Таяуда орын алған қатты желдің салдарынан Баянауыл ауданына қарасты кент, елді мекендердегі үй-жайларға зақым келтірілген болатын. Осыған орай арнайы комиссия құрылып, шығыннның орнын толтыру жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімдігінің ақпараты бойынша, қолайсыз ауа райының салдарынан бірқатар нысандар бүлінген. Атап айтқанда, Майқайың кентіндегі көпқабатты үйдің шатыры ұшып, көше жарығының бағаналары құлаған. Осы жағдайдан кейін тұрғын үйлердің электр жарығы өшіп қалған. Сонымен қатар, су құбырлары станциясында қысқа тұйықталуға байланысты ақаулар орын алған. Қатты жел қыстақтағы малмен айналысатын шаруаларға да кері әсерін тигізген көрінеді.
Қазіргі таңда ауданда арнайы құрылған комиссия жүйелі жұмыс істеп, айтып келмейтін апат салдарынан болған жағдай реттелуде. Бастысы, бүгінде 38 елді мекеннің барлығында электр жарығы мен су құбыры іске қосылған.
Н.ШОДЫР.
Баянауыл ауданы
