Білікті маман – өндіріс тірегі

Қыр 3, 2026

Облыс орталығындағы «Компания Нефтехим LTD» ЖШС 20 жылға жуық уақыт аралығында мұнай-химия өнімдерін шығарып, ішкі нарықты сапалы тауармен қамтамасыз етіп отыр. Жергілікті шикізатты шетелдерге де экспорттайды. Осылайша, өндірісті өркендетіп келеді. Кәсіпорынның кең қанат жаюына зауытта тынбай еңбек етіп жүрген азаматтардың үлесі зор.

Сондай қызметкерлердің бірі – Талғат Мәтенов. Бұрынғы Қашыр, қазіргі Тереңкөл ауданының тумасы Песчан ауылындағы мектепті тәмамдаған соң жергілікті кәсіптік-техникалық учили-щеде механизатор мамандығын меңгеріп, осы туып-өскен елді мекенде бірнеше жыл еңбек етті. 2000 жылы Павлодар қаласына қоныс аударып, «Октябрь» зауытында жұмыс істеді. Білімін жетілдіру үшін алдымен химия-механикалық колледжде, кейін Инновациялық Еуразия университетінде оқыды. Жоғары оқу орнында білім алып жүрген тұста енді ғана іске қосылған «Компания Нефтехим LTD» ЖШС білікті қызметкерлер қажет екенін біледі. Сөйтіп, 2009 жылы аталмыш өндіріс орнындағы еңбек жолын бастайды.

Талғат Темірболатұлы алдымен факелдік шаруашылықтың тауарлық операторы болып қызметке орналасады. Сол тұста зиянды қалдықтардың шықпауын қатаң қадағалау ісін атқарады. Ал 2011 жылдан күні бүгінге дейін технологиялық қондырғылардың операторы ретінде еңбек етуде. Яғни, газға катализатор қосылып, оның белгілі бір уақытта белгіленген температура мен қысымнан өтіп, одан дайын өнім – полипропилен шыққанға дейінгі процесті бақы-лайды. Ал бұл өнім маркасына қарай азық-түлік өндірісінен бастап қаптар, биг-бендер өндірісіне дейін қолданылады.

— Осыдан 15 жыл бұрын полипропилен өндірісіне келген уақытта реагенттерді қолмен түсіріп, қажет мөлшерін өзіміз қосатын едік. Соңғы жылдары жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мұның барлығы автоматтандырылды. Қазіргі уақытта тиісті процесстердің дұрыс әрі уақытылы атқарылуын монитор арқылы қадағалап отырамыз. Кез келген өндіріс саласының қызметкері сияқты режимнің үздіксіз жүруіне, дітте-
ген көрсеткіштің орындалуына, қондырғылардың іркілмей жұмыс істеуіне алаңдайсың. Себебі, дайын өнім алу – зор жауапкершілік. Ішкі және сыртқы нарыққа сапалы тауар шығару әр ауысымдағы әр қызметкердің жұмысына байланысты, — дейді Т.Мәтенов.

Осы орайда Талғат Темірболатұлы кәсіпорында қызмет-керлердің жұмыс істеуіне жайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті. Бүгінде білікті маман атанған ол тәжірибеден өтуге келген студенттерге бағыт-бағдар беріп, бар білгенімен бөліседі. Әріптестерінің ортасында сыйлы, басшылық тарапынан құрметке ие. Компанияда атқарған ұзақ жылғы қызметі үшін бірнеше марапатқа да ие болды. Өмірлік серігі Айсұлумен бірге Бақыт есімді қызды тәрбиелеп отыр.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.