Биыл Ақтоғай ауданының Жолболды ауылында жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында бірқатар маңызды жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бүгінде бұл жұмыстардың бірқатары басталып кетті.
Атап айтқанда, Әйтеке би көшесінің 1,8 шақырымы мен М.Әуезов көшесінің 1,7 шақырымына орташа жөндеу жұмыс-тарын жүргізу көзделген. Аталған жобалардың жалпы құны 136,4 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама толық әзірленгенімен, жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған қаржыландыру әлі нақтыланған жоқ.
Сонымен қатар, жануарларды ұстау жағдайларын жақсарту мақсатында биыл облыстық бюджет есебінен Жолболды ауылында ветеринариялық пункт пен мал қорымын салу жоспарлануда. Бұл бастамалар ауылдық жерлерде ветеринариялық іс-шаралардың тиімділігін арттырып, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге оң әсерін тигізбек.
Бұдан бөлек, осы жылы гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскесінің бір бөлігін «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының балансына беру жоспарланып отыр. Бұл қадам су шаруашылығы нысандарының техникалық жағдайын жақсартуға және олардың қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
А.БОРАНБАЕВА.
Ақтоғай ауданы.
