Конкурстық іріктеусіз іске кірісті

Нау 12, 2026

Аружан Файзолла 2025 жылы Торайғыров университетін азық-түлік өнімдерінің технологы мамандығы бойынша тәмамдады. Бұрыннан мемлекеттік қызметте жұмыс істеуді армандайтын ару өзі оқыған жоғары оқу орнында ұйымдастырылатын әрбір бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне қатысады. Жастарға жөн сілтейтін осындай жәрмеңкелердің бірінен болашақ жұмысын тапса керек.

Нақтысы, жәрмеңкеге келген мамандардан өзі оқып жатқан мамандық бойынша мемлекеттік қызметке конкурссыз өтудің жолдарын біледі.

– Мемлекеттік қызметте жұмыс істеуді көптен қалап жүр едім. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент өкілдері азық-түлік өнімдерінің технологы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мекемелеріне жұмысқа орналаса алатынын айтты. Яғни, біздің мамандығымыздың дипломы жарайтынын білдім. Оған қоса, мемлекеттік грантпен білім алған әрі дипломының GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары жастар мемлекеттік қызметке конкурссыз жұмысқа қабылданатыны айтылды, – дейді Аружан Нығметқызы.

Осы ақпаратты жәрмеңкелердің бірінде санасына құйып алған. Сонымен қатар, департамент өкілдері мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасуға ниеті бар жастарға WhatsApp мессенджерінде топ құрылып, қосымша ақпарат беріліп тұрған. Сөйтіп, қолына дипломы тиген соң санитарлық-эпидемиологиялық қызметке орналасуға құжаттарын жинап, облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментке барады. Білім деңгейі тиісті шкала бойынша, мемлекеттік білім грантымен оқығаны бәрі талапқа сай келеді. Сондықтан, конкурссыз мемлекеттік қызметке орналасуға мүмкіндік беріледі.

– Туған жерім Баянауылда сани-тарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында бос орын болды. Ойланбастан келісіп, құжатымды тапсырдым. Негізінен, біз меңгерген мамандықпен ауылдық мекендерде жұмыс табу қиын. Көбінде қалалық жерлердегі ұйымдарда шоғырланған. Бірақ, басқа бағытта да оқыған кәсібімізді кәдеге жарату мүмкіндігі туғанына қуанамын. Бүгінде аталған мекемеде эпидемиологиялық бөлімде жетекші маман қызметін атқарамын. Универси-тетте бірге оқыған 4 замандасым да осылай конкурссыз жұмысқа орналасты. Бұл – бізге берілген үлкен мүмкіндік әрі қолдау, – дейді Аружан.

Жас маман жұмыс істегеніне жарты жылдан асты. Осы уақытта барынша тәжірибесін молайтып, жақ-жақты білікті болуға тырысуда.

– Айналамдағы тәжірибелі әріптес-терімнен білмегенімді үйреніп, өзім жауапты бағытты ғана емес, өзгелерін де меңгеруге құлшынамын. Себебі, тәжірибені молынан жинау болашақта да өзіме қажет екенін білемін. Мемлекеттік қызмет – жауапкершілігі жоғары сала. Сондықтан әрдайым білімді дамытып, сеніп тапсырылған қызметті сапалы атқаруымыз қажет, – дейді жас маман.

Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің мәліметінше, бүгінгі күні мемлекеттік тапсырыс шеңберінде  университеттерді аяқтаған 40 түлек жергілікті атқарушы органдардың және орталық мемлекеттік органның ведомствосының облыстық маңызы бар қалаларындағы төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалған.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде артық кедергілерді жою туралы тапсырмасына сәйкес 2023 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жаңа тәсілдер әзірлеп, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізген. «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының 15-бабы 6-тармағына сәйкес жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім беру ұйымдарында уәкілетті орган белгілеген мәннен жоғары білім нәтижесімен оқуын бітірген адамдар дипломын қолға алған соң бір жыл ішінде конкурс өткізілместен «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындалады. Нақтысы, облыс ауданының немесе облыстық маңызы бар қаланың (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) әкімі және мәслихаты аппараттарының төменгі лауазымына, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыс ауданы және облыстық маңызы бар қала (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) атқарушы органының басшылық емес лауазымына іріктеусіз тағайындалуына жол ашық. Сондай-ақ, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының басшылық емес лауазымына, орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының облыс ауданындағы немесе облыстық маңызы бар қаладағы (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) аумақтық бөлімшесінің басшылық емес лауазымына орналаса алады.

– Жоғары оқу орындарының түлектері оқуын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде қалалық және аудандық деңгейдегі төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындалу мүмкіндігі бар. Бұл үшін жастар, біріншіден, жоғары оқу орнын мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде аяқтауы, екіншіден, GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен болмауы тиіс, – делінген департаменттің берген ақпаратында.

Бұл мүмкіндіктер туралы департамент облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығымен бірлесе ай сайын бос орындар жәрмеңкесін өткізгенде болашақ түлектерге жеткізіп, түсіндіреді. Яғни, қандай мамандықпен қай салаға орналасуға мүмкіндігі барын да жан-жақты айтады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.