Павлодар ауданы Луганск ауылындағы бастауыш және орта мектеп ғимараттарында алғаш рет ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаға облыстық бюджеттен 374 миллион теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары биылғы жылдың 24 наурызында басталып, жоспарланған жұмыстардың шамамен 50 пайызы орындалды.
Жобаны «Отдел Жилстроя» ЖШС жүзеге асыруда. Күрделі жөндеу бастауыш және орта мектеп ғимараттарын толық қамтып отыр. Қазіргі таңда бастауыш мектептегі жұмыстар аяқталуға жақын болса, орта мектепте ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Мектеп директорының айтуынша, Луганск орта мектебі 1964 жылы салынған. Алпыс жылдан астам уақыт ішінде білім ордасында алғаш рет күрделі жөндеу қолға алынып отыр. Мектеп ғимаратының тозуы мен заманауи талаптарға сай келмеуі жөнінде ата-аналар мен ұстаздар қауымы тарапынан талай мәрте мәселе көтерілген болатын.
– Бұл жөндеуді көптен күттік. Бастауыш мектептегі негізгі жұмыстар аяқталды деуге болады. Ғимарат бірден жаңарып, жарық әрі жайлы болып қалды. Жаңарған мектеп балалар мен ұстаздарға ерекше көңіл-күй сыйлап отыр, – дейді мектеп директоры Қайрат Садыров.
Бүгінде орта мектеп ғимаратында электр желілері толық ауыстырылған. Сондай-ақ «Армстронг» аспалы төбелері орнатылып, дәліздерде, фойеде және асханада едендерге кафель төселуде. Оқу кабинеттеріне жаңа линолеум жабындысы төселмек.
Т.САХАБА.
ПАВЛОДАР АУДАНЫ
