Алаяққа алдандым

Сәу 30, 2026

«SIM-картаңыздың жарамдылық мерзімі аяқталуға жақын». Жақында маған қоңырау шалған адам сөзін осылай бастады.  Ол өзін байланыс операторының қызметкері деп таныстырды. Әңгіме қысқа әрі іскерлік сипатта өрбіді. SIM-картамның мерзімі өтіп бара жатқанын айтып, оны ұзарту қажеттігін түсіндірді. Дауысында күмән  тудыратын ештеңе болмады.

Cөйтіп, мен қызмет шартын бес жылға ұзартайық дедім. Бірнеше секундтан кейін телефоныма 1414 қызметінен растау коды келді. Тағы да еш күмәнсіз құпия сөзді айтып бердім. Сол сәтте өзімнің қандай тұзаққа кіріп жатқаным туралы ойлаған да жоқпын. Біраз уақыт өткеннен кейін ғаламтордан телефон нөмірінің мерзімі туралы ақпарат қарадым. Сөйтсем, SIM-картаның мерзімі өтпейді екен.

Сол сәттегі ішкі жай-күйім алай-дүлей болды. Алаяққа мүлдем алданбаймын деген мен бір сәтте бәрін жоғалтқандай күйде қалдым.

Жақындарыммен ақылдаса келе бірден Egov.kz порталына кіріп, менің атымнан несие, микрозаймдар алынбайтындай етіп бұғаттап тастадым. Енді мына қызыққа қараңыз. Сол сәтте маған өзін Egov.kz электронды үкімет жүйесінің қызметкері ретінде таныстырған ер адам хабарласты. Сөйлеу мәнері байыпты, даусы салмақты. «Сіз жаңа ғана алаяқтардың қоңырауына жауап бердіңіз. Сіздің жеке кабинетінізге ресейлік нөмірден шабуыл түсті. Біз сіздің деректеріңізді қорғау үшін хабарласып отырмыз», — деді.

Ол маған алаяқтардың қандай схема қолданатынын егжей-тегжейлі түсіндірді. «Ұлттық банкке өтініш жолдаймыз. Қауіпсіздік хат рәсімдейміз. Деректеріңізді бұғаттаймыз» деді. Өзім әлгі адам мені алаяқтардан қорғағандай риза болдым. Бір уақытта ол банк қосымшаларына кіруімді сұрады. «Қауіпсіздік шараларын күшейту үшін құпия сөз қажет» деді. Дәл осы жерде күмәндандым. Екінші қоңырау да алаяқтардың ісі болып шықты.

Киберқауіпсіздік мамандары мұндай әрекетті «көпсатылы әлеуметтік инженерия» деп атайды. Адам құпия сөзді айтуы арқылы алаяқтардың арбауына түседі екен.  Ақпараттық қауіпсіздік саласының сарапшысы Данияр Құдайбергеновтің айтуынша, алаяқтардың басты құралы – сенімге ену.

Олар ресми атауды қолданады. Сөйлеу мәнері де алдын ала құрылған сценарийге негізделген. Телефонның ар жағындағы асықтырмайды, бірақ бағыттап отырады. Бірінші кезеңде адамның қорғанысын әлсіретеді, – дейді ол.

Сонымен алаяқтық схема бірнеше сатыдан тұрады екен. Бірінші қадам – құпия сөзді алу. Екінші қадам – «құтқарушы» рөліне кіріп, сенімге кіру. Бір топ өзін оператор ретінде таныстырса, екінші топ өзін мемлекеттік орган немесе банктің қауіпсіздік қызметі ретінде көрсетеді. Сенімге кіруге талпынғандары соншалық, кейбірі ІІМ-нен, енді бірі полициядан хабарласып тұрмыз деп жалған «форма» киіп алып, бейнеқоңырау шалады.

Жалпы, Қазақстанда соңғы жылдары онлайн және телефон арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстар айтарлықтай өсті. Бас прокуратураның құқықтық статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, соңғы жылдардағы интернет-алаяқтық фактілері өткен жылмен салыстырғанда шамамен 22 пайызға артқан. 14 000-нан астам адам алаяқтардың арбауына түсіп, жалпы сомасы 6 миллиард теңгеден астам қаражатынан айырылған. Жәбірленушілердің тек 26 пайызы әккілерге берген ақшасын қайтара алған. 2025 жылы 67 миллионнан астам жалған қоңырау бұғатталды. Бұл дерек елімізде телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің кең таралғандығын көрсетеді. Сондықтан қаскүнемдердің алдауына мен сияқты түсіп қалмай, сақ болыңыздар!

Әдемі КӘУКЕН,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық