Игі іске үлес қосты

Мам 7, 2026

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Ақтоғай ауданында игі істер жалғасын табуда. Аудан орталығындағы Тәуелсіздік саябағында қарағай көшеттерін отырғызу жұмыстары ұйымдастырылып, табиғатты қорғауға бағытталған маңызды шара өтті.

Игі іске аудан кәсіпкерлері – шаруа қожалықтары, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлер қатысып, туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосты. Ал Ақтоғай балалар өнер мектебінің кішкентай, 5-6 жасар тәрбиеленушілері аталмыш ғимарат ауласына шырша ағаштарын отырғызды. Олар табиғатқа деген сүйіспеншілікті кішкентай жүректеріне сіңіріп, қоршаған ортаны аялауға алғашқы қадамдарын жасады.

Жалпы, аудан бойынша 500 түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Бұл – болашақ ұрпаққа жасыл желекке оранған, таза әрі көрікті өлке қалдыру жолындағы нақты қадам.


А.БОРАНБАЕВА.

АҚТОҒАЙ АУДАНЫ