Тереңкөл ауданында азаматтарды референдумға келіп, таңдауын жасауға шақыру жұмыстары қызу. Мұнда көшелерге ақпараттық баннерлер ілініп, әлеуметтік желі арқылы да түсіндірілуде.
Тереңкөл аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Динара Ибраеваның айтуынша, референдум күні барлығы 31 учаске жұмыс істейді. Олардың алтауы аудан орталығында орналасады. Қалғандары ауылдарда жұмыс істейді. Учаскелік реферемдум комиссияларында жалпы 161 адам қызмет етсе, 7 азамат — аумақтық реферемдум комиссиясы құрамында.
– Аудан көлемінде 12 856 азамат дауыс беру құқығына ие. Тізім бойынша жұмыстар жүргізілді. Тұрғындар да өздерінің есімдерін тізімнен тексеріп, анықтауда. Ауданымызда референдумда алғаш рет дауыс беру құқығын пайдаланатын 58 азамат тіркелген, – дейді Динара Иманғалиқызы.
Аудандық аумақтық референдум комиссиясының мәліметінше, мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруіне барлық жағдай жасалуда. Тактильді жолақ, пандус, жеке арнайы кабина қарастырылған. Сонымен қатар, оларға арналған жеке бұрыш та жасақталған. Мұнда аудио-бейнеқұралдар, брайль қарпі, ұлғайтқыш шыны сияқты керек заттар қойылады. Үйден дауыс беретін азаматтардан өтініш қабылдануда.
Г.МАҒЖАН.
