Баспана алуды мақсат еткен тұрғындардың дені қаржысын «Отбасы банкте» жинауды құп көреді. Аталмыш қаржы институты салымшыларына банктен бөлек, мемлекет тарапынан қомақты жылдық сыйақы есептеледі. Алайда алдағы уақытта мұның барлығы сап тыйылуы әбден мүмкін. Себебі, мемлекеттік сыйақы аударылатын азаматтардың тізімі қайта қаралуда.
Тұрғын үй алуға тиімді
Қазіргі таңда банк жүйесі нарығында жылына 18-20 пайызға дейінгі мөлшер-лемемен депозит ұсынатын институттар баршылық. Дегенмен, тұрғын үй сатып алуды нақты мақсаты ретінде белгілеген көпшілік жиған-тергенін сол жоғары пайыздық депозиттерде емес, «Отбасы банк» жүйесінде сақтауды жөн санайды. Себебі, банк ай сайын есептейтін
2 пайыздық сыйақыға қоса мемлекет 20 пайыз көлемінде тағы қосымша ақы есептеп береді. Демек, бір жылда салымшының шотындағы қаражатқа
22 пайыз қосылады. Әрине, бұл екінші деңгейлі банктермен салыстырғанда әлдеқайда тиімді. Айталық, өткен жылы «Отбасы банк» салымшыларына 124,4 млрд теңге мемлекеттік сыйақы есептеді. Осынша қомақты сома банкте қаржы жинап жүрген 2,53 миллионнан астам қазақстандыққа берілді. Олардың ішінде 388 799 азаматтың жеке баспанасы жоқ және олар тұрғын үй кезегінде тұр. 2025 жыл үшін бір салымшы ала алатын ең жоғары мемлекеттік сыйақы көлемі 157 280 теңге болды. Мұндай ең жоғары төлемді 591 мыңнан астам клиент алған. Ал биыл айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өсуіне байланысты мемлекеттік сыйақының көлемі де көбейді. Енді осы жылдың ішінде 200 АЕК, яғни 865 мың теңге жинаған салымшыға ең жоғары мөлшердегі 173 мың теңге мемлекеттік сыйақы есептеледі.
Сонымен қатар, «Отбасы банкте» шотты неғұрлым ертерек ашып, тұрақты түрде ақша салып, баспана алуға тірнектеп қаржы жинаса, жеңілдетілген мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі соғұрлым жоғары. Салыстыр-малы түрде алып қарасақ, екінші деңгейлі банктер ипотекалық несиені 20 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемемен берсе, «Отбасы банк» арқылы 2-8 пайызға дейінгі мөлшерлемемен алуға мүмкіндік бар. Бұл да – салымшыларға қолайлы тетіктердің бірі.
Не өзгереді?
Мұның барлығы қарапайым халық үшін жақсы, әрине. Алайда мемлекет дәл осындай мүмкіндіктерді беру арқылы айтарлықтай шығынға ұшырап отырған көрінеді. Сондықтан салымшылардың шотына мемлекеттік сыйақы есептеу жүйесі қайта қаралып жатыр. «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, банк мемлекеттік қолдауды тұрғын үйге шынымен мұқтаж азаматтарға бағыттап, жүйенің тиімділігін арттыруды көздейді. Соның аясында қолға алынуы мүмкін бастамалардың бірі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінен мерзімінен бұрын шығатын салымшыларға қатысты болмақ. Қазіргі талап бойынша, «Отбасы банкте» кемінде үш жыл қаржы жинаған адам кейін шотын жауып, ақшасын кері алуды қаласа, мемлекет үш жыл ішінде берген 20 пайыздық сыйақы қоса есептелетін. Енді бұлай болмауы мүмкін. Алайда егер салымшы жүйеден мерзімінен бұрын шықса, мемлекеттік сыйақы бюджетке қайтарылады.
— Бұл ретте бірнеше зерттеу жұмысы жүргізілді. Егер тұрғын нарықта 18 пайыздық депозиттер бола тұра біздің жүйеге саналы түрде келіп, 2 пайыздық банктік мөлшерлемемен қаражат жинаса, демек оның нақты мақсаты – тұрғын үй жағдайын жақсарту. Егер ол жүйеден шығуды қаласа, мемлекеттік сыйақы бюджетке қайтарылады. Бұған дейін кей адамдар мұны жақсы табыс көзіне айналдырғаны байқалды, — дейді Л.Ибрагимова.
Осындай шаралар арқылы мемлекеттік сыйақыға жұмсалатын шығын көлемі 30-35 пайызға азаюы ықтимал. Мемле-кеттік қаржыны үнемдеудің тағы бір жолы жеңілдетілген ипотекаларға қатысты болмақ. Атап айтқанда, егер салымшы «Ұмай», «Жасыл ипотека» немесе басқа да жеңілдетілген бағдарламалар арқылы 2-5 пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй заемын алса, одан кейін оның кепілдік депозитіне мемлекеттік сыйақы есептелмеуі мүмкін. Қазіргі таңда салымшы үй алған кезде оның кепілдікке қойылған депозитіне де бір жыл ішінде 20 пайыздық мемлекеттік сыйақы беріледі. Бірақ, банк өкілдерінің пайымынша, бұл тетік қисынға келмей отыр. Себебі, азамат тұрғын үйге қол жеткізу үшін мемлекеттен жеңілдетілген несие алды. Демек, оның тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған мемлекеттік қолдау өз міндетін орындады. Сондықтан баспана алғандардың депозитіне қосымша ынталандыру қаражатын берудің қажеті де жоқ. Осылайша, жеңілдетілген заем алған азаматтарға мемлекеттік сыйақы төлеуді тоқтату бюджет жыл сайын шамамен 20 млрд теңге үнемдемек.
«Отбасы банк» басшылығының мәлімдеуінше, бұл өзгерістер қабыл-данған жағдайда олар жаңа ашылатын депозиттік келісімдерге ғана қатысты болады. Қазіргі салымшылардың алаң-дауына еш негіз жоқ.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
