Шарбақтылық зейнеткерлерден құрылған «Ветеран» клубының мүшелері салауатты өмір салтын ұстануға көшті. Бұдан былай ардагерлер спортпен айналысып, оның пайдасын жас буынға насихаттамақ.
Осы мақсатта аудандық «Ветеран» клубы «Белсенді ұзақ өмір сүру формуласы» атты спорттық шара ұйымдастырды. Оған қатысушылар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бас қосып, спорттың денсаулыққа тигізер пайдасы зор екенін түсінді. Кешен нұсқаушысы зейнеткерлерге бассейн, жаттығу залы және өзге де спорттық ойын түрлеріне арналған залдарды таныстырды. Қарттар тренажерлар мен құралдарды тамашалап, спорттың адам денсаулығы үшін пайдасы зор екеніне көз жеткізді. Сөйтіп, көбі дене шынықтырумен айналысуға қызығушылық танытып, алдағы уақытта осында жаттығуларға келіп тұратындарын айтты. Сондай-ақ, олар спортты серік ете жүріп те бір-бірімен араласып, әр күнін көңілді өткізуге болатынын алға тартты.
Осылайша, бұл игі шара клуб мүшелері үшін жай саяхат қана емес, өмір сапасын жақсартып, жас буынға үлгі болуға апаратын үлкен қадам болды, дейді ұйымдастырушылар.
Н.АҚЫТЕГІ.
Шарбақты ауданы.
