Құбылаға бет бұру

Қыр 3, 2026

Биылғы жазғы демалысымда көптен бері армандап жүрген қасиетті мекенге барудың сәті түсті. Атап айтқанда, Сауд Арабиясының үш қаласы – Жидда, Мекке және Медине шаһарларында болып, ислам әлеміндегі тарихи һәм қасиетті орындарына барып зиярат жасау бұйырды.

Өз басым әр барған жерімнен сол елдің сыртқы мәдениетін, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын, тұрмыс-тіршілігін және басқа да ерекшеліктерін ойға тоқып, зерделеп қайтуға тырысамын. Өйткені мұндай көп күттірген рухани сапарлар адамның жан дүниесін байытып, көңіл көкжиегін кеңейте түседі. Бұл әлбетте өзіңе ғана емес, өзгеге де  пайдалы болуы тиіс. Сапардың ең үлкен олжасы — осы.

Жалпы, Сауд Арабиясы ислам діні алғаш қанат жайған, Алланың Елшісі – Пайғамбар өмірге келген және қасиетті Құран түскен ел болғандықтан бұл елге барған соң, ең алдымен оның діни ерекшеліктеріне назар аударуға тырыстық. Сонымен қатар, сол халықтың  мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігіндегі кейбір ерекшеліктер мен қызықты жайттарға да қанық болдық.

Алматыдан түнгі уақытта ұшқан ұшағымыз таң ата Жидда қаласына келіп қонды. Әуежайға табан тіреген сәттен-ақ жергілікті халықтың қонақжайлығы мен қызмет көрсету мәдениеті байқалды. Әуежай қызметкерлері жолаушыларды ерекше ілтипатпен қарсы алып, қажетті бағыт-бағдар көрсетіп, арнайы қонақ бөлмеге жайғастырды. Мені ерекше таңғалдырған жайттың бірі – әуежайлардың өзінде жолаушыларға арналған мешіттердің болуы. Біз де сондағы ғибадат үйіне кіріп, таң намазын оқыдық. Бұл – күнделікті тіршіліктің өзінде діннің айрықша орын алатынын аңғартатын көрініс болды. Одан кейінгі бағытымыз Мекке қаласы болды. Бұл – жер бетінің құбыласы болған қасиетті Қағба орналасқан шаһар екенін баршаңыз білесіздер. Сонымен қатар, Сафа және Маруа төбелері де осында. Бұл — Ибраһим Пайғамбарымыздың тұсында Зәмзәм суы жер астынан пайда болған таулы аймақ. Одан бөлек, Мұхаммед Пайғамбардың дүниеге келіп, балалық шағы өткен және Алладан уахи келіп, пайғамбарлық  жүктелген мекен. Алла Елшісінің өмірбаянында көп айтылатын Сәуір және Нұр таулары бұл қаладан алыс емес. Нұр тауының Хира үңгірінде уахи естіліп, Құранның алғашқы бес аяты түскен. Міне, Сира кітабынан оқитын осы тарихи жер атауларын өз көзімізбен көрдік, тауларына бөктерлеп шықтық.

Дүниенің төрт бұрышынан жиналған мұсылмандар қасиетті Қағбаны айналып,  Сафа және Маруа арасында алма-кезек жүріп, дұға жасайды. Мекке қаласында бес күн болған соң Мединеге жол тарттық. Бұл екі ортаға автобус көлігі бес-алты сағат жүреді. Бұл — Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хижрет етіп барып, пайғамбарлық міндетінің соңғы дәуірін өткізген қала. Медине қаласының да мұсылман қауымы үшін дәрежесі жоғары. Себебі, мұнда Қағбадан кейінгі қасиетті саналатын Пайғамбар мешіті бар. Бұл кезінде өзі тұрған үйдің орнына салыныпты. Осы ғибадат үйінің бір жағында адамзат падишасының зираты бар. Оның жанында қос халифасы Әбубәкір мен Омардың да қабірі жатыр.

Сондай-ақ, Алланың Елшісі өзі іргетасын қалаған Құба мешіті де осында. Одан кейінгі тарихи орындардың бірі — қос құбылалы мешіт. Бұлай аталуын мына оқиғамен байланыстырады. Пайғамбарымыз алғаш Мединеге келген кезде намазды Әл-Ақса мешітіне қарап оқып жүреді. Сондай күннің бірінде намаз оқып тұрған сәтте Алла Елшісіне аян келіп, мұсылманның құбыласы Қағба екені белгілі болады. Сонда
бірден Қағбаға бет түзеген деседі.

Сауд Арабиясының қоғамдық өміріндегі есте қалғаны – қызмет көрсету саласындағы ерекшеліктер. Ол жақта дүкен, базар, асхана секілді орындардың басым бөлігінде ер адамдар қызмет көрсетіп жүреді. Ал әйел адамдарды тек әуежайдағы паспорттық бақылау, тексеру және жолаушыларды өткізу орындарынан ғана кездестірдік.

Елдің ауа райы да біз үшін ерекше болды. Күндізгі температура 40 градустан асып, түнде де 30 градустан төмен түсе қоймайды. Мұндай ыстық климат халықтың тұрмыс-тіршілігіне де әсер еткені байқалады. Күннің аптабы қайтып, кеш түсе тіршілік жандана түседі. Біздегі қалыпты жұмыс уақыты деген түсінік мұнда жоқ. Сауда орындары, тамақтану орындары, шағын дүкендер мен мешіттердің тәулік бойы жұмыс істеп тұрғанын көрдік. Түн ортасында да көшелерде адам қарасы үзілмейді.

Сауда мәдениеті де айрықша әсер қалдырды. Көлемі шағын ғана дүкеннің өзінде үш-төрт сатушының тұруы – қалыпты жағдай. Әрқайсысы өз тауарын таныстырып, сатып алушының көңілінен шығуға тырысады. Бір затқа қызығушылық таныта қалсаңыз, оның бір емес, бірнеше нұсқасын алдыңа жайып салады. Арзаны мен қымбатын, сапалысы мен қарапайымын салыстырып көрсетеді. Таңдау жасауға мүмкіндік мол.

Байқағаным, Сауд Арабиясында саудаласу мәдениеті де жақсы сақталған. Көп жағдайда бағаны сатушының өзі ұсынады. Бір заттың бағасын ұнатпай, дүкеннен шығып бара жатсаңыз, артыңыздан басқа баға айтады. Содан соң тағы да саудаласасыз. Осылайша екі тарап та өзара келісімге келеді. Мұның өзін халықтың тұрмысындағы дәстүрлі сауда мәдениетінің бір көрінісі деуге болады. Өйткені Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі сауда-саттықта адалдықты, әділдікті және көркем мінезді ұстануға үндеген. Ол жақта саудаласуды Пайғам-барымыздың сүннеті деп қарайды.

Сапар барысында тілдік ұқсас-тықтарға да назар аудардым. Жергілікті сатушылар түркі халқына ортақ болған және күнделікті қарым қатынасқа қажет сөздерді жаттап алыпты. Әсіресе сандарды таза айтады. Яғни, қазақ, түрік, өзбек, қырғыз, әзербайжан, түркімен және тағы басқа халықтармен жақсы тіл табыса алады.

Бұл сапардан түйгенім – Сауд Арабиясы заманауи даму мен ғасырлар бойы қалыптасқан діни-мәдени дәстүрлерді қатар алып келе жатқан ел. Қасиетті мекендерге тағзым етіп, елдің тыныс-тіршілігімен танысу мен үшін рухани жағынан да, танымдық тұрғыдан да тағылымды сапар болды.

Тілеуберді САХАБА .