Көп кешікпей жаңа оқу жылы да басталмақ. Осы орайда облыс әкімі Асайын Байханов Шарбақты ауданындағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан білім беру мекемелерін аралады.
Аймақ басшысы Шарбақты ауданының Хмельницкий ауылындағы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделіп жатқан мектептегі жұмыстармен танысты. Бүгінгі таңда білім беру мекемесіндегі жөндеу жұмыстарының 85 пайызы аяқталған. Көптен бері жөндеу көрмеген нысанның едені ауыстырылып, қабырғалары мен төбелері тегістелген. Сондай-ақ, жылу жүйесі толық жаңартылған. Аймақ басшысы білім ордасын оқу жылына дейін дайындауды тапсырды. Сонымен қатар, Асайын Байханов аталмыш жоба бойынша салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешен құрылысының барысын байқады. Өткен жылдың көктемінде қабырғасы қаланған жаңа спорт кешенінің құрылысы биыл қазан айында аяқталады деп жоспарлануда. Әзірге жұмыстар белгіленген мерзіміне сәйкес жүргізілуде. «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Жаңа-Ауыл елді мекенінде де мектеп пен мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көшелер абаттандырылуда.
— Ауылға кіреберіс жолға және жалпы ұзындығы 4,7 км құрайтын бес көшеге асфальт төселді. Мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл бағыттағы жұмыстар
95 пайыз орындалды. Толықтай 25 тамызға дейін аяқтау керек. Ауылдық мәдениет үйінде де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алайда, бұл жерде мердігер кестеден айтарлықтай артта қалуда. Жоспардың 65 пайызы ғана орындалған. Аудан басшылығына кестеден артта қалу қаупі бар нысандарды бақылауға алуды және мердігерлермен проблемалық мәселелерді пысықтауды тапсырдым, — деді А.Байханов. Іссапар барысында облыс әкімі ауданның шаруа қожа-лықтарының басшыларымен кездесіп, егін жинау науқанына дайындық жұмыстарымен де танысты. Кездесу барысында шаруалар өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, шешу жолдарын талқылады.
— Биыл ауданның егіс алқабы 187 мың гектардан асады. Оның басым бөлігін дәнді және бұршақты дақылдар алып жатыр. Құрғақшылыққа қарамастан, шаруалар жақсы өнім аламыз деп жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы өндірушілерінде қажетті техника саны жеткілікті. Олар жыл сайын жаңартылып отырады. Өткен жылы 25 техника мен жабдық сатып алса, биыл 45 техникамен толықты. Шаруа қожалықтарының басшылары мемлекеттен барлық қажетті көмекті алып, егін жинау науқанына сақадай сай екендерін жеткізді, — деді аймақ басшысы. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға ауданда қолға алынған жұмыстардың сапалы әрі уақы-тылы орындалуын қамтамасыз ете отырып, осы жобаларды қатаң бақылауда ұстауды жүктеді.
Өз тілшіміз.