Соңғы жылдары ұлттық нақыштағы киімдер тек мерекелік сәннің белгісі болып қоймай, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Кезінде тек Наурыз мейрамы секілді ұлық мерекелерде немесе мұражай экспозицияларында ғана көзге түсетін ұлттық киім үлгілері бүгінде қалалық өмірдің үрдісіне бейімделіп, заманауи стильмен үйлесім тауып отыр. Бұл құбылыс — ұлттың өз тамырына қайта үңіліп, төл мәдениетіне деген қызығушылығының арта түскенінің айқын көрінісі.
Осы бағытта еңбек етіп, ұлттық сәнге жаңа тыныс беріп жүрген жандардың бірі – павлодарлық дизайнер Айзат Бәйтенова. Оның бастамасымен осыдан 3 жыл бұрын ашылған «Hanym» этно-ательесі бүгінде дәстүр мен заманауилықты шебер ұштастыра білген шығармашылық алаңға айналды. Мұнда тігілетін әрбір бұйым белгілі бір ой мен мағынаны, ұлттық болмыстың нәзік иірімдерін жеткізетін көркем туынды ретінде дүниеге келеді.
Жобаның бастауында бүкіл әлемді әбігерге салған пандемия кезеңінің ауыртпалығы жатыр. Сол бір сындарлы уақытта Айзат тығырыққа тіреліп қалмай, жаңа мүмкіндіктерді іздеп, мата бетперделерін (маска) тігу ісін қолға алды. Алғашында күнкөріс қамымен басталған бұл іс біртіндеп кәсіби бағытқа ұласып, оның бала күнгі армандарын қайта тірілтті. Бір кездері әжесінің сандық түбінде сақталған түрлі түсті матадан қуыршақтарына көйлек тіккен кішкентай қыздың қиялы уақыт өте келе шынайы өмірмен астасып, ұлттық сәнді жаңғыртқан брендке айналды.
Айзат Бәйтенованың басты ұстанымы – ұлттық киімді тек өткеннің мұрасы ретінде сақтап қою емес, оны қазіргі заманның сұранысына сай қайта түлету. Оның айтуынша, бұрын ұлттық киім көбіне салтанатты жиындармен, ауыр әрі қолайсыз маталармен байланыстырылатын. Одан бөлек, әдемілігімен көз тартқанымен, ондай киімдерді күнделікті өмірде кию қиын болатын. Сондықтан дизайнер ұлттық нақыштағы киімдер жеңіл, ыңғайлы әрі әр адамға қолжетімді болуы керек деп есептейді.
Осы мақсатта ательеде тігілетін барлық бұйымда тәжірибе мен эстетика қатар үйлесім табады. Жеңіл әрі табиғи маталар, денеге жайлы пішім, қозғалысқа кедергі келтірмейтін еркіндік – мұның барлығы заманауи тұтынушының талабына сай келеді. Әсіресе балалар киіміне ерекше мән берілуі бекер емес. Ұжымның ұстанымы бойынша, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілік пен құрмет бала бойына ерте кезеңнен бастап сіңірілуі тиіс.
Өткен жылы Наурыз мейрамы қарсаңында этноательенің сәбилерге арналған жаңа топтамасы көпшілік назарына ұсынылды. Жұмсақ муслин матасынан тігілген, қолмен кестеленген әрі нәзік өрнектермен безендірілген киімдер дәстүр мен заманауи жайлылықтың үйлесімін айқын көрсетті. Мұндай бұйымдар әсемдігімен ғана емес, сәбидің денсаулығы мен қозғалыс еркіндігін ескеруімен де құнды.
Дизайнер әрбір туындысы арқылы қазақ әйелінің өмір жолын, оның ішкі жан дүниесін, рухани болмысын бейнелеуге ұмтылады. Жастық шақтың нәзіктігі мен арманшылдығы, келіндік кезеңнің салтанаты мен жауапкершілігі, аналық мейірім мен парасат –
осының барлығы киімдегі ою-өрнек, түс пен пішім арқылы көрініс табады. Бұл ретте басты назар сыртқы сән-салтанатқа емес, әрбір өрнектің астарындағы мағына мен белгіге аударылады.
– Соңғы уақытта ұлттық нақыштағы мектеп киімдеріне деген сұраныстың артуы да осы бағыттың дамып келе жатқанын аңғартады. Мұндай киімдердің ерекшелігі – олардың әмбебаптығында: бір ғана үлгіні күнделікті сабаққа да, мерекелік шараға да лайықтап киюге болады. Бұл өз кезегінде ұлттық стильдің өміршеңдігін арттыра түседі. Жалпы, этнокиімге деген қызығушылықтың артуы қоғамдағы рухани жаңғырудың бір белгісі деуге болады. Бүгінде адамдар ұлттық киімді тек жалға алып киюмен шектелмей, оны өз гардеробының тұрақты бөлігіне айналдыруға ұмтылуда. Тіпті бір әулеттің бірнеше буынына арнап бір үлгіде киім тіктіру үрдісі қалыптасып, ұлттық бірегейлікті дәріптеудің жаңа үлгісіне айналып отыр. Заманауи сән әлемінде дәстүрдің жаңа қырынан көрінуі де ерекше назар аудартады. Соның бір дәлелі – ұлттық өрнектермен кестеленген джинсы киімдердің танымал болуы. Қол еңбегімен жасалатын мұндай бұйымдар бірнеше апта уақытты қажет етсе де, олардың әрқайсысы қайталанбас туынды ретінде жоғары бағаланады, – дейді А.Бәйтенова.
Алдағы уақытта «Hanym» этноательесі өз аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Айзат Бәйтенованың «Бір ауыл – бір өнім» гранттық байқауында жеңіске жетуі – соның айқын дәлелі. Бұл жетістік оған қой жүнін өңдеуге арналған заманауи жабдық сатып алуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жақын болашақта киізден жасалған түрлі аксессуар – сөмкелер, әшекейлер, тұрмыстық бұйымдар мен ойыншықтар жарық көрмек.
Өңірде мал шаруашылығы жақсы дамығанымен, жүнді өңдеу саласының кенже қалып отырғаны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Айзаттың бастамасы тек жеке кәсіптің дамуы емес, тұтас аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып саналады.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттер кейіпкердің мұрағатынан алынды.
