Қазақ өнері – Италия төрінде

Шіл 30, 2026

«Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызметі орталығының «Шаңырақ сазы» халықтық фольклорлық ансамблі Италия Республикасының Сардиния аралындағы Ассемини қаласында өткен «Is Pariglias – 2026» халықаралық фольклор фестиваліне қатысып, қазақ халқының бай музыкалық мұрасын халықаралық көрерменге таныстырды.

Биыл елуінші рет ұйымдастырылған «Is Pariglias» фестивалі Сардиниядағы көне әрі халықаралық деңгейде мойындалған фольклорлық мәдени шаралардың бірі болып саналады. Мерейтойлық фестивальге Қазақстанмен қатар Перу, Польша, Сербия, Боливия, Никарагуа және Италияның Сардиния өңірінен келген шығармашылық ұжымдар қатысты. Италияның өңірлік ақпарат құралдары фестивальдің әлем халықтарының мәдениетін тоғыстырған маңызды халықаралық мәдени алаң екенін атап өтті. Сонымен қатар, қазақстандық өнерпаздардың мерейтойлық фестивальдің ресми қатысушылары қатарында болғаны жарияланды.

Фестиваль аясында «Шаңырақ сазы» халықтық фольклорлық ансамблі ұлттық музыкалық мұраны дәріптейтін концерттік бағдарламасын ұсынып, көрермен назарына қазақ халқының халықтық репертуарындағы шығармалармен қатар жаңа музыкалық композицияларды орындады. Ансамбль өнері шетелдік көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, ұлттық мәдениетіміздің өзіндік ерекшелігін айшықтай түсті. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Ризолла Садықов.

Фестиваль аясында өткен ресми қабылдаулар мен халықаралық мәдени кездесулерге облыстық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызметі орталығының басшысы Замира Солтанова қатысып, мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында бірқатар ресми кездесулер өткізді.

Халықаралық мәдени форум Қазақстанның дәстүрлі өнерін әлемдік деңгейде насихаттауға, мәдени байланыстарды кеңейтуге және шығармашылық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді. Осындай беделді фестивальге қатысу Павлодар өңірінің мәдени әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға қосылған маңызды үлес болды.

 

Замира СОЛТАНОВА, «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызметі орталығының басшысы:

– Халықаралық фестивальге қатысу – тек өнер көрсету емес, бұл қазақ халқының бай мәдени мұрасын әлемге таныстырудың, халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайтудың маңызды алаңы. «Шаңырақ сазы» ансамблінің өнері шетелдік көрерменнің зор ықыласына бөленгеніне қуаныштымыз. Алдағы уақытта да ұлттық өнерімізді халықаралық деңгейде насихаттау бағытындағы жұмыстарымызды жалғастыра
береміз.

Айдана БОРАНБАЕВА.