Біліктілік қатар қалыптасу қажет

Нау 12, 2026

Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Торайғыров университетіндегі Жасанды интеллект лабораториясының ашылуына қатысты.

Аталған кабинет «AiSana» бағдарламасы аясында жасанды интеллекттің көме-гімен жаңа жобаларды әзірлеуге арналған. 256  гигабайт жедел жадысымен жабдықталған  9 iMac компьютерлері орнатылған кеңістік  «Ai-laboratory» (Toraigyrov IT Advanced Network) деп аталады. Министр оқу орнының жұмысымен танысып, өндіруші салалардағы білім алушылардың тәжірибе жинақтауына басымдық беруді тапсырды.

– БҰҰ-да «World Best Learning» атты әдіснама бар. Ол білім алушылардың теориялық біліммен қатар практикалық құзіреттілікті де жинауына ерекше мән береді. Осы талаптарға сәйкес келу үшін елімізде инженерия бағытын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Инженерлік кафедралары бар барлық университеттерде студенттердің оқу уақытының кемінде 35 пайызы тәжірибеге арналуы тиіс. Сол себепті жоғары оқу орындарында жаңа зертханалар ашу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Сонымен қатар, мұндай университеттерде өндірістік кеңестер құрылуда. Бұл кеңестер арқылы өндіріс мамандары студенттерге оқу бағдарламасынан тыс өз тәжірибесі мен әдістерін үйретеді.

Биылдан бастап тәжірибеге негізделген докторантура форматы толық іске қосылды. Торайғыров университетінде осы бағытта шамамен 20 докторант білімін жетілдіруде. Мұндай тәсіл білім алушыларға жұмысын тоқтатпай-ақ өндірісте инновациялық жобаларды енгізуге мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект зертханасы Павлодар облысы әкімдігі мен университет басшылығының бірлескен қолдауының нәтижесінде ашылды. Мұнда орнатылған бірыңғай iMac жүйесіндегі компьютерлерді сатып алуға университеттің 65 жылдығына орай берілген 10 миллион теңгелік сыйлық сертификаты жұмсалды.

Сондай-ақ, министр Торайғыров университетіндегі бірнеше зертханалық кабинеттерді аралап, қолға алынған жобалармен танысты. Соның бірі – өңіріміздің экологиялық жағдайын жеңілдетуге мүмкіндік беретін қалдықтарды тиімді пайдалану тәсілдері. ТЭЦ-терден қалған қалдықтарды өңдеу арқылы жол төсеуге ыңғайлы материал өңдеп шығару жұмыстары жетілдірілуде. Бұл туралы толығырақ университет доценті Алмаз Қуандық түсіндіріп берген болатын.

— Қазіргі кезде әлем бойынша өндірістік орындардан шығатын қалдықтарды қайта өңдеу, оларды пайдаға асыру тәсілдері қарастырылып жатыр. Яғни, қалдықты өңдеу, қайта жарамды ету. Соның нәтижесінде басқа қажетті ресуртардың орнын алмастыруға болады. Соңғы жылдары кен орындарындағы шикізаттың сапасы төмендеп, яғни ресурстың сапасы нашарлап барады. Мамандардың айтуынша, бұрын өндірілген кеннің құрамында пайдалы элементтер көбірек болған. Сондықтан мен өзімнің диссертациялық жобамда алюминийдің тазаруын жүргізген болатынмын. — дейді профессор.

Министр университеттің әлеуетін жоғары бағалап, ондағы істеріне сәттілік тіледі.

Сара ӘБДОЛ.