Биыл өңірімізде мал азығы бойынша проблема болуы ықтимал. Президент атына дейін хат жазған шаруашылықтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмек. Ал жеке аулада мал ұстаған ағайынның жағдайы не болмақ? Аймағымыздағы төрт түліктің басым бөлігі жеке аулада екенін ескерсек, оларға да қандай да бір көмек көрсетілуі керек шығар.
Бұл сауалды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаевқа қойдық. Оның айтуынша, әр ауылдағы шаруа қожалықтарымен келіссөздер жүргізіліп, тұрғындарға шөпті арзан бағамен сату көзделуде. Тіпті, әлеуметтік әлсіз топқа жататын жандарға тегін үлестірілмек. Бұл шаралар қағазға түсіріліп, меморандум жасалмаса, құр сөз болып қалмасына кім кепіл? Өз малына мал азығын дайындауды қиынсынып отырған шаруа басшылары өзгені қалай жарылқамақ? Қазір бір арба былай тұрсын, бір орама шөпті кім кімге тегін береді? Бір анығы, Үкімет жеке ауладағы мал ұстаған ағайынға нақты қаржылай қолдау көрсетпейді. Өткен аптада жергілікті шаруа-лармен болған кездесуде облыс әкімі Асайын Байханов: «Ауылда тұрған уақытта шөп тапшылығы орын алған жылдары тұқымы жақсы малды сақтап, қалғанын сойып, сатып амал қылатын едік», деген еді. Соған қарағанда, жеке аулада мал ұстайтын азаматтар ешкімге сенбей, өзінше әрекет жасау керек сияқты. Алдыңғы жылдары еліміздің бірқатар өңірінде қуаңшылық орын алған уақытта Қазақстан фермерлері қауымдастығы Үкіметке бірнеше ұсынысты айтқан еді. Ұсыныстар әлі ескірген жоқ. Биыл қолдау тапса игі. Егер шаруаларға қолдау көрсетілетін болса, сәйкесінше шаруалар жеке ауладағы азаматтарға қол ұшын созуға тырысады емес пе?! Аталған ұсыныста елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауылда жұмыспен қамтуды сақтау, сондай-ақ шағын және орта фермерлердің шаруашылығын одан әрі дамыту мәселелері қаузалған. Бүгінде бұл қиындықтар өзекті проблемаға айналған. Қазақстан фермерлер қауымдастығы қуаңшылық және мал азығының жетіспеушілігі салдарын шешуге бағытталған мынадай шараларды шұғыл қабылдауды сұраған еді.
- Қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерде мал және құс шаруашылығы саласындағы шаруашылықтарға екінші деңгейдегі банктер, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтер тарапынан берілген қолданыстағы несиелердің төлемдерін екі жылға дейінгі мерзімге кейін шегеру. Бұл фермерлердің қолындағы қаражатқа жем-шөп сатып алуға және ұрғашы мал басын сақтауға мүмкіндік береді.
- Жем-шөп құнын арзандату мақсатында Мал шаруашылығын субсидиялау ережесі аясында қымбаттаған жем-шөпті сатып алу үшін жергілікті бюджеттен субсидия бөлуді қамтамасыз ету.
- Зардап шеккен өңірлерді қыстық кезеңге жем-шөп базасымен қамтамасыз ету мақсатында жем-шөпті сатып алу үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-на қосымша қаражат бөлу.
- Жем-шөпті (шөп, сабан, мал жемі және басқа) экспорттауға уақытша тыйым салу (немесе квота енгізу). Бұл шара ішкі нарықты қажетті жем-шөп базасымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жем-шөптің негізгі түрлерінің бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Ішкі нарықты қорғау жөнін-дегі шара өте орынды, өйткені шекаралас мемлекеттерде де қуаңшылық салдары байқалуда.
- Қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерде құдық пен ұңғымаларды қазуға кеткен шығынды өтеу бойынша субсидия нормативтерін 50%-дан 80%-ға дейін арттыру.
- Жем-шөп өндірісімен айналысатын ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көпжылдық шөптердің тұқымдарын сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу бойынша субсидиялар нормативін жергілікті бюджет қаражаты есебінен 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту.
- Зардап шеккен өңірлерден малды басқа аймақтарға тасымалдау бойынша шара қабылдау, қажет болса еліміздің Қарулы күштерінің мүмкіндіктерін пайдалану.
- «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы, ҚР Индустрия және инфра-құрылымдық даму министрлігі, жергілікті атқарушы органдар және басқа да мүдделі органдардың қатысуымен Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан малды солтүстік өңірлерге, жем-шөпті оңтүстік және батыс өңірлерге тасымалдау мәселелері жөніндегі штаб құру.
- Қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлердегі шаруашылықтарға мал мен жем-шөпті теміржол және автокөлікпен тасымалдауға 50%-ға дейін уақытша субсидия беру.
- Қырылған малға ревизия жүргізіп (әр басын есепке алу), тиісті деректер базасына мәліметтерді енгізе отырып, құс тұмауына тап болған құс фабрикалары секілді, кейіннен өтемақы төлеуді қарастыру.
Жоғарыда аталған шараларды шұғыл қабылдау, сондай-ақ қаржылай қаражаттың бөлінуін жедел қарау үшін, қуаңшылықтан зардап шегіп жатқан аумақтарда төтенше жағдай режимін енгізу керек деп есептейді мамандар. Сонымен қатар, алдағы жылдары құрғақшылық пен жем-шөптің тапшылығы мәселесін жүйелі түрде шешу үшін АӨК дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаға жемшөп өндіру, дайындау, сақтау және тасымалдау жөніндегі нақты индикаторлары бар арнайы бағыт енгізу ұсынылады. Бұл бағыт өңірлердің (аудан деңгейіне дейін) табиғи-климаттық ерекшелігін, мал басының санын, әрбір өңірдің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін азықтың нақты көлемін, сондай-ақ жем-шөпке тапшылығы бар өңірлердің қажеттілігін ескеруі тиіс. Әр өңір үшін қосымша келесідей индикатор болуы тиіс: көпжылдық шөптердің тұқымдық қорын дамыту, жемшөптік дақылдардың егіс алқаптарын кеңейту (соның ішінде баланстағы жерлерді жырту), жемшөп дақылдарын егу және жинау үшін қосалқы техникамен қамтамасыз ету, өңіраралық жем-шөп теңгерімін сақтау үшін жем-шөп сақтау және оны тасымалдау инфрақұрылымын жолға қою. Аталған ұсыныс биыл да өзектілігін жойған жоқ. Әсіресе, павлодарлық шаруашылықтар кездесулерде жоғарыда аталған ұсыныстарды тілге тиек етіп жүр. Ендігі шешім жауапты орган өкілдерінде.
Оралхан ҚОЖАНОВ.