтығына қатысты жауап берген аймақ басшысы мамандардың жетіспеушілігі көп жерде кездесетінін атап өтті. Тиісті нормаларға байланысты бірнеше ауылға бір терапевт бекітілетінін ескертті. №38 автобустың қатынауына
қатысты шешім ауылда өткізілген жиында қабылданғанын еске салды.

Ақсулық азаматтардың бірі азық-түлік бағасын бақылау тетіктерін сұрады. Айтуынша, баға шарықтауда. Асайын Қуандықұлы әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрінің бағасы бақыланатынын, оның бірқатар тетігі барын айтты. Маусымаралық шақта тұрақтандыру қордың көмегі қарастырылған. Жергілікті азық-түлік тауар өндірушілермен келісім жасалады. Дегенмен, барлық дүкендер қамтылмайтынын да атап өтті. Яғни, әлеуметтік дүкендерге ғана жеткізіледі. Ақсуда мұндай 14 дүкен бар.

Ал Балқия Ерғалиева қалалық аурухананың мүшкіл жағдайын айтып, аймақ басшысынан көмек сұрады. Айтуынша, еден сықырлап, жамаудан көз сүрінеді, мұндай халдегі жерден жазылып шығудың өзі қиын.

– Бұл мәселені жақсы білемін. Бұған дейін төтенше жағдайды бастан кешкен Екібастұз қаласына көңіл бөлдік. Енді Ақсуға назар аударамыз, – деді А.Байханов.

Құзырлы органға жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді тапсырғанын айтты. Құжаттар 2026 жылдың наурызына дейін дайын болса, мемлекеттік сараптамадан өткізуге шамамен 60 күн жұмсалады. Содан соң қаржыландыру мәселесі шешіледі. Аурухананы жөндеу үш кезеңге бөлініп, іске аспақ. Қаржы республикалық бюджеттен сұралады, берілмесе, бастапқы кезеңге облыс қазынасынан қарастыру көзделген.

Жеңіл атлетикадан жаттықтырушы балаларға манеж салып беруге өтініш білдірді. Бұған дейін жоба жасалып, кейін аяқсыз қалған. Аймақ басшысы құзырлы органға жобаны қайта қарастыруды тапсырды. Егер құны 1,5 млрд теңгеден төмен болса, ERG компаниясымен келіссөздер жүргізілмек. Облыс әкімі аталмыш компанияның әлеуметтік жауапкершілік аясындағы қаражатының басым бөлігі келесі жылы Ақсуға бағытталатынын мәлім етті.

Сонымен қатар, ақсулық ардагер ұстаз этно-мәдени бірлестіктерге және қалалық музейге жеке ғимарат қарастыру қажеттігін алға тартты. Бүгінде музей С.Дөнентаев атындағы мәдениет үйінің үшінші қабатында бір бөлмеде ғана орналасқан. Асайын Байханов рухани азық беретін мекемелер жұмысы да — маңызды бағыт, Ақсу өзге өңірлерден еш кем түспейді, өндірістік әлеуеті жағынан алда, деді. Сондықтан бұл ұсыныстар ескеріліп, рет-ретімен жүзеге асырылатынын мәлімдеді.

Кездесуде бұдан бөлек тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, экология, қоғамдық көлік, тұрғын үй кезегі тақырыптары да қозғалды. Әрқайсысына тұшымды жауап қайтарылып, назарға алынды.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Ақсу қаласы.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.