Театр және кино актері Дәурен Серғазин: Кино режиссері болып, бағымды сынасам деймін

Мам 14, 2026

Дәурен Серғазин. Ол – қазақ көрерменінің көзайымына айналған, өнері сан қырлы, талантты актер. «Алдар көсе», «Жаужүрек мың бала» және «Қазбат» фильмдеріндегі шынайы әрі есте қаларлық бейнелері арқылы көпшілікке кеңінен танылды. Сонымен қатар, «Ән аға» сериалында Шәмші Қалдаяқовтың тұлғасын, ал «Қара шаңырақта» Мәди рөлін сомдап, көрермен көңілінде өшпес әсер қалдырған кейіпкерлерімен ерекшеленді. Бір бойына актерлік шеберлік пен шығармашылық ізденісті тоғыстыра білген өнер иесі бүгінде кино мен театр сахнасында қатар еңбек етіп қана қоймай, астаналық «Жастар театрында» режиссерлік қырын да танытып келеді. Жуырда біз өнер иесін әңгімеге тартып, оның шығармашылық жолы мен бүгінгі ізденістері жайлы кеңінен сұхбаттастық.

– Дәурен Серікбекұлы, санаулы күндер бұрын өзіңіздің жетекшілігіңізбен әрі қатысуыңызбен «Алдар көсе» атты фильм жарық көрді. Жалпы, фильмнің сюжеті қандай? Әңгімені осы сауалдан бастасақ…

– Қазақ ауыз әдебиетінің танымал аңыз тұлғалардың бірі – Алдар көсе образы алғаш рет қазақ кино өнерінде көрініс тапқанына 60 жылдай уақыт өтті. Бұл бейнені экранға шығарғандардың бірі қазақ киносының негізін қалаушы, Баянауыл өңірінің тумасы Шәкен Айманов болатын. Бұл хикая уақыт өте келе сериал нұсқасында да жалғасын тауып отыр.

Дегенмен, бүгінгі жастардың басым бөлігі шетелдік кино кейіпкерлеріне көбірек назар аударып, оларды үлгі тұтуы жиі байқалады. Ал өзіміздің бай фольклорлық және эпостық мұраларымыздағы батырлар мен аңыз тұлғалар біртіндеп назардан тыс қалып барады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Алдар көсе бейнесін жаңаша нұсқада қайта жаңғырту қолға алынды.

Жаңа туынды бұрынғы телехикаялардан мазмұндық әрі көркемдік тұрғысынан қарағанда өзгеше. Бұл жоба – өнердегі бауырым, әріптесім Әділ Ахметов екеуіміздің алғашқы продюсерлік қадамымыз. Фильмнің сценарийі мен сюжеттік желісі бір жылға жуық уақыт бойы жан-жақты талқыланып, түрлі шығармашылық ізденіс нәтижесінде қалыптасты. Кейін фильмнің режиссерімен бірлесе отырып, сценарийді жетілдіру жұмыстары жүргізілді.

Жалпы, дайындық пен түсірілім процесі шамамен бір жарым жылға созылды. Осы уақыт аралығында шығармашылық топ тарихи-аңыздық жанрдың ерекшелігін сақтай отырып, кейіпкер табиғатын жаңа қырынан ашуға күш салды. Фильмде Алдар көсе образы тереңдетіліп, оның ішкі әлемі мен мінез иірімдері бұрынғыға қарағанда күрделірек сипатта бейнеленді. Туынды тарихи-аңыздық бағыттағы көркем фильм ретінде ұсынылып отыр. Ендігі баға – көрерменнің еншісінде.

– Театр және кино актерісіз, театр режиссерісіз, әншілік, композиторлық өнеріңіз де бар екен. Тағы қандай қырыңыздан көрінгіңіз келеді?

– Негізгі мамандығым – театр және кино актері. Дегенмен, өзімді толыққанды режиссермін деп айта алмаймын. Айтқым да келмейтін шығар. Соған қарамастан, театр сахнасында ара-тұра қойылымдар қоямын. Бұл мен үшін актерлік өнерден бөлек, ішкі жан дүниемде актерлікке сыймайтын ой-толғамдарымды сыртқа шығаратын мүмкіндік. Әлемге деген көзқарасым мен азаматтық ұстанымымды да осы режиссура арқылы білдіруге тырысамын. Кейде бойымдағы сол олқылықты ән шығару арқылы толтырамын. Өзімнің жасап жүрген дүниелерім өзіме ұнайды. Одан ерекше ләззат аламын. Шығармашылыққа қуатымды жұмсап, ойымды әр арнаға бұрып отырамын.

Менің болмысымның бар қыры театр өнерімен тығыз байланысты. Себебі, театр – жан-жақты синтезделген өнер түрі. Мұнда актерлік шеберлікпен қатар ән айту, би билеу, дене қимылын меңгеру, қиялды ұштау, тіпті кейде қара жұмысқа дейін араласуға тура келеді. Түрлі музыкалық аспапты меңгеру қажеттілігі де кездеседі. Алдағы уақытта кино режиссурасында бағымды сынап көру ойымда бар. Алайда бұл – болашақтың еншісіндегі мәселе. Ол үшін арнайы білім, уақыт және мол тәжірибе қажет екені түсінікті. Сондай-ақ жазушылыққа да қызығушылығым бар, ойымда жинақталған дүниелер аз емес. Дегенмен, қазіргі қолымда бар мүмкіндіктерге шүкіршілік етемін. Жасап жүрген шығармашылық жолым өзіме қуаныш сыйлайды.

– Актер ретінде ұстанымдарыңыз бар ма? Рөлдерім осындай болуы керек, ол былай істеуі шарт деген сияқты…

– Белгілі бір қағидаларым жоқ. Әрине, әр мамандықтың өзіне тән ұстанымы болатыны анық. Менің кәсіби көзқарасымның қалыптасуына ата-анамның берген тәрбиесі, мектеп қабырғасындағы ұстаздарымның тәлімі, сондай-ақ академиядағы білімімнің бәрі өзара ұштасып әсер етті. Кез келген жобаға, кез келген қойылымға рөліммен 100 пайыз берілуге тырысамын. Рөлдің үлкен-кішілігіне, жобаның қаржылық мүмкіндігіне қарап бөле-жармаймын. Өйткені маған баға беретін – көрермен. Ал халық алдына қалай болса солай шығуға болмайды. Алдымен, атқаратын ісім өзіме ұнауы тиіс. Ұнамаған дүниеге кіріспеймін.

Мен үшін өнер бумеранг іспетті. Оған қаншалықты шынайы берілсең, соншалықты ләззат пен қошемет қайтады. Сондықтан әрдайым шынайылықпен, бар ынтаммен жұмыс істеуге тырысамын. Мен үнемі шынайылық пен логиканы іздеймін. Себебі, логикасы жоқ оқиға жасандылыққа ұрынады. Сол шынайылықты өз бойымнан да талап етемін. Өйткені, көрерменді сендірудің басты кілті – шынайылық. Кейде «қазақ актерлері өз рөлін ойнай алмайды, шетел актерлеріне жетпейді» деген секілді пікірлер көңілге ауыр тиеді. Сондықтан барымды салып еңбектенемін және осы талапты әріптестерімнен де күтемін.

– Өмірде қандай адамсыз?

– Өмірде қатты ашық-жарқын адам емеспін, тұйықтаумын. Көп сөйлемеймін, елмен тез араласып кетпеймін. Театр көп энергияны қажет еткендіктен, актер өмірде күш-қуатын жан-жаққа шаша бермейді, жинақталып жүреді. Мысалы, Гамлет сияқты рөлдер болса, бір ай іштей дайындалып, қуатыңды жинап жүресің. Өйткені, мұндай рөлдерді сомдауға үлкен күш керек. Сондықтан күнделікті өмірде тұйықтаумын, ал өз ортамда көңілді жүремін, қалжыңдағанды жақсы көремін.

– Бүгінгі көрерменнің дең-гейін қалай бағалайсыз? Жалпы, өнер көрерменге бейімделуі тиіс пе, әлде керісінше, көрермен өнерге бейімделуі керек пе?

– Меніңше, қазіргі жағдайда біз көрерменді толықтай өнерге тартып үлгердік деп айта алмаймын. Бұл тұрғыда, мысалы, Ресей тәжірибесі бізден әлдеқайда алда. Ол жақтағы қарапайым көрерменнің де театрды қабылдау мәдениеті қалыптасқан, сахналық өнерге деген көзқарасы бөлек деңгейде. Ал бізде жағдай өзгеше. Арамызда өмірі театр көрмеген көрермен де бар. Сондықтан «өнер көрерменді тәрбиелеуі керек» деген ой орынды болғанымен, оған бірден жету мүмкін емес. Ол үшін үздіксіз еңбек пен жүйелі жұмыс қажет.

Менің ойымша, театр осы екі арадағы алтын ортаны сақтауы тиіс. Яғни ол барлық көрерменге бірдей қызмет ете алуы керек. Себебі, әр көрермен – біздің аудиториямыз, біздің тұтынушымыз. Демек, өнер мен көрермен — бір-бірінен ажырамайтын, қатар жүретін құбылыс.

Көрерменді бірден биік өнер деңгейіне көтеру мүмкін емес. Сондықтан оларды кезең-кезеңімен дайындау қажет. Ол үшін кейде көрерменнің деңгейіне түсіп, сол арқылы сахна мәдениетімен бірге жоғарыға жетелеу маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, актер мен режиссер өнер мен халықтың арасындағы дәнекер, көпір іспетті болуы керек деп есептеймін.

– Бүгінгі көрерменге не ұнайды деп ойлайсыз? Себебі, уақыт өткен сайын олардың талғамы өзгеріп тұратыны анық.

– Иә, қазіргі көрерменнің талғамы өзгеріп кетті. Ғаламтордың арқасында әлемдік кино мен театрды еркін көріп жүрген соң, олардың көзқарасы да басқаша қалыптасады. Біз, актерлер, осы өзге-ріске бейімделіп отыруымыз қажет. Себебі, сенің сахнада ойнаған спектаклің немесе түсірген фильмің бүгінгі заман талабына сай болуы тиіс. Сонда ғана қазіргі көрерменнің қызығушылығын тудыра аласың. Әрине, барлық елдің көңілінен шығу мүмкін емес. Дегенмен, талғамы жоғары, өнерді түсіне білетін көрерменнің жүрегіне әсер ете алсаң, онда өнердің мақсаты орындалғаны.

– Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет. Жаңа жобаларыңызға шығармашылық табыс тілейміз!

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.