Жаңа Конституция жобасына қатысты республикалық референдумның өтуіне тура 10 күн қалды. Бүгінде учаскелер саяси науқанға сақадай сай. Олар өз аумағында тұратын дауыс берушілерге шақыру парағын таратып, таңдау жасар сәтте тыс қалмауға үндейді. Оған қоса, дауыс беру күні басқа елді мекенде болатын азаматтарға есептен шығару куәлігін рәсімдейді.
Осы уақытқа дейін жергілікті әкімдіктер азаматтардың тіркелген мекенжайына сай дауыс берушілер тізімін дайындап, референдум учаскелеріне тапсырды. Тұрғындар 27 ақпаннан бастап мекенжайы бойынша тіркеуде бар-жоғын, жалпы қай учаскеде дауыс бере алатынын анықтай алады. Ол үшін аудан-қала әкімдіктері жанынан call орталықтар өз жұмысын бастады. Орталық мамандары күн сайын сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін дауыс берушілердің сауалдарына жауап беруге әзір. Сонымен қатар, @PVLSailau_bot телеграмм-боты іске қосылды. Референдум учаскелерін іздеу қызметі арқылы ЖСН нөмірін енгізіп, дауыс беру орнының нөмірі мен мекенжайын білуге болады.
Егер 15 наурызда тіркелген жеріңізден тыс жерге баратын болсаңыз, 14 наурыз күні сағат 18:00-ге дейін учаскелік комиссияңызға жазбаша өтінішпен жүгініп, жеке басыңызды куәландыратын құжатты ұсынуыңыз қажет. Комиссия соның негізінде есептен шығару куәлігін береді. Оны сенімхат негізінде өкіл арқылы да алуға болады. Бұл ретте сенімхатты нотариаттық куәландырудың қажеті жоқ. Ал есептен шығару куәлігі жоғалған жағдайда ол қалпына келтірілмейді және телнұсқасы берілмейді. Ескерер жайт, бір елді мекен ішіндегі басқа учаскеде дауыс беруді қалайтын азаматтарға мұндай куәлік қарастырылмаған. Айталық, Усолка шағын ауданында тұрып, екінші Павлодар шағын ауданында тіркеуде болсаңыз, міндетті түрде тіркеу бойынша белгіленген учаскеде таңдау жасау керек. Усолка шағын ауданында дауыс беру үшін есептен шығару куәлігі берілмейді. Әдетте куәліктің бұл түрі басқа қаладан келген студенттерге, вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерге ұсынылады. Есептен шығару куәлігін алсаңыз, дауыс беру күні өзіңіз болатын жердегі учаскеде сол куәлікті көрсетесіз. Учаскелік комиссия соның негізінде сізді дауыс беруге арналған тізімге енгізеді. Атап өтерлігі, референдум учаскелерінде бюллетень алу үшін жеке куәлікті көрсету керек. Оның электронды нұсқасын да көрсетуге болады.
Сонымен қатар, кей азаматтар референдум учаскелерінен тыс жерлерде таңдау жасай алады. Мұндай мүмкіндік денсаулық жағдайына, отбасының сырқат мүшесіне күтіп жасауына байланысты учаскеге бара алмайтын және шалғайдағы, қатынау қиын аудандарда тұратын жандарға қарастырылады. Ол үшін дауыс беру күні сағат 12.00-ге дейін референдум учаскесіне жүгінуі тиіс. Соған сәйкес, комиссияның екі мүшесі тасымалданатын жәшікті алып, дауыс берушінің үйіне барып, бюллетень береді. Сөйтіп, үй жағдайында референдумға қатыса алады.
Жалпы, Павлодар облысында 521 учаске құрылды. Өңір бойынша 500 мыңға жуық адам дауыс беруге құқылы.
