1 қыркүйектен 30 желтоқсанға дейін ҚР азаматтарын мерзімді әскери борышын өтеуге шақыртудың күзгі кезеңі жүргізіледі. Ағым-дағы жылы өңірімізден борышын өтеуге 734 азамат тартылған.
Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 50 адамға артық. Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Қуат Жақановтың сөзінше, әскерилердің біршама бөлігін ата-аналардың өздері қалаған облыстарға жіберу мүмкіндігі бар.
— Қазіргі таңда мерзімді әскери борышын өтеуші 734 азаматтың 105-і шекара қызметіне, 355-і Қарулы күштер қатарына, 240-ы Ұлттық ұлан сапына,
25-і Төтенше жағдайлар қызметіне және 9-ы мемлекеттік күзет қызметіне жіберу қарастырылуда. Олардың көбі Шығыс Қазақстан өңіріне бағытталады. Бұдан бөлек, соңғы жылдары ата-аналардың өтініші бойынша азаматтардың мерзімді әскери міндетін жергілікті жерде өтеуіне мүмкіндіктер пайда болған, — дейді ол.
Сонымен қатар, Отан алдындағы борышын өтеген сарбаздар үшін 2022 жылдан бергі әңгімелесу арқылы жоғары білім алуға грант ұтып алу мүмкіндігі де жалғасын тауып келеді.
Сара ӘБДОЛ.
