Ақтоғай ауданында Ертіс өзенінің сағасы саналатын Талинка өзенінің түбін тазалау жұмыстары жалғасуда. Екі жылға созылатын жобаның жүзеге асуына 1,7 млрд теңге қаражат бөлінген. Мердігер – «Павлодар өзен порты» АҚ тиісті жұмыстарды биыл аяқтауға тырыспақ.
Бұл мәселе осыдан 2-3 жыл бұрын көтерілген еді. Шаруалардың айтуынша, суару жүйелерін сумен қамтамасыз ету үшін Ертіс каналының арнасын тазарту қажет. Бұл жерде өзен арнасы соңғы рет 1984 жылы тазартылған екен. Су тасыған кезде оның тереңдігі 2,5 метрді құрайды, ал қалған уақытта 1,5 метрден де аспайтын көрінеді. Қалыпты жұмыс істеу үшін Талинка өзенінің тереңдігін кем дегенде екі есе арттыру керек. Егер жер қазу жұмыстары сәтті жүргізілсе, қосымша 2,2 мың гектар жерді суаруға болады. Яғни, аудандағы суармалы алқаптың көлемін арттыруға мүмкіндік бар. Қожамжар ауылдық округінің әкімі Серік Тезекбаевтың айтуынша, жоба республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған.
– Жобаға сәйкес, жалпы ұзындығы 15 шақырымды құрайтын өзеннің 7800 метрі терең-детіліп, тазартылатын болады. Тереңдету жұмыстары 2,5 метрге дейін жүргізіліп, ені 15 метрге дейін кеңейтіледі. Жоба бізге не береді? Өзен бойында орналасқан Жамбыл, Қайран, Қараой елді мекендеріндегі шабындық су молынан жайылып, шөптің сапасын арттыруға жол ашылады. Бұдан бөлек, шаруа қожалықтарын суармалы алқапты дамытуға мүмкіндік бар.
Оралхан АХМАДИЯ,
Ақтоғай ауданы.
Суретті түсірген – Константин Шелков.