Көмір өнеркәсібі – ел экономикасының іргелі саласы. Мұнда еңбек етіп жүрген әрбір жанның үлесі еселі. Себебі, кеніштегі жауапкершілікті жұмысқа төзіп, табандылық таныту үшін бойда қайсарлық қажет. Осындай еңбекті 34 жыл абыроймен атқарып жүрген азаматтардың бірі –
Қайрат Әубәкіров.
Екібастұздағы «Шығыс» кенішіне жігіт жасында келген ол бүгінде кәсіпорынның белді қызметкеріне айналды. Тәжірибелі маман ретінде кейінгі буынға жөн сілтеп, білгенімен бөлісіп келеді. Қайрат Сембайұлы бүгінде кеніштегі теміржол орталығының бөлімшесі – жылжымалы құрамның «Фестивальная» депосында нұсқаушы-машинист болып еңбек етеді. Яғни, мұндағы локомотивтік бригадалардың күнделікті жұмысына тікелей жауапты.
– Біздің басты міндет – локомотивтердің апатсыз, үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету. Таңертең келе сала жұмыс киімімізді киіп, медициналық тексерістен өтеміз. Басшымыздан жұмыс тапсырмасын аламыз. Алдыңғы ауысымда қызмет еткен нұсқаушы-машинистен ақпараттарды қабылдаймын. Яғни, жұмыс ауқымы, қай локомотивтің қандай жұмыс атқарғанын, ақаулары бар-жоғын білемін. Жұмыс тапсырмалары кітапшасын толтырып, машинистерге локомотивтерді, осы ауысымда атқаратын жұмыстарын бөліп беремін. Іске кіріспес бұрын қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқау беремін, – дейді ауысым сайынғы атқаратын жұмысын тізбектеген Қайсар Әубәкіров.
Осылайша, ол желідегі локомотивтік бригадалардың жұмысына бақылау жасап, апатсыз жұмыс істеуін қадағалайды. Локомотивтерді жөндеуге кіргізу, одан шыққан соң қабылдап алу шараларының да басы-қасында болады. Жөндеуден шыққан тепловоздарды сынап, жағдайын бағамдайды.
Машинистерді жұмыс алаңына жөнелткеннен кейін кабинетіндегі жұмыстарды реттеуге кіріседі. Барлық құжаттарды реттеп, қабылдап, қол қоятынына қол қойып, келесі міндетіне аттанады. Нақтысы, кеніш аумағындағы теміржол торабына бет алады. Мұнда локомотивтік бригадалармен нұсқаушылық сапарға шығады. Бұл дегеніңіз, локомотивті басқарудың қыр-сырын үйретеді. Маневр жасау кезіндегі ескерілетін тұстарды түсіндіреді. Машинистердің тепловозды жүргізуде кем-кетігін көргенше, қателіктерін түзету бағытында жұмыс істейді. Айта кетерлігі, Қайрат Сембайұлы еңбек ететін аумақта теміржол рельстерімен тепловоздар вагондарға көмір тиелген соң оны ары-бері жылжыту жұмыстары жүргізіледі. Көмір тиелген вагондарды маневрлік қозғалысқа келтіреді. Сондай-ақ, станцияда таразылау пунктіне жеткізеді. Вагондарды жинап, пойызды жасақтайды. Одан бөлек, локомотивтермен шаруашылық жұмыстарға да атсалысады. Қажетті кран, вагондарды тасиды.
Бұл салаға екібастұздық азамат жол-жөнекей кірген жоқ. Саналы түрде дәл осы саланың мамандығын оқып, еңбекке араласқан.
– 1989 жылы Екібастұздағы тау-кен техникумын тәмамдадым. Мұнда теміржол көлігінің жылжымалы құрамы бөлімшесінде білім алдым. Өнеркәсіптік теміржол көлігін жөндеу бойынша техник-механик мамандығын алып шықтым. Екі жыл әскери борышымды өтеп келген соң 1992 жылы «Шығыс» кенішіне тартушы агрегат машинисінің көмекшісі ретінде жұмысқа орналастым. Үш жылдан соң жеке машинист қызметіне ауыстым. Осылайша, еңбек жолым жалғаса берді, – дейді Қайрат Сембайұлы.
Ал 2010 жылы локомотивтік бригадалардың нұсқаушы машинисі қызметі сеніп тапсырылады. Яғни, лауазымы өсіп, жауапкершілігі арта түседі. Алғашында өзі басқаратын көлікті тізгіндеп, тиісті жұмысты атқару қажет болса, енді тұтас бригаданың жұмысын қадағалады. Жүктелген міндетін мінсіз атқара алды. Нәтижесінде 2019 жылы жылжымалы құрам депосының басшысы болып тағайындалады. Мұнда елу шақты азаматтың қауіпсіз еңбек етуіне жауапты болды. Алайда, 2022 жылы отбасылық жағдайына байланысты ауысымдық жұмысқа ауысуға тура келеді. Сөйтіп, нұсқаушы машинист қызметіне оралады. Содан бері осы қызметте нәтижелі еңбек етуде.
– Әрине, жұмыс оңай емес. Бірақ, тұрақтап, табанды түрде 34 жыл еңбек етіп келемін. Бұл салада тұрақтау үшін бойыңда еңбекқорлық, жауапкершілік, ниет болу керек. Күрделі жағдайларға төзімділік те керек. Тәртіпсіз тағы болмайды. Теміржолда, әсіресе, мұқияттылық қажет. Себебі, жұмысымыз қауіпті. Сондықтан, қызметкерлерден әр істі тыңғылықты жасау талап етіледі. Ауысыммен жұмыс істеген соң түнгі жұмысқа да төзімділік керек. Денсаулыққа баса назар аударуды ұмытпаған жөн, – дейді Қайрат Сембайұлы.
Алғаш еңбекке араласқан кезінде жол көрсетіп, бар білген-түйгенімен бөліскен тәлімгерін де атап өтті. Қазіргі таңда кеніште механик болып еңбек ететін Сергей Михайлович Шабанов Қайрат ағаның шыңдалуына, маман ретінде қалыптасуының бастауында болған. Үйреткені, айтқан әрбір кеңесі құлағында әлі күнге дейін жаңғырып тұрады. Бүгінде өзі де өзгелерге тәлімгер. Қызметі де дәл осы үйретуге бағытталған. Нұсқаушы машинист ретінде ізінен ерген буынға алып техниканы жүргізудің қыр-сырын үйретеді.
Айтпақшы, Қайрат Әубәкіровтің ұлдары да әке жолын жалғастырып, көмір өнеркәсібі саласында еңбек етуді таңдаған. Тұңғышы Ислам Екібастұздағы политехникалық колледжді бітіріп, «Богатырь» кенішінде экскаватор машинисінің көмекшісі болып еңбек етуде. Екінші ұлы Талғат биыл 9-сыныпты тәмамдап, ағасы сияқты аталған колледжде білім алуға бел буған. Ал даңқты маман Қайрат Сембайұлы жұмыстың ауыртпалығын білсе де, ұлдарының таңдауына қарсы келмеген. Керісінше, қолдау білдіріп, өздері қалаған мамандық бойынша еңбек етуін құп көреді. Ол кеніште жұмыс істеуді мақсат етіп, сол мамандықты меңгерген жас жерде қалмайтынын біледі. Оқу орнынан түлеген соң жастар жұмыс іздеп қиналмайтынына сенімді. Әрі тұрақты табыс та әр азаматтың өмір сүруіне аса қажет деп санайды. Үшінші ұлы Алан 3-сыныпта оқиды. Оның да болашақта әкесі, ағалары сияқты даңқты жолды таңдар-таңдамасын уақыт көрсетер. Дегенмен, қайсар мінезді ортадан қайратты ұл болып қалыптасары анық. Қайрат Сембайұлының жұбайы Әсемгүл балабақшада тәрбиеші болып еңбек етеді.
Осындай еңбекқор азаматтың кеніштің дамуына қосқан қомақты үлесі елеусіз қалған жоқ. Қайрат Әубәкіров «Шахтер даңқы» белгісінің 3 дәрежесімен де марапатталған. Сонымен қатар, кеніштің 30 жылдық мерейтойына орай 2015 жылы корпорация атынан құнды сыйлық — автокөлік табысталған. Даңқты маманның жұмысына жауапкершілікпен қарайтын әрбір қызметкерін бағалайтын кеніш басшылығына алғысы шексіз.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
