С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ҚР Мәдениет қайраткері, өлкетанушы, өнертанушы, журналист Айтжан Бәделханның 95 жылдығына арналған «Сыр сандығын ашқызып өнерлі елдің» атты еске алу кеші өтті.
Шараға марқұмның туған-туыстары, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, журналистер, өнер адамдары мен қала тұрғындары қатысты.
Айтжан Бәделханұлы 1930 жылы Ертіс ауданының №14 ауылында дүниеге келген. Өмірдің ауыр сынақтарын ерте көріп, жастайынан еңбекке араласқан ол 19 жасында Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне оқуға түсіп, оны үздік тәмамдайды. Университет қабырғасында Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сынды алыптардан дәріс алады. Бұл кезең оның болашақ шығармашылық бағытына зор ықпал етті. Еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінде бастаған Айтжан Бәделхан кейін «Тың өлкесі», «Қызыл ту» газеттерінде жауапты қызметтер атқарып, журналистиканың нағыз мектебінен өтті. Ал 1991 жылдан бастап Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде қызмет етіп, тың ғылыми ізденістерге ден қойды. Әсіресе Майра Уәлиқызының өмірі мен шығармашылығына қатысты бұрын беймәлім деректерді тауып, оның туған күнін нақтылауы – зерттеушілік еңбегінің жарқын үлгісі.
Еске алу кешінде филология ғылымдарының кандидаты, Торайғыров университетінің профессоры Айман Зейнулина ғалымның зерттеушілік қырына тоқталды.
— Айтжан Бәделхан — Ертіс–Павлодар өңірінің тарихын жетік білген өлкетанушы ғалым. Ол қолөнер, ел арасындағы аңыз-әңгімелер мен патриоттық мазмұндағы шығармаларды жинап, балалар басылымдарында жариялады. Мен Сәбит Дөнентаевтың «Бозторғай» поэмасының толық нұсқасын алғаш рет осы кісіден оқыдым. Оның тағы бір ерекшелігі — үнемі жазып отыратын әдеті. Отырған жерінде ой түйіп,
дерек түртіп алатын, — деді ғалым.
Айтжан Бәделханның туған інісі Биікбай Бәделхан ағасының адамгершілік болмысын еске алды.
— Мен одан бірнеше жас кіші болсам да, бала күнімнен ағамды мақтан тұттым. Ол бізге ғана емес, ауылға да қамқор болды. Ауылға келгенде ақсақалдармен әңгіме-дүкен құрып, елдің жағдайын сұрайтын. Оның көмегімен мен оқуға түсіп, жоғары білім алдым. Бүгінгі жеткен жетіс-тігімізде ағамның үлесі зор, — деді ол.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров Айтжан Бәделханның өнертанушылық еңбектеріне тоқталды.
— Ол біз үшін ұстаз әрі әке болды. Кеңес дәуірінде Павлодар қаласындағы ғимараттар мен мекемелердің атауларын қазақша баламасын ұсынған да — Айтжан аға. Бір сөздің өзінде қазақтың болмысы жатуы керек деп үйрететін. Қазіргі таңда оның таспаға жазып кеткен мұраларын цифрландыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұқар жырау музейінде арнайы бұрыш бар, алдағы уақытта ғылыми орталыққа есімін беру жоспарлануда, тіпті 100 жылдығына дайындықты бастап кеттік, — деді музей басшысы.
Кеш барысында Айтжан Бәделханның сүйіп тыңдаған әндері орындалып, ол туралы деректі фильм көрсетілді.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.
