Тура он күннен кейін елімізде маңызды саяси сәт – референдум өтеді. Тұрғындар таңдау жасап, дауыс береді. Қазіргі таңда саяси науқанға әзірлік қызу. Учаскелік референдум комиссиялары тізімдегі сайлаушыларды түгендеп, шақыру билеттерін таратуда. Павлодар қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернатында орналасқан №5 референдум учаскесінде де кезең-кезеңімен жұмыстар атқарылуда.
Павлодар қалалық №5 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Ержан Дәуеновтің айтуынша, мұнда 2097 адам тіркелген.
– Комиссия құрамында 9 адам қызмет етеді. Олардың бәрі арнайы оқудан өтті, тренингтер өткізілді, тиісті сертификаттарын алды. Сайлаушылар тізімі – қолымызда. Біздің учаскеде тіркеудегі тұрғындарды түгендеп, референдумға шақыру билеттерін үй-үйді аралап таратып жатырмыз. Қазіргі таңда шақырту билеттерінің 80 пайызы иелерінің қолына тиді. Кейбір тұрғындар үйде болмауына, есіктерін ашпауына байланысты әлі алған жоқ. Оларға қайта барып табыстаймыз. Хабарласып, азаматтар тізімде бар-жоқтарын да анықтауда, – дейді Ержан Нұрланұлы.
Референдумға қажетті құрал-жабдықтар учаскелік комиссияның штабына жеткізілген. Екі жылжымалы дауыс беру жәшігі дайындалған. Олар үйден дауыс беретін азаматтар үшін қолданылады. Денсаулығына байланысты үйінен дауыс беруге ниетті тұрғындардан өтініш 15 наурыз сағат 12.00-ге дейін қабылданады. Әзірше, нақты қанша адам үйінен дауыс беретіні әлі белгісіз. Мамандардың мәлімдеуінше, бұған дейінгі саяси науқандар кезінде аталмыш учаскеде 23-24 азамат үйден таңдау жасауға өтініш түсірген екен.
– Референдум күні біздің учаскеде дауыс беретін төрт кабина жұмыс істейді. Олардың бірі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Мүгедектігі бар азаматтардың таңдау жасауына барлық жағдай жасалуда. Қажетті аудио-бейне құралдар жеткізілді, – дейді комиссия төрағасы.
Ал белгілі бір себептермен референдум күні тіркелген мекенжайы бойынша дауыс бере алмайтыны айқын болса, азаматтар есептен шығару талонын алады. Мұндай талон 14 наурыз кешкі 18.00-ге дейін беріледі.
Павлодар қаласында барлығы 140 учаске жұмыс істейді. Олардың ішінде 17 учаске 10 наурыздан бастап іске кіріседі. Қалалық референдум комиссияларының жұмысына 1159 адам тартылған. Олардың ішінде 7 азамат аумақтық комиссия құрамында болса, қалғаны учаскелік комиссияларда қызмет етеді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.
