Баспаналар көбейеді

Ақп 26, 2026

Соңғы жылдары Екібастұз қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды түрде дамып келеді. Биыл да шағын шаһарда 10-нан астам көпқабатты баспана пайдалануға берілмек.

Екібастұз қаласында мемлекеттік бюджет пен жеке инвестициялар есебінен салынған баспаналар қатары көбейіп келеді. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын 75 мың шаршы метр көлемінде үйлер салынса, былтыр 100 мың шаршы метрге жетті. Шаһар басшысы Аян Бейсекиннің айтуынша, былтыр барлығы 9 тұрғын үй ел игілігіне берілді. Сол арқылы 392 отбасы пәтер кілттерін қолға алды.

Бұл ретте қала әкімі тұрғын үй құрылысы бірнеше бағытта жүргізіліп жатқанын атап өтті. Айталық, мемлекеттік жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар бойынша жеті көпқабатты үй бой көтермек. Бүгінде үш баспананың құрылысы басталды. Сонымен қатар, тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдеріне 400-ден астам пәтер қарастыру жоспарда бар.

— Бүгінде құрылыс компаниялары да тұрғын үй салуға ден қойып жатқаны қуантады. Биыл мұндай жеке инвестициялар есебінен бес, алдағы үш жыл аралығында 20-дан астам тұрғын үй салуды көздеп отырмыз. Ол үшін жер учаскелері қарастырылып, инженерлік инфрақұрылымға қатысты мәселелер шешілді, — деді қала әкімі.

Сонымен қатар, облыс әкімдігі мен «Самұрық Энерго» компаниясы арасында жасалған меморандумға сәйкес, квазимемлекеттік, қала құраушы кәсіпорындардың мамандарына кредиттік пәтерлер берілмек. Осы мақсатта жаңа үйлер салу үшін 23 мың шаршы метр көлемінде жер телімі бөлінді.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

Екібастұз қаласы.