Рысты Мағауияқызы — менің еңбек және өмір жолымдағы дана ұстазым, ақылшы тәлімгерім! Менің ғана емес, қаншама жанға өнегелі ұстаз болды. Шәкірттерінің бірі — мен. Бұл — мен үшін үлкен абырой.
Қазақтың халық даналығында адамның қайталанбас болмысын, тұлғалық феноменін сипаттағанда «Сегіз қырлы –
бір сырлы» деген нақыл сөз қолданылады. Рысты Мағауияқызы дәл осындай адам.
Ұстазымның мінез-құлқына, басшылық ету стиліне, қарым-қатынас жасауына және адамдармен өзара байланысына тән қасиеттерге адалдық, ар-намыс, жауапкершілік, серіктестік, құрмет, адам әлеуетіне деген сенімді жатқызамын. Оның феноменалды болмысының сан қырын мен әрі жұмыста, әрі күнделікті қарым-қатынаста тани білдім. Сол қырлардың кейбірімен бөліскім келеді.
Мәселен, әлеуметтік мәселелерді, әсіресе, әлеуметтік жағынан осал санатқа жататын адамдардың мәселелерін шешуде ұстазымның әрдайым нақты әрі мақсатты көзқарасы болды. Бір жолы сұхбаттарының бірінде тәлімгерім: «Менімен жұмыс істеу оңай емес, өйткені мен әрдайым мәселенің мәніне өзім жетемін, барлық ұсақ-түйегіне дейін үңілемін, менен бірдеңені жасыру қиын. Осы жерде өмір сүріп жатқан қарапайым адамға аз да болса пайда тигізгенімнен қанағат табамын. Осындай тәртіппен жұмыс істеймін және мұны қарамағымдағы қызметкерлерден де талап етемін» — деген еді.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметін атқара жүріп, Рысты Мағауияқызы атаулы әлеуметтік көмек пен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақылар туралы заңдардың орындалуын үйлестіруші болды. Оның басшылығымен біздің әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту департаменті әкімдіктердің салалық бөлімдерімен, өңірлердің медициналық ұйымдарымен бірлесіп көпбалалы отбасылар туралы, бірде-бір отбасы мүшесі жұмыспен қамтамасыз етілмеген, бір және одан да көп мүгедектігі бар отбасылар туралы облыстық деректер базасы құрылды. Тоқсан сайын мәліметтер базасы жаңартылып отырды. Бұл жұмысымыз көп ұзамай нәтижесін берді. Атаулы көмек және балаларға арналған жәрдемақылар туралы заңдардың орындалу барысы, мұқтаж отбасылардың жағдайы «Департамент күндері» аясында зерттеліп, қаралды. «Департамент күні» үшкүндігінде ауыл тұрғындарымен, әсіресе, ең шалғай елді мекендердегі адамдармен кездестік. Осы күрделі әрі жауапты жұмыстың үш күндік қорытындысын Рысты Мағауияқызы өзі жүргізді. Ол «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын облыс әкімінің орынбасары болған кезінен бастап қолданған.
Департаментке басшылыққа тағайындағанда өзіме үлкен сенім артты, батасын берді. «Тәжірибең де, білімің де жеткілікті» деп жауапты қызмет тізгінін ұстатқанын ұмытпаймын. Маған қандай қызмет ұсынса да, мен ылғи өзіме сенімсіздік танытатынмын. Нәтижесін көргенде тәлімгерім «Қолыңнан келетінін білгенмін» деп арқамнан қағатын. Қазір жүріп өткен жолыма көз салсам, осылай ол мені ширатып отырған екен ғой.
Дана тәлімгерімнің өмірлік сабақтарына оның сенім арта білу, күрделі жобаларды тапсыра білу және шешім қабылдауды үйрету қабілетін жатқызар едім. Оның бірде: «Объектінің дайындық деңгейін тексеру керек, өзің барып, менің көзіммен көріп қайт!» деген тапсырмасы маған оңайға соқпады. Сол сәтте саған сенім артылғанын түсінесің, ал сенім артылған жерде жауапкершілік те еселей түседі.
Тағы бір мысал — Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып жаңадан тағайындалған Бердібек Сапарбаевтың біздің облысқа жасаған сапары. Сол кезде Рысты Мағауияқызы тарапынан бір ғана ұйымдастыру кеңесі өткізілді. Аталған кеңесте министрдің жұмыс сапарының жоспары бекітіліп, сол уақытта Павлодар облысының әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту департаменті директорының міндетін атқарып жүрген маған нақты тапсырма берілді.
Әріптестеріммен бірге жұмысты адал әрі жауапкершілікпен атқардық. Алайда, қатты алаңдап, толқыдық. Өйткені бізге көрсетілген сенім үшін толық жауапкершілік жүктелген еді. Жұмыс сапары жоғары деңгейде өтті. Қорытындылау барысында Рысты Мағауияқызы бәрімізге алғысын білдіріп: «Мен де уайымдадым, кей сәттерде бәрін қайта-қайта тексергім келді. Алайда өзімді тежедім, өйткені дәл осындай жағдайларда адамдар жауапкершілік пен сенімге үйренетінін жақсы түсіндім», — деп ашық айтты.
Осылайша, біз күн сайын ұстазымыз әрі тәлімгерімізден үйреніп, тәжірибесін бойымызға сіңіріп, соңынан ердік. Қай деңгейде шара болса да, әрдайым сол талап пен ұстаным сақталатын.
Бірде мемлекеттік қызметтен ақпараттық салада холдинг басқару тізгінін ұстатты. Ұжыммен таныстырып, үш газеттің басын қосатын ұйымды шығынды кәсіпорыннан табысты меке-меге айналдыру міндеті қойылды. Тарихы тереңде жатқан газеттерге басшылық етуге жүрексіндім. Бұл қызметте де ылғи ұстазымның ақыл-кеңесіне құлақ түріп, алға бастық. Әрдайым қадағалап отырды. Алдымен мені Атырауда жұмыс істеп тұрған холдингтің жұмысымен танысып келуге жіберді. 1,5 күн ішінде батыстағы әріптестердің жұмысын зерделеп, тәжірибесін тыңдап келдім. Рысты Мағауияқызы «1,5 параққа негізгі ұсыныстарды жазып, түйіндеп әкел» деді. Бұл ұсыныстармен сол кездегі облыс басшысы Бақытжан Әбдірұлына кіріп, қолдау таптық. Бір жыл ішінде холдингті шығынан шығарып, табысты кәсіпорын қатарына қоса алдық. Бұл, әлбетте, сол кездегі ұжыммен, әріптестеріммен бірлескен жұмыстың нәтижесі. Кейбір газетте бұған дейін жұмысқа жарамсыздық күндері үшін іссапар шығындары төленбей келген екен. Оны да реттедік. Мүмкіндікке қарай тоқсан сайын сыйақы үлестіре алдық.
Жанындағы қызметкерлердің әрбіріне Рысты Мағауияқызы әрдайым қамқорлық, ықылас пен қолдау көрсетті. Ол бірге жұмыс істейтін, сенім артқан әріптестерін жоғары бағалайтын. Егер әріптестерінің бірі еңбек демалысына шықса, оны мазалауға, шұғыл мәселелермен шақыруға рұқсат бермейтін. «Демалсын, алда оны жаңа еңбек жылы күтіп тұр» деуші еді. Ал біреу сырқаттанып қалса, ол адамға сауығып, қайтадан қызметке оралуына көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын.
Рысты Мағауияқызы – өте зерделі, мейірімді әрі сезімтал жан еді. Ол әріптестері мен қарамағындағы қызметкерлердің жан дүниесіндегі күйлерін терең сезіне білетін. Осындай сәттерде ол сұрақ қоймай-ақ, «Көзіме қарашы», – дейтін. Жағдай мен мәселенің мәніне қарай туындаған түйткілді шешуге барынша күш салатын. «Қызмет – қызметпен, достық – достықпен» деген қағидатты бұзған емес. Бұл ұстаным баршаға бірдей, ешқандай ерекшеліксіз қолданылатын.
Рысты Мағауияқызы — бүкіл саналы ғұмырын қоғамдық мүддені жеке бастың мүддесінен жоғары қоюға арнаған, кәсібилікті, адалдықты және адамдарға деген шынайы қамқорлықты үйлестіре білген мемлекеттік қызметшінің нағыз эталоны.
Ұстазым, дарынды басшы, кемел ойлы тәлімгер қуаныш пен қайғымда қасымнан табылды. Тіпті, кейде арамызды қашықтық бөліп, хабарласуға мүмкіндік болмағанның өзінде, оның көзге көрінбейтін, бірақ жүрекпен сезілетін жанашырлығын үнемі сезіп жүрдім.
Оның нақты нұсқаулары, мейірімді, бірақ сонымен бірге қатал көзқарасы «Нұржамальчик, күйзелмей жүр! Көзіме қара!» деген сөздері бірден әсер етіп, өз-өзімді жинақтап, ақыл мен салқынқандылықты қосуға көмектесетін. «Нұржамальчик» деп мені тек Рысты Мағауияқызы атаушы еді.
Рысты Жұмабекованың феномені – адамдарға, өз еліне қызмет етуге шексіз адалдығы, адамгершілігі, әр шешімге жеке жауапкершілігі, өзін жетілдіруге және өзін-өзі дамытуға үздіксіз ұмтылысы.
Құрметті демалыста болғанына қарамастан Астана қаласы Балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік-еңбек саласындағы мониторинг және талдау департаментінің директоры, Отбасы, әйелдер және балалар мәселелері бойынша республикалық қоғамдық кеңестің сарапшысы ретінде қызмет атқарды. Осылайша, отбасыларды, әйелдерді және балаларды әлеуметтік қорғау мәселелеріне, балалар мен әлеуметтік интернаттық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға зор үлес қосты.
2023 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатына үміткер болғанын білесіздер. Сонда Рысты Мағауияқызы сайлаушыларға: «Күштердің үйлесімі — жастар мен тәжірибе. Жаңа Қазақстанның жаңа Мәжілісі, пайдалы болу, адал, таза болу, Отанға қызмет ету ешқашан кеш емес!» деген еді.
Әлі күнге дейін ұстазымның арамызда жоқтығына сене алмай жүрмін. Соңғы рет Астанада кездескенімде балаларыма, немереме батасын беріп, жылы лебізін білдіріп еді. Алыста болса да, ылғи халімді біліп, хабарласып тұратын.
Рысты Мағауияқызы – ұстаздардың ұстазы, еңбек адамы, еліміздің мықты тұлғаларының бірі, Отанымыздың нағыз патриоты.
Мен тағдырыма шексіз ризамын, өйткені мемлекеттік қызметте осындай жан басшылық еткен жылдарда еңбек еттім. Жетекшілік және идеология бағытында мол тәжірибесіне қанығып, ізінен ердім. Берген тәрбиесі, адамгершілігі мен мейірімі өзіме баға жетпес байлық дер едім. Қалдырған ізі, жүрегімізде жаққан жарығы – мәңгілік. Біздің міндет —
Рысты Мағауияқызынан үйренгенімізді, алған бағытымызды әрі қарай абыроймен алып жүру. Ұстазымның нұры, даналығы, рухы – әрдайым жүрегімде!
Нұржамал ТЫШҚАНОВА, шәкірті.
