Май ауданында «Әкенің сөзі – тәрбие, ісі – өнеге» тақырыбында аудандық әкелер форумы өтті. Тағылымды шараның негізгі мақсаты – әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және қоғамда өнегелі бейнесін қалыптастыру.
Форум аясында «Әкем – асқар тауым» атты фотокөрме мен «Әке мектебі: өмір мен тәрбие» тақырыбындағы кітап көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан зор қызығушылыққа ие болды. Негізгі бөлімде «Әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі» тақырыбында тренинг өтіп, тәрбиелік мәні зор тәжірибелік шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Одан бөлек, ұлттық қолөнердің түрлері таныстырылып, ұлттық тәрбие мен отбасылық сабақтастықтың маңызы кеңінен тарқатылды. Ал «Тазы – жеті қазынаның бірі» тақырыбында Нұрасыл Мұратов құмай тазының ерекшеліктері жайында баяндаса, Әкелер мектебінің мүшесі Ержан Қуанышев шағын орталық тәрбиеленушілеріне қой өсіру мен оны күтіп-баптаудың қыр-сырын іс жүзінде көрсетті. Форумның екінші бөлімінде әкелер ұлттық спорт элементтері қамтылған эстафеталық жарыстарға қатысып, белсенділік танытты.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.
Май ауданы.
