Жігерімен жарқылдаған металлургтер қаласы!

Шіл 23, 2026
Photo Valeriy BUGAYEV

Ақсу қаласының мәдениет және демалыс саябағында қала күні мен Металлургтер күніне арналған кең көлемді мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік бағдарлама аясында балаларға арналған ойын-сауықтық бағдарламалар, шығармашылық шеберлік сағаттары, қолөнер көрмелері, тақырыптық  фотокөрме ұйымдастырылды.

Жұмыс сапары

Атаулы күні аймақ басшысы Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақсу қаласына барды. Облыс әкімі қаладағы белсенді азаматтармен кездесіп, оларды мерекелерімен құттықтады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет: «Еліміздің басты байлығы – адам. Ал мемлекеттің тірегі – адал еңбек», — деп атап өткен болатын. Бұл қағида Ақсу қаласының тарихы мен дамуын айқын сипаттайды. 65 жыл ішінде қала шағын жұмысшы кентінен Қазақстанның ірі индустриялық әрі стратегиялық маңызы бар нысанына айналды. Бұл жетістіктердің барлығына ақсулықтардың қажырлы еңбегінің арқасында жеттік, – деді ол.

Бұған қоса, аймақ басшысы көп жылғы адал еңбектері үшін сала қызметкерлерін «Облыс алдындағы сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттады. Сондай-ақ Ақсу қаласының бірқатар тұрғыныдарын әлеуметтік, өнеркәсіптік және қоғам өміріне белсене араласып жүргендері үшін Құрмет грамоталары  мен алғыс хаттарын табыстады.

Аталған жұмыс сапарында Асайын Қуандықұлы қалада салынып жатқан бассейннің құрылыс жұмыстарымен танысты. Жаңа бассейннің іргетасы қаланып, қабырғалары орнатылған. Кезек бассейн тостағанын монтаждау жұмыстарын жүргізуге келді.

Жұмыс сапары барысында магистральдік жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді.  Жоба бойынша диаметрі 720 мм болатын пенополиуретанмен оқшау-ланған заманауи құбырларды пайдалана отырып, ұзындғы 1,5 км жаңа жерасты жылу магистралін салу көзделген. Қазіргі таңда ескі құбырлардың 400 метрі алынып, құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.

Бұған қоса облыс әкімі құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан қалалық саябаққа да ат басын бұрды. Бүгінде жұмыстың 40 пайыздан астамы аяқталған.

Мереке

Қос мерекені атап өту барысында ел өнеркәсібіне елеулі үлес қосып жүрген Ақсу ферроқорытпа зауытының үздік металлургтері марапатталды. Оларды зауыт директоры Мұсабек Мақашев құттықтады.

— Құрметті жерлестер, қала тұрғындары, қонақтар және әріптестер сіздерді Ақсу қаласының 65 жылдық мерейтойымен және біздің кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге мықты денсаулық, әрбір үйге амандық, береке, бақыт, молшылық тілеймін. Ал ұжымға, ең бастысы, қауіпсіз еңбек, қажымас қайрат және жоғары жетістіктерге жете беріңіздер дегім келеді. Қаламыз бен зауытымыз әрқашан өркендей берсін, — деді ол.

Ел дамуына сіңірген еңбектері үшін сала мамандары «Еңбек даңқы», «ERG Еңбек даңқы», «Қазхром» трансұлттық компаниясының еңбек сіңірген қызметкері» төсбеліглерімен марапатталды. Солардың бірі — Еңбек даңқы медалімен марапатталған №2 балқыту цехының қож тазалаушысы  Александр Максименко.

– Металлургия – нағыз ер азаматтың еңбегі. Бұл салада мінез, төзім және жауапкершілік болуы керек. Егер адам осы кәсіпті таңдаса, соңына дейін адал еңбек еткені дұрыс. Ал кездейсоқ келгендер бұл жерде ұзақ тұрақтай алмайды. Жастарға айтарым – ең алдымен еңбекке шыдамды болу керек. Ол үшін жастайынан, мектеп кезінен спортпен айналысып, шыныққан жөн. Өйткені, зауыттағы жұмыс – ең алдымен еңбек. Мұнда жай ғана келіп, кабинетке отыра салмайсың, үздіксіз еңбек ету қажет. Осы салада жұбайым екеуіміз өмір бойы бір кәсіпорында еңбек етіп келеміз. Ол энергетика цехында сорғы қондырғыларының машинисі болып жұмыс істейді. Ал өзім №19 кәсіптік-техникалық училищені тәмамдағанмын. Алғашқы мамандығым кран машинисі болды. Біраз уақыт биіктікте жұмыс істеген соң, жердегі қызметке ауысуды жөн көрдім. Барша әріптестерімді, қала тұрғындарын Металлургтер күнімен және қала күнімен шын жүректен құттықтаймын, — деді ол.

Ал Ақсу ферроқорытпа зауыты теміржол цехының тепловоз машинисі Вадим Пястоловтың сөзінше, зауытта ауызбіршіліктің рөлі зор, дейді.

– Ақсу ферроқорытпа зауытында 2001 жылдан бері еңбек етіп келемін. Ал теміржол саласындағы еңбек жолымды 1986 жылы пойыз құрастырушы ретінде бастадым. Әріптестеріміз әрдайым бір-біріне қолдау көрсетіп, қиын сәтте көмектесуге дайын. Теміржолшылардың еңбегі оңай емес. Зауыт аумағындағы 70 шақырымнан астам теміржол желісіне қызмет көрсетіп, металл мен басқа да жүктерді үздіксіз тасымалдаймыз. Сондықтан біздің жұмыс өндірістің бірқалыпты жүруінде маңызды рөл атқарады, — деді ол.

Мерекелік бағдарламаның балаларға арналған бөлімі қалалық саябақта ұйымдастырылды. Мұнда бүлдіршіндер үлкен кәсіп иелерінің жұмыс құралдары бейнеленген үлкен баннерге стикерлер жабыстырды. Ондағы мақсат жастардың сала бойынша білімдерін кішкентайдан қалыптастыру. Іс-шараны ұйымдастыруға Ақсу ферроқорытпа зауыты қолдау көрсеткен. Бағдарлама қаланың 65 жылдық мерейтойына арналса да, Металлургтер күнімен сабақтастырылып, өндіріс тақырыбы ерекше көрініс тапты.

Саябақта түрлі жастағы балаларға арналған бірнеше интерактивті алаң жұмыс істеді. Қатысушылар шеберлік сағаттарына қатысып, брендтік шопперлер мен төсбелгілерді безендірді. Сондай-ақ алғаш рет өндіріс тақырыбындағы суреттер салынған қорғаныш каскаларын бояу, металлургия символикасы бейнеленген үлкен баннерді түрлі түсті жапсырмалармен безендіру сияқты шығармашылық алаңдар ұйымдастырылды. Бұл арқылы балаларға қаладағы ірі өндіріс орнының қызметі ойын әрі танымдық форматта таныстырылды.

Бағдарламада балалар мен ата-аналарға арналған лазертаг, ғылыми шоу, караоке, аниматорлардың ойын-сауық бағдарламасы, сабын көпіршіктері шоуы және конфетти шоуы өтті. Барлық іс-шаралардың сцена-рийіне металлургия тақырыбы енгізіліп, тәжірибелер мен ойындар өндіріс саласымен байланыстырылды.

Мерекенің көркін Астанадан арнайы келген ходулистер толықтырды. Биік аяқтағы әртістер түрлі кейіпкерлердің образында саябақ ішінде жүріп, балалармен бірге суретке түсіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы интерактивті алаңдар балалардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, қаладағы өндіріс кәсіпорындарының еңбегін жас ұрпаққа жақындатуды мақсат етеді.

Бұған қоса, Ақсу қаласының 65 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмеде белгілі фотограф, журналист әрі өлкетанушы Николай Васильевич Рындиннің көпшілікке бұрын кеңінен ұсыныла бермеген фотомұралары қойылды. Экспозицияға қаланың қалыптасу тарихын, өндіріс орындарының салынуын, алғашқы әлеуметтік нысандар мен өңірдің тыныс-тіршілігін бейнелейтін сирек кадрлар енгізілген. Николай Васильевич Рындиннің әкесі тың игеру жылдары осы өңірге қоныс аударған. Өзі әскерден кейін газетте жұмыс істеді. Кейін отбасын асырау үшін зауытқа ауысып, соңғы жылдары құтқару қызметінде еңбек етті. Бірақ оның өмірінің басты ісі фотография болды, деп еске алды фотограф Жұмағали Сейтенов.

— Қала мерейтойына арналған көрмеде табиғат көріністерінен гөрі Ақсудың тарихын көрсететін суреттерді таңдадым. Себебі, бұл фотолар қаланың қалай қалыптасқанын айқын көрсетеді. Өкінішке қарай, Николай Васильевич өзі армандаған көрмені аша алмай кетті. Өмірден өтер алдында көп жылғы еңбегін жинаған фотомұрағатын маған қалдырып, көрмеге лайық суреттерді іріктеуді өтінген еді. Алайда көп ұзамай жүрек талмасымен ауруханаға түсіп, дүниеден озды. Ол 50 жылдан астам уақыт бойы фотоөнермен айналысып, артында мол мұра қалдырды, — дейді ол.

Мерекелік шарада сахнаны биімен әрлеген Астаналық бишілер де көрерменге көтерңкі көңіл-күй сыйлады. Солардың бірі — колумбиялық Александр Кайседо.

— Ақсу қаласындағы үшінші күнім. Бұл жер туралы көп білмеймін. Бірақ осы аз уақыттың ішінде көптеген жақсы жандармен танысып үлгердім. Қазақстан мемлекетінде жүргеніме 7 ай уақыт болды. Қазір Астана қаласында тұрамын.  Қазақ халқының мәдениеті ерекше ұнайды. Адамдары өте ашық әрі мейірімді. Менің мамандығым – биші. Осы салада жүргеніме он жыл болды. Түркияда би сайыстарында жүргенде  менің стилім мен билегенім жоғары бағаланып, Қазақстанға шақырту алдым, — дейді биші.

Сондай-ақ, сахна төрінде Ақсу ферро-қоыртпа зауыты металлургтерінің балалары өнер көрсетті. Осылайша олар өз ата-аналарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Бұдан өзге қаланың гүлденуін көзімен көрген тұрғындармен де тілдестік. Ақсу қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы, білім саласының ардагері Ізбасар Усинов бұл жерден кеткісі келмейтінін жеткізді.

– Павлодар қаласында дүниеге келдім. Кейін әкемнің қызметіне байланысты Ертіс жағасына қоныс аудардық. Балалық шағым осы жерде өтті. Қала менің көз алдымда адам танымастай өзгерді. Бұрын бұл шағын ғана ауыл болатын. Көшелердің бәрі батпақ еді. Ал бүгінгі Ақсу – көрікті, жинақы, көркем қала. Бұл қаланың ең үлкен байлығы – осында тұратын еңбекқор, кең пейілді адамдар. Металлургтер, энергетиктер, мұғалімдер, дәрігерлер және қарапайым еңбек адамдары – Ақсудың мақтанышы. Менің бұл жерден басқа жаққа көшкім келген емес, келешекте де ондай ойым жоқ. Балаларымыз да осы қалаға бауыр басып өсті. Сондықтан Ақсу – біздің мақта-нышымыз, қуанышымыз, бақытымыз, — дейді ол.

Қала басшылығының айтуынша, бұл – Ақсу қаласының 65 жылдығына арналған негізгі әрі ең ауқымды мерекелік шаралардың бірі. Дегенмен мерейтойлық іс-шаралар мұнымен аяқталмайды. Қаланың ресми туған күні – 23 қазанға дейін әртүрлі концерттер, білім беру ұйымдарындағы кездесулер және өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтарды ұлықтауға арналған бірқатар мәдени-көпшілік шаралар өткізу жоспарланған.

Ақсу қаласы.

Сара ӘБДОЛ.