Ертіс ауданында ғылым мен өнер саласында талантымен танылып жүрген жастар қатары артып келеді. Солардың бірі — тоғызқұмалақтан халықаралық ареналарда топ жарған жас спортшы Айжан Темірбаева.
Жуырда Алматыда өткен Азия чемпионатында қола жүлде жеңіп алып, Бішкекте ұйымдастырылған Шыңғыс Айтматовқа арналған халықаралық турнирде 2-орын иеленді. Бұл жетістік Айжанның табандылығы мен еңбек-қорлығын көрсетеді.
Сондай-ақ өңірде ғылым саласында да жас дарындар көзге түсуде. Ертіс ауданы Ұзынсу мектебінің 9-сынып оқушысы Болат Мансұр ауыл шаруашылығы мен экология саласында ғылыми жобаларымен танылған. Ол вермитехнология, микрожасыл өсіру және аграрлық экономиканы дамыту бағытында зерттеулер жүргізіп, облыстық және республикалық байқауларда жүлдегер атанған. Болаттың еңбектері экологиялық ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған.
Өнер саласында да жас таланттар аз емес. Жас виртуоз музыкант ретінде Дінмұхаммед Беспаев 7 жасында форте-пианоға қызығып, бір жылдан кейін музыка мектебіне қабылданды. Қазір ол халықаралық, республикалық және облыстық байқауларда бірнеше мәрте бас жүлде мен жүлделі орындарға ие болды. Дінмұхаммед фортепиано мен домбырада еркін ойнап, классикалық музыканың күрделі туындыларын орындайды.
С.ӘБДОЛ.
Ертіс ауданы,
