Кейбір актерлер сахнаға шыққан сәттен-ақ жарқырап, көрерменнің жүрегінде мәңгіге сақталады. Тіпті, шағын эпизодтық рөлі де басты кейіпкерлермен бәсекеге түсіп, сахнада өз салтанатын көрсетіп кетеді. Олар жай ғана ойнамайды – кейіпкерімен өмір сүреді, өзінің тұлғасын тұтасымен өнерге арнайды. Мұндай талантты актерлерді сахна мен экран тең сүйеді, бірақ олар санаулы ғана.
Сол аздың бірі – Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының таланатты әртісі Ақық Таспаева. Оның сомдап шыққан әрбір кейіпкері өмірге толы, сахнада шынайы сезіммен, көрерменді баурайтын ерекше күшпен беріледі. Сол үшін де оны көрген әркім сахнадағы сәтін ұмытпайды. Жуырда кезекті қойылымға дайындық барысында өнер иесімен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Ақық Қабдоллақызы, уақыт керуенімен бірге талай белесті артқа тастаған Жүсіпбек Аймауытов театры өткен жылы 35 жылдық мерейтойын атап өтті. Сіз де осы театрдың қалыптасу тарихында өз қол-таңбаңызды қалдырдыңыз. Сахнаға алғаш қадам басқан сәтіңізді – тұңғыш қойылым «Айман-Шолпан» кезіндегі
сезімдеріңіз бен естелікте-ріңізді айтып берсеңіз…
– 1990 жылы Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Театр және кино институтында 5-курста оқып жүрген кезіміз. Ол уақытта оқу орнының басшысы белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай еді. Бір күні ол кісі бізді жинап алып: «Павлодар қаласында қазақ театры ашылады. Соған топпен барасыңдар», – деді.
Институт қабырғасында бұған дейін студенттерді жаңадан ашылатын театрға жіберу тәжірибесі болмаған екен. Сөйтіп, курс болып Павлодар қаласына аттандық. Жаңадан ашылған театрдың шымылдығын жазушы Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектаклімен түрдік.
Араға санаулы күн салып, дип-ломдық жұмыстарымызды да осы театрдың сахнасында қорғадық. Дипломдық қойылым ретінде У.Гаджибековтың «Аршин – Малалан» спектаклін сахналадық. Мен онда басты кейіпкер – Гюлчохра рөлін сомдадым. Кейін дипломды алу үшін Алматыға қайта оралдық. Құжатты қолымызға алған соң, келесі жылы курс болып Павлодарға қайта оралдық.
Әрине, басқа қалаға қоныс аудару ойы да болды. Алайда тағдыр мені осы сахнамен қайта-қайта тоғыстыра берді. Сөйтіп, сол уақыттан бері облыстық қазақ музыка-драма театрының қабырғасында еңбек етіп келемін.
Жалпы, театрға келу біз үшін зор тәжірибе мектебі болды. Массалық сахналарда тәжірибелі әртістермен бірге ойнауға мүмкіндік туды. Бұл бізге кәсіби тұрғыдан шыңдалуға зор әсер етті.
Сол жылдары өнер ордасының директоры Бектас Тапалшинов, бас режиссер Ерсайын Тәпенов және облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мұхит Омаров еліміздің өңірлерінен талантты жас әртістерге іздеу салды. Нәтижесінде, бір топ әртіс жиналды. Олардың қатарында Бахаргүл Құрбанова, Құрманғазы Айтмырзаев, Сансызбай Бекболатов жұбайымен, Мұхтар Манапов, Талжібек Атамбек, Байжұман Мұхтаров, Жұмахан Доспаев, Рауза Тәжібаева және жолдасы Сейітжан Тәжібаев сынды өнер иелері болды.
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ театры облыста алғаш рет 1938 жылы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектаклімен ашылды. Режиссері Қадыр Хамзин болды. Сол кезеңде Жұмат Шаниннің «Арқалық батыры» секілді патриоттық драмалары, сондай-ақ Николай Гогольдің «Ревизор» сияқты әлемдік классикалық туындылары сахналанды. Алайда 1950 жылдардың аяғында тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталып, ұлттық мектептер мен мәдениет ошақтары біртіндеп жабыла бастады. Солардың қатарында Павлодар-дағы қазақ театры да болды.
– Өнер жолын таңдағаныңыз кездейсоқтық па әлде ата-анаңыздың әсері болды ма?
– Кездейсоқтық емес. Себебі, менің ата-анам да өнер адамдары болды. Отбасымызбен ән айтатынбыз. Қаннан дарыған қасиет болар, мен де бала күнімнен ән айттым. Бір күні танымал әнші Роза Рымбаеваның орындауындағы «Әлия» әнін құлағым шалып қалды. Әнді алғаш тыңдағанда жан дүнием елегізіп, бойымды тылсым бір күш кернеп кетті. Сөйтіп, мүлде ән айтпаған қарапайым қыз әнші болуды мақсат етті. Әннің орындалуы ауыр болса да, мектепте, мерекелік шараларда айта бастадым. Сөйтіп жүріп ауыл арасында «әнші қыз» атанып кеттім. Түрлі байқауға қатыстым.
Мен туып-өскен Жамбыл ауданы Жаңаауыл ауылынан шыққан белгілі бір жазушы бар. Ол – Ғабит Мүсірепов. Жазушы көзі тірісінде жылына бір мәрте жазушылар мен әншілерді жинап, өзінің туған жеріне келетін. Сол дәстүрімен бір жылы ауылға келді. Ол кезде менің әншілікпен көпке танылып кеткен кезім. Сөйтіп, Ғабит ағамызбен бірге келген жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің алдында өнер көрсету бағы бұйырды. Сол сәтте өнеріме тәнті болған Ғабит ағам ақ жол тілеп, батасын берген еді.
Арада бірнеше жыл өтті. Әнші боламын деп Алматыға аттандым. Ол кезде Алматыға оқуға түсу оңай емес. Сондықтан болар, алғашқы жылы музыкалық училищеге түсе алмадым. Алайда уақыт босқа өтпесін деп бір жыл балабақшада тәрбиеші болып еңбек еттім. Бірақ адам алдына мақсат қойса, соған жетпей тұра алмайды ғой. Сөйтіп, келесі жылы құжаттарымды жақындау деп Көкшетау қаласындағы Біржан атындағы музыкалық училищеге тапсырдым. Сол жылы оқу орнының «Әншілік» бөліміне қабылданып, төрт жыл бойы музыкалық білім алдым.
Дегенмен, Алматыға барып оқу арманым әлі де бар болатын. Сөйтіп, «құласаң нардан құла» деп, бірден Алматыдағы консерваторияға аттандым. Қуанышқа орай, бірден оқуға қабылдандым. Сол кезде біздің бөлімді әнші, Қазақстанның халық әртісі Бекен Жылысбаев басқарған еді. Ол кісі менің театр бағытына қабілетімнің бар екенін аңғарып, осы салаға бет бұруыма ақыл-кеңесін айтты. Сөйтіп, жаз айында театр институтына құжаттарымды тапсырып, іріктеу кезеңінен сәтті өттім. Осы ретте, осы салаға келуіме себепкер болған Бекен Жылысбаев ағама алғысым шексіз.
– Осы күнге дейін қанша рөлді алып шықтыңыз?
– Ой, оны айта алмаймын. Өйткені, көптеген рөлді сомдадым. Оның ішінде жағымды да, жағымсыз да кейіпкерлер бар. Дегенмен, есте қалған Айна (О.Бөкей «Атау Кере), Шүйкетай (С.Жүнісов «Қызым, саған айтам…»), Айман (М.Әуезов «Айман-Шолпан»), Құдағи (Исмагилов «Құдалық), Жібек (Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек») атты кейіпкерлерді атап өтуге болады.
Жалпы, мен арманы жоқ актрисамын. Неге десеңіз, орыс, шетел, өзіміздің қазақ классикалық шығармаларында бірнеше рөлді сомдадым.
– Ескірмес естеліктерді еске алдық. Енді бүгінгі театр, қазіргі әріптестер, жаңа қойылымдар жайлы сөз қозғасақ…
– Қазақ театры бүгінгі күнде тек өткен дәстүрді сақтап қоймай, жаңа бағыттар мен заманауи тақырыптарды іздеуде табанды еңбек етуде. Қазіргі уақытта көрерменнің талғамы өзгергендіктен, сахнадағы шығармашылық та жаңа деңгейге көтеріліп жатыр.
Қазіргі әріптестер – еңбекқор, шығармашылыққа адал және өз ойын ашық жеткізе білетін адамдар. Бір-бірінен шабыт алып, тәжірибе бөлісетін шығармашылық ұжым әр қойылымды ерекше етеді. Осы ынтымақтастық арқасында жаңа жобалар мен эксперименттік спектакльдер дүниеге келіп, жастар мен көрерменге ерекше эмоция мен ой салатын қойылымдар сахналанады.
Жаңа қойылымдар заманауи тақырыптарға, өмірлік оқиғаларға, жастарға жақын кейіпкерлерге басымдық береді. Моно-спектакльдер, пластикалық және эксперименттік нұсқадағы қойылымдар көрерменге жаңа тәжірибе сыйлайды. Сонымен қатар, театр әлеуметтік желілерде белсенді: сахнаарты көріністері, трейлерлер, актерлермен сұхбаттар арқылы жастардың қызығушылығын оятады.
Бүгінгі театр – тек өнердің емес, ой мен сезімнің кеңістігі. Ол көрерменге рухани азық беріп, өмірді түсінуге көмектеседі. Әр қойылым – тек сахнада өмір сүріп қоймай, көрерменнің жүрегінде ұзақ уақытқа есте қалады. Театр әртістері үшін зор қуаныш – сахнадан алған әсерін көрерменнің көзінен көру және әр қойылымды жаңа өмірге жеткізу.
– Қазіргі таңда қазақ жастары театрға келе ме? Олардың қызығушылығын арттыру мақсатында қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?
– Бүгінгі қазақ жастарының сах-наға деген қызығушылығын жиі байқаймын. Бұл – біз үшін зор қуаныш. Сондықтан қойылымдарды жастарға жақын тақырыптармен, қазіргі өмірден алынған кейіпкерлермен байытудамыз. Экспери-
менттік спектакльдер, моноспектакльдер, пластикалық театр түрлері арқылы біз оларға жаңа нұсқа мен ерекше көңіл күйді ұсынамыз. Бұл тәсіл жастардың қызығушылығын арттырады деген сенімдеміз.
– Әр рөлге дайындық процесі қалай өтеді? Сценарийді оқу мен кейіпкерді зерттеу арасындағы баланс қандай?
– Әр рөлге дайындық көп уақытты талап етеді. Алдымен сценарийді мұқият оқу қажет. Бұл тек сөздерді жаттаумен шектелмейді: әр сөйлемнің астарында жатқан эмоцияны, кейіпкердің ойларын, сезімдерін түсіну маңызды. Мәтіннің әр жолы – кейіпкердің ішкі әлеміне апарар қадам.
Сценарийді оқумен қатар, кейіпкерді терең зерттеу – дайындықтың негізгі бөлігі. Оның өмір жолын, әдеттері мен қорқыныштарын, арман-мұраттарын зерттеу керек. Кейіпкердің әрекеттері мен сөздері тек сахнада өмір сүрмейді. Олар әртістің ішкі сезімімен үндесуі тиіс. Кейде кейіпкердің психологиясын түсіну үшін оның өміріндегі ұсақ-түйек сәттерін елестету, эмоциясын сезіну қажет. Бұл процесс кейде мәтінді жаттаудан да көп уақыт алады, өйткені шынайы рөл жасау – тек сөздерді айту емес, оны сезіну.
Сценарий оқу мен кейіпкерді зерттеу арасындағы баланс өте маңызды. Алдымен мәтінді толық меңгеру қажет, бірақ оны тек механикалық жаттау жеткіліксіз. Кейіпкердің ішкі әлемін түсіну арқылы ғана сахнада өміршең, есте қаларлық образ туындайды. Әр рөл – актердің өз тәжірибесімен, эмоциясымен үйлескенде ғана көрерменге әсер қалдырады.
– Қазіргі жас әртістерге актерлік шеберлікті үйрету немесе шығармашылыққа ұмтылуға қандай кеңестер берер едіңіз?
– Қазіргі жас әртістерге айтар басты кеңесім – ешқашан оқуды, ізденуді тоқтатпау. Актерлік шеберлік тек сахнада дамымайды. Ол өмірді, адамдарды, эмоцияларды терең түсінуден басталады. Әр оқиға, әр кездескен адам сізге жаңа тәжірибе береді, сондықтан бәрінен сабақ алыңыз.
Екіншіден, шығармашылыққа ұмтылу үшін өзіңізге сенімді болу маңызды. Қиындықтар мен сындар болатыны анық, бірақ әр спектакль, әр рөл – бұл тек мүмкіндіктер. Қателіктен қорықпау керек, себебі, актердің кәсібі – сезім мен ойды көрсету және бұл жолда тәжірибе үлкен ұстаз. Сонымен қатар, ойлау қабілетіңізді, эмоционалды еркіндігіңізді дамытып, әрдайым жаңалыққа ашық болу қажет. Жаңа әдістерді үйреніңіз, әртүрлі спектакльді көріңіз, әріптестеріңіздің тәжірибесінен шабыт алыңыз.
Қорыта айтқанда, жас әртіс үшін бастысы, шабыт, еңбек және шынайылық. Егер сіз өзіңізге адал болып, өзіңіздің ішкі әлеміңізді дамытсаңыз, кез келген рөлді өміршең әрі есте қаларлық ете аласыз. Театр – бұл тек сахна емес, бұл өмірді терең сезіну мен өзіңді табу жолы.
– Сіз үшін өнер деген не? Өнер мен өмір арасындағы байланысты қалай түсінесіз? Өнер адамға не береді?
– Мен үшін өнер – бұл адамның ішкі әлемін, сезімін, ойы мен армандарын басқаларға жеткізу құралы. Өнер арқылы біз тек көркем бейнелерді көрсетіп қана қоймай, қоғам-дағы өзекті мәселелерді қозғаймыз, адамға рухани азық береміз.
Өмір мен өнер бір-бірімен тығыз байланысты деп ойлаймын. Өмірдегі әрбір сәт, әрбір эмоция –
бұл актер үшін материал. Ал өнер оны көрерменге жеткізуге, сезімін оятуға, ой салуға мүмкіндік береді. Қойылымдағы әр рөл, әр сахналық көрініс – өмірдің шағын айнасы, онда біз шынайы өмірдің қуанышын, қайғысын, арманы мен үмітін көре аламыз.
Менің ойымша, өнер адамға терең ой салады, жүрекке әсер етеді, рухын байытады. Ол адамға тек эмоция мен эстетикалық ләззат қана емес, өмірді түсіну, сезіну және бағалау қабілетін береді. Актер үшін өнер – бұл өзіңді табу, өз ойыңды жеткізу және басқаларға жанашырлық пен түсіністік сыйлау жолы.
Қорыта айтқанда, өнер – өмірдің өзі сияқты күрделі, көпқабатты және мәнді нәрсе. Ол адамды сезімтал, ойлы және шығармашылыққа ашық етеді.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет! Шығармашылығыңыз өрлей берсін!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.
