Ене мен келін кәсібі

Сәу 9, 2026

Спортқа деген сүйіспеншілік тереңкөлдік ене мен келінді кәсіпке жетеледі. Енесі Маржангүл Сұрымбетова келіні Дания Мендрышовамен бірлесіп, фитнес клуб ашып, бүгінде ауданның қыз-келіншектерін салауатты өмір салтына баулып жүр. Денені шынықтыру арқылы бойға күш-қуат дарытудың қаншалықты маңызды екенін іспен дәлелдеуде.

Спортқа деген сүйіспеншілік

Маржангүл Қуандыққызы бала кезінен спортқа жақын болған. Әкесі 5 жасында шахматқа апарып, кейін мектепте волейбол, баскетбол, үстел теннисімен, шаңғы тебумен айналысады. Мектептен кейін спорт факультетіне құжат тапсыруда кешігіп қалып, мүлдем басқа арна – аспаз-кондитер мамандығына түседі. Алып шыққан кәсібімен де қалада мейрамхана, зауыт, цехтарда аспаз қызметін атқарады. Кейін тұрмысқа шығып, туған ауылы – Тереңкөл ауданының Алтай ауылына барады. Мұнда оның спортқа бейімділігі ескеріліп, мектепке дене шынықтыру мұғалімі болуға шақырту алады. 35 жасында сырттай осы мамандықты меңгеріп шығады. Оқушыларын дене шынықтыру сабағындағы жаттықтырулардан бөлек, спорттың сан түріне тартады. Аудандық сайыстарда шәкірттері жүлдегерлер қатарынан табылады. Өзі де ауылының намысын қорғап, аудандық спартакидаларда жарысқа түсіп, орын алып жүреді. Облыстан да олжалы оралған кездері жетерлік.

– Спорт жаныма әрдайым жақын. Іштей спорттық, фитнес клуб ашу арманым болды. Келінім де ағылшын пәнінің мұғалімі болғанымен, қозғалысты, спортты ұнатады. Содан екеуіміз ақылдаса келе, қыз-келіншектерге арналған фитнес-клуб ашуды жөн көрдік. Аудан орталығынан орын іздеп, лайықты зал табу оңайға соққан жоқ. Мұндағы кәсіпкерлердің бірі бос тұрған залын ұсынды. Толық жөндеуін жүргізіп, керек-жарағын алып, кәсібімізді бастап кеттік, – дейді

Кәсіпкер жандар бүгінде қоғам денсаулыққа бірінші кезекте көңіл бөлу керектігін түсіне бастағанына қуанады.

– Клубымызға жастар да, үлкендер де, тіпті зейнет жасындағы әйелдер де келеді. Басты мақса-тымыз – қыз-келіншектердің дене бітімдеріне көңіл бөліп, спорт арқылы денсаулықты нығайтуға ден қоюларына сеп болу. Салауатты өмір салтын ұстанған адамның бойында күш-қуат тасып, кез келген істі нәтижелі атқарады. Айналасына шуақ шашып, әрдайым көтеріңкі көңіл күймен жүреді. Мұндай көріністер бүгінгі қоғамда өте қажет. Жасап жатқан жұмыстарымыздың нәтижесін көргенде, тіпті қуанамыз, – дейді іскер Маржангүл Қуандыққызы.

Кейіпкеріміз келінімен аптасына алты күн аудан орталығына Алтай ауылынан қатынап, кешкі уақытта жаттығу өткізеді.

– Әлі де мектепте дене шынықтырудан сабақ беремін. Күндіз ауылымда сабағымды берсем, кешке күйеуім аудан орталығына апарады. Бәрі «қызмет пен кәсіпті қатар алып жүру қиын емес пе?» деп сұрап жатады. Шыны керек, мен керісінше, қозғалыссыз қалсам, шаршаймын. Адамдармен жұмыс істеуден, араласып, білгеніммен бөлісуден күш аламын. Қуатым тасып, тағы бір іс тындырып тастауға құлшынып тұрамын. Мектептен бөлек ауылымызда фитнес-жаттығулар ұйымдастырып, хореографиядан да үйірме жүргіземін. Мұның бәрінен рахат аламын, – дейді спортшы ене.

Қашықтық кедергі емес

Тереңкөлдік қыз-келіншектер кәсіби маманмен денесін шынықтырудың қаншалықты пайдалы екенін ұғынып, іргелес ауылдардан келіп, клубта спортпен айналысатындар қатары артқан. Аудан орталығына Береговой ауылынан да келіп, спортпен айналысатын қыз-келіншектер бар. Мәселен, Нәзигүл Әліпова Песчан ауылында тұрады. Осында мектепке басшылық етеді. Бұрыннан спортқа жақын ол аудан орталығында фитнес-клуб ашылғанын естіп, алғашқылардың бірі болып жазылған. Содан бері күн сайын қатынап, жаттығуға қатысады. Кәсіпкер ене мен келін Песчан ауылында да клуб ашып көрген. Алайда, екі жерге қатынап, жұмыс істеу уақыт жағынан тығыз болғандықтан кәсіпті жабуға мәжбүр болған. Ал Нәзигүл Тұрдыбекқызы әлі де Тереңкөлге келіп тұрады.

– Жасым 65-тен асты. Бала кезімнен спортпен айналысамын. Жеңіл атлетика, шаңғы спортына жиі қатысамын. Қазіргі кезде де мұндай жарыстардан қалмаймын. Үйде білгенімізше денемізді шынықтырғанмен, кәсіби маманнан сабақ алып, әр жаттығудың әр элементін дұрыс жасаудың пайдасы зор. Сондықтан  ауданы-мызда ашылған фитнес-клубтың тұрақты клиентімін. Ауылымыз бен аудан орталығының арасы –
15 шақырым. Қыста күйеуім көлікпен апарып, әкеледі. Ал күн жылына велосипедпен өзім барып келемін. Бір сағаттық жаттығудан жаным рахаттанады. Жаттықтырушыларымыз Маржангүл мен Данияның денені созуға арналған, күштік те жаттығулары сергек жүруге әсері мол,  – дейді әазигүл Әліпова.

Бұл клубқа келгелі оның денсаулығы жақсара түскен. Жарыстарға қатысқанда нәтижелері бұған дейінгі көрсеткіштен әлдеқайда жоғары бола бастаған. 12 келі салмақ та тастап, өзін жеңіл сезінеді.

Аэростретчинг – ауылда

Заманның ағысынан қалмайтын ене мен келін фитнестің тағы бір бағытын Тереңкөлге әкелді. Аэростретчинг деп аталатын спорт түрі бүгінде бұлшықеттерді созуда кеңінен қолданылады. Мұнда берік матадан жасалған әрі бірнеше жерге бекітілген гамак деген элементтің көмегімен ауада қалықтап жүріп жаттығулар жасалады. Бұл мата түріндегі жаттығудың көмекші құралы адам салмағын көтереді. Олардың ауада еркін қозғалып, түрлі қимыл жасауына мүмкіндік береді. Бұл аэростретчинг қыздар үшін өте пайдалы көрінеді. Фитнестің бұл түрінде йоганың иілгіштігі, пилатес түрінің күші мен ауадағы акробатиканың жеңілдігі үйлесім тапқан.

– Аэростретчингпен айналысқан адам арқасын тік ұстап жүреді. Денесі иілгіш, мықты болады. Омыртқаңыз созылып, бұлшықеттерді босаңсытуға болады. Денеңіз демалады. Әрбір қозғалыстан ләззат аласыз. Қарапайым тілмен айтсақ, денеге арналған би. Қарап тұрсаңыз, балалар гамакта айнала қозғалып, ойнап, күліп, қуанып жатқандай көрінеді.  Алайда, сол ойын-күлкінің артында үлкен күш тұрады. Әрбір жаттығу – ерік-жігеріңді шыңдауға деген кішкентай қадам. Себебі, бәрі бірден бола қоймайды. Алдымен, биіктіктегі қорқынышты жеңу, тепе-теңдікті ұстауды үйрену керек. Балалар табанды. Өздеріне сене алады, денелерін сезініп, әрбір жеңістеріне қуана алады. Қыздарымыз бүгінде көптеп айналысады. Олардың бойында өзіне деген сенімділік артады. Шыдамдылығы артады. Бұлшықеттерді созып қана қоймайды, бойдағы шаршауды шығарады, – дейді жаттықтырушы Дания Темірланқызы.

Жуырда спорттың бұл түрінен қыздар арасында жарыс та ұйымдастырып, қаладан төрешілер шақыртқан. Павлодар қаласынан қатысқан төрешілер тереңкөлдік қыздардың өнерлеріне, техникаларына тәнті болыпты. Ене мен келін жаттығуларды әрбір клиенттің қажетіне қарай құрастырып, ең тиімділерін таңдайды. Әсіресе, бұлшықеттерді күшейтіп, денені созуға басымдық береді. Күштік жаттығулар да назардан тыс қалмайды. Дания негізгі мамандығынан бөлек, фитнес-тренердің курсын оқып, арнайы сертификат та алған. Енесімен бірге Алтай ауылының атынан жеңіл атлетикаға қатысып, стритбол ойнайды.

Джампингке қажетті батуттар, аэростретчингке қолданылатын гамактар сияқты барлық заттарды кәсіп иелері өз қаражаттарына сатып алып, бүгінде салауатты өмір салтына бет бұрған нәзік жандарға денесін шынықтыруда жәрдемдесуде. Маржангүл Сұрым-бетова, негізі, денені созып, жиі жаттыққан адамның бойында күш көп болатынын айтады. Қазір көп адам қозғалыстың аздығынан денесі қатып, шаршаңқы жүретінін де тілге тиек етті. Міне, осыны жою үшін жаттығу керек деп кеңес берді. Бұдан бөлек, клубқа денсаулығын оңалту үшін де келетіндер бар. Яғни, емдік дене шынықтыру жаттығулары да өткізіледі. Бүгінде Маржангүл Қуандыққызының немересі Ясмин де спортпен айналысып, әжесінің ізін басуда. Ене мен келін бойдағы спортқа деген сүйіспеншілікті кейінгі буынға дәріптеуден жалықпақ емес.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.