Аңыз өріп, абыз өнген қасиетті Баянауыл жерінде мәңгілік мұрамыздың мәшһүрі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдық тойы жоғары деңгейде аталып өтті. Шараға Мемлекет басшысы арнайы қамқорлық көрсетіп, құттықтау жолдады. Президенттің құттықтау хатын Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов оқып берді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құттықтау хатында «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы халқымыздың ауыз әдебиетін, шежірелі тарихын және салт-дәстүрін жан-жақты зерделеп, ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Халықты өнер-білімге шақырған толғаулар, дастандар мен қиссалар жазып, төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтті» деп Алашқа айнымас рухани бағдар көрсетіп келе жатқан талассыз темірқазықтың бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мұрасына жоғары баға берді.
Үлкен ғылыми конференция ұйымдастырылып, белгілі ғалымдар сөйледі. Ғұламаның 10 томдық таңдамалы шығармаларының тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты. Дүбірлі дода аламан айтыс өтті. Осылайша, Мәшекең тойы алты алаштың басын қосқан айтулы оқиғаға айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалық мақаласында да Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керегін ескертіп, кемел кісілік пен игі адамдық қасиеттерді қоғамдық құндылыққа айналдыру хақында айтқан болатын. Сонау ілкі ғасырлардан бастау алған «кемал адам» ілімі мен «толық адам» ұстынынан тамыр тартып, ұлттың болмысын қалыптастыратын осы ұлттық қасиеттердің асыл арқауын жалғаған бірегей абыздарымыздың бірі Мәшекең деп санаймыз. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы – алты алаштың абызы, ақын, шежіреші, қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, энциклопедист-ғалым, ағартушы ұстаз, ұлт азаттығы үшін күрескен қайраткер, бір сөзбен айтқанда тамырлы қазақ руханиятын жаңғыртып түлетуші ке-меңгер тұлға. Ол – қазақтың қазыналы тарихы, әдебиеті мен мәдениетінің, тілі мен ділінің, асыл дінінің шырақшысы, қай заманның ұрпағы көз нұрын салса да, алыстаған сайын жарқырай беретін сан қырлы гауһар. Сол себептен де алаш жазушысы Жүсіпбек Аймауытов Мәшекең туралы «Сіз – қазақтың қазақ заманында дүниеге келіп қалған гауһарсыз. Сіздің құлашыңыз ұзын, қиялыңыз терең, арманыңыз алыстағы өткен өмірде» деп, ғұламаға көзі тірісінде баға береді. Ұлы Абаймен пікірлес болып, өлеңдерін насихаттап, туған халқын өнер мен білімге шақырған, діни-ағартушылық сарында жырлар жазып, шәкірттерге жәдидшілдік жолында білім берген Мәшһүр Жүсіптің рухани дидар келбеті – шын мәнінде Абайдың «толық адам» тұжырымдамасының көрі-нісі іспетті, мәуе түйген жемісі. Шығармаларында дінді пайда-күнемдікке айналдырған жемқор молдаларды уытты тілімен қатал сынағанымен, Мәшһүр Жүсіп өнернамасының діңгегі ислам дінінің құндылықтары, алтын өзегі Жүсіп Баласағұн, Сүлеймен Бақырғани, Рабғұзи, Қожа Ахмет Ясауи, Әлішер Науаи, Маржани секілді ізгілік ілімін адамзатқа үлгі еткен дарабоз даналар екені анық. Ақын Бұхара, Ташкент, Түркістан сапарында киелі әулие-әнбилер күмбезіне зиярат етеді, Қожа Ахмет Ясауи дүрбесіне арнайы тағзым жасайды. Тақуалық сырлы жолды ұстаған кемеңгер ақынның туған халқының тілін, ділін, ата салтын, баба тарихын, өмір-тіршілігін шексіз сүюі, елін өнер-білімге, бостандыққа, адалдық пен еңбекқұмарлыққа, ынтымақ пен мейірбандылыққа үндеуі – тәуелсіз отанымызға әрдайым күш-қуат беретін парасат кәусары. Мәшһүр Жүсіп шығармалары заманымызға негізінен қолжазба күйінде жеткенімен, оның атақ-даңқы өзі туған елінен асып, кезінде бауырлас елдердегі ағайындар арасына да белгілі болады. Замана, қоғам, саясат туралы дабылды мәселелерді қозғаған бағалы шығармалары «Дала уалаяты» газетінде, «Айқап» журналында, түркі халықтары арасына кеңінен танылған «Тәр-жіман» газетінде, Тәшкентте шығатын түрлі баспасөз беттерінде жарияланады. Сол тұстағы түркі әлемінің белгілі ғалымдарымен пікір таластырып, білім жарыстырған Мәшекеңнің тұжырымдарын әйгілі Исмайыл Гаспралының өзі құрмет тұтып, жариялап отырғанын білеміз. Мәселен, сан қырлы тақырыпқа қалам тербеген Мәшекең «Тәржіман» газетінде шыққан бір жазбасында тіл тазалығына айырықша тоқталған. Сырттан, араб-парсы тілдерінен енген сөздердің арысы түркі, берісі қазақ тілінің заңдылығына сай болуын қолдаған. Мақалада Мәшекең арабтың «муамле» сөзі «мәміле» болып кіріп, тіліміздің фонетикалық заңдылығына сәйкестеніп, тілге сіңіп кеткені белгілі. Кірме сөздерді қабылдаудың осындай методикасын алаш арыстары да дұрыс деп есептейді. Кемеңгер ақынның өлеңдері, қисса-дастандары, тәмсілдері, айтыстары, сан алуан шығармалары ең алдымен заманның, қоғамның бет-бейнесі, астарлы ағысын бүкпесіз ашып, өткір шенейтін сыншылдығымен, ақиқатшылды-ғымен, көзқарасының ашықты-ғымен, рухани нәр беретін ізгілік ілімі, шығыс мәдениетімен терең астасқан өрнегімен оқырманға ой салып, санасын серпілтетін мәңгілік құндылыққа, құдыретке ие. Ол – қазақ хандығының түпкі бастауын, арғы кезеңдерін, бауырлас халықтармен байланысын, көне түркілік ежелгі тамырын халқымыздың рухани өміріментығыз сабақтастыруымен шежірелі тарихымызды жаңғыртып, ел жадын тербеп оятқан зерделі де зерек туындыгер. Қазақ хандығының бастау арнасын кезеңдеуді алғаш жүзеге асырған да Мәшекең деуге болады. Оның пайымдауында қазақтың алғашқы ханы әйгілі Оғыз хан, Оғыз хан дәуірінен кейін Беженек, Қыпшақ, Қаңлы, Қондыгер, Құбан, Ноғайлы, Алтын Орда кезеңдері әңгіме арқауы болады. Қондыгер-Ғұсмания тарихының біздің жұртпен байланысы да нысанға айналады. Оғыз хан, Алаша хан, Шыңғыс хан, Жошы хан, Майқы би, Кетбұға, Сайын хан, Әмір Темір, Тоқтамыс, Ер Едіге, Әз Жәнібек, Қасым хан, Ақназар хан, Есім хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кенесары хан, Абайділда сұлтан секілді көптеген шоқтықты ірі қайраткерлерге ғұламаның қаламы сәуле түсіреді, аруағын аунатады. Ғұсмания хандары Ер Тұғырыл, Осман, Фатих сұлтан, Орта Азия билеушілері Шайбан хан, Ғұбайдұлда, Қоқан хандары Шаһрух, Нарбота, Шерәлі, Мәделі, Қалмақ билеушілері Аюке, Қалдан Шерін, Әмірсаналар тауарихы тәптіштеледі. Осылайша, Мәшекең шығармалары арқылы қазақтың ежелгі хандық дәуірінің көрнекі қайраткерлерінің тұлғасы жүйелі сомдалып, шаң басқан, жел қаққан көшпелі жұртымыздың көне тарихы күмбірлейді. Сондықтан Мәшекең мұралары болмаса, арғысы Алаша хан дәуірінен бастау алатын Алтын ордаға дейінгі, бергісі Абылай кезеңінен Алашқа дейінгі кемі 6 ғасырлық алып тарихымыздың сипаты олқы, дерегі кем болар еді. Оның бай мұрасы географиялық кеңістігімізді тұтас қамтып жатыр. Мәшһүр жаз-баларында Арқаның аңызы да, Қаратаудың хикаялары да, Алтай әңгімелері де, ежелгі Құлзым, бүгінгі Каспий аймағының жырлары мен шежірелері де тұтас қамтылған. Сондықтан оның мұрасы қазақ тарихы мен ұлт руханиятының тұтас келбеті сынды. Сонымен қатар, Мәшекең бір тақырыптағы бірнеше нұсқаны қатар береді. Бұл салыстыра талдау үшін құнды болып қана қой-май, Мәшһүр атамыздың жетілген ғылыми методикасын да айғақтаса керек. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ ренесансы» атанған алаш дәуірінің бастау бұлағында тұрғаны белгілі. Алаштың сол кездегі аты озған азаматтарының дені оны өзіне ұстаз тұтқанын білеміз. Заман тудырған тағдырлы сұрақтарға Мәшһүр тағылымды жауап тауып отырған. Ел құру, ғылым қалыптастыру, низам түзеу істерінде де оның пайымды пікірлер мен парасатты тұжырымдар айтқанын жазбаларынан аңғарамыз. Мәңгілік өмір сүруге ынтық Гильгамеш (Білге кісі), ажалдан қашқан Қорқыт, тіршілік суын тапқан Қызыр, мәңгі ел мұратын ұсынған Тоныкөк, Өтүкенді жер-жаһанның ортасы деп білген Білге қаған, қайырымды қоғамды аңсаған әл-Фараби, ізгілік іздеген Жүсіп Баласағұн, Желмаясымен Жерұйыққа жетпек болған Асан қайғы, әділетті сүйген Абай – күміс қоңыраулы керуендей ғасырларды көктей өткен халқымыздың асыл арман-аңсарының бір көрінісі. Мәшһүр мұралары да күңіренген заманның, кейісі көп кезеңнің көп суретін көз алдымызға әкелетін көркем шежіре. Қазақтың алтын заманын күткен асық аңсар. Бүгінде мемлекетіміздің қолда-уымен Мәшһүртану ғылымы жаңа белеске көтерілді деуге негіз бар. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Мәшһүртану орталығы ашылды, бұл салаға филология ғылымдарының докторы, профессор марқұм Қуандық Мәшһүр Жүсіп бастаған мамандар ықтиятты қызмет атқарып, іргелі ізденістер жасағаны белгілі. 2001 жылы Павлодар қаласында қасиетті Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіт ашылды, ақынның музейі, мавзолейі жаңа заман талабына сай жаңғыртылып, алыс-жақыннан зиярат етушілерге рухани тәлім беретін орталыққа айналды. Алаштың айнымас темірқазығына айналған, тарихымызды түгендеген, болашақты болжаған Мәшһүр бабамыз аңсаған асыл мұрат, аңсарлы мақсат, алғаусыз ақиқат баршамыздың ортақ құндылығымыз, адастырмас бағдарымыз екені анық.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
Ақпарат және қоғамдық даму министрі.
Суретті түсірген — Валерий Бугаев.